"Байқоңыр" кешенінен басқарылатын ғарыш кемесінің ұшырылу сәтін кез келген адам тамашалай алады, − деп хабарлайды "Астана"телеарнасы. Ол үшін саяхатшы екі жүз мың теңге қаражат төлеуі керек екен.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей Байқоңырдағы ғарыш туризмін дамытуға рұқсат берген болатын. Туристік пакетте барлық жағдай қамтылған: Қызылордадан Байқоңырға дейінгі жол, жабық қалаға кіру, мейманханаларға орналасу мен үш мезгілдік тамақ. Сонымен қатар жолда Қорқыт-Ата кесенесіне зиярат етуге де болады. Оның құны туристердің санына байланысты. Бес адамға дейінгі саяхатшылар екі жүз мың теңге төлейді. Топтағы туристер саны одан көп болса, жолдама құны шамамен жүз мың теңге шамасында болады.
Туристік компанияның менеджері Дана Рафимованың айтуынша, тур бағдарламасына ұшу алдындағы бірнеше іс-шара кіреді. "Бағдарламаға Халықаралық конференция, Королев және Гагарин мемориалдық үйлерін аралау, қала ішіне автобуспен саяхат жасау және зымыранның ұшу сәтін көру кіреді. Ұшу кестесін біз Роскосмостан алып отырамыз және оны өзіміздің веб-сайтымызда орналастырып тұрамыз", − деді ол.
Дереккөз: tengrinews