Алла бұйыртып кезекті еңбек демалысына да жеттік. Жолдасым мен баламның асыға күткен демалыс күндерін қуанышпен қарсы алдық. Енді ше, қаланың қауырт тіршілігінен бір сәт те бас көтеріп жан-жағыңа қарау мүмкін емес. Қалалықтардың таңертең көзді аша сала баланы балабақшаға, өзіңді жұмысқа итермелейтін уақыт тәртібі бұзылмау керек. Бұзыла қалса айлықтан қағыласың, ақшаң жоқ жерде өмірдің рахатын көру мүмкін емес екені белгілі нәрсе.
Ал, жыл бұрын жоспарланған осы демалысымызды жақсы өткізбек туралы ойландық. Бірі шетелге барайық деді, екіншісі ауылға барайық деді. Ал менің ойым баламның есінде қалсын әрі өзіміздің танымымызды жан-жақты дамытайық деген ниетпен Қазақстанды аралау туралы болды. Қарап отырсақ, өзіміздің туған ел-жер жайлы білеріміз аз екен. Бұл білместігіміз азаматтығымызға сын ғой. «Көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» дегендей көре түскеніміз өзімізге де жақсы ғой. Сонымен таңдауымыз Алакөлге, онан соң Баянауылға түсті. Бұл мақалада сіздерге Баянауыл жайында айтпақпыз. Туған елдің тарихы туралы біле жүрсін деген ниетпен, кішкене болса да мәлімет болсын деген мақсатпен жариялауды жөн көрдім.
Хош делік. Көлігімізге асай-мүсейімізді артып Кереку өңіріне тартып кеттік. Астанадан Ерейментау, Екібастұз қалалары арқылы жолдың нашарлығына қарамастан жүріп келеміз. Ойымыз ой бір суға түсіп, қаланың қарбалас тіршілігін ұмыту. Ұмыту ғана емес мүлде ойдан сылып алып тастау. Психологтың айтуы бойынша бір сәт миға демалыс орнату керек.
Мінекей, Павлодар облысындағы табиғаты тамаша өңіріне аман-есен жеттік.
Алдыменен Ұлттық паркке кірмес бұрын Баянауыл ауылы сізді қарсы алады.
Жалпы Баянауыл өңірі – ғалымдардың, жазушылардың, ақындар мен қоғамдық қайраткерлерді тудырған. Олардың есімдері тек қана Павлодар облысына ғана әйгілі емес. Бұл жерде қазақ халқының тарихы мен фольклорын жинаушы, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев, атақты ақын Бұқар-Жырау, композитор және ақын Ж.М. Байжанов, тарихшы - ағартушы М.Ж. Көпеев, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, ақын және философ Жаяу Мұса дүниеге келген.
Қазақстан ғалымдарының ішінде геолог, Қазақстан Ғылымдар академиясының бірінші Президенті, КСРО Ленин және Мемлекет премиясының лауреаты Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың алатын орны ерекше.
Кеңес ғылымының дамуына академиктер Ш. Шөкин, Ә. Марғұлан, ғылым докторлары А. Бектұров, Е. Бекмаханов, С. Бейсембаевтар зор үлес қосты. Баянауыл жерінен шабыт алған ақындар мен жазушылар: Д. Әбілев, Қ. Бекқожин, З. Шашкин, Қ. Исабаев, кинорежиссер және актер – КСРО халық әртісі Ш. Айманов және т.б. үлкен даңққа ие болды.
Парк аумағында үш ірі тұщы сулы көл - Сабындыкөл, Жасыбай және Торайғыр көлдері орналасқан. Олардан басқа шағын көлдер көп, кейбіреуі құрғақшылық кезде тартылып қалады.
Солардың ішіндегі Сабындыкөлі жайында айтар болсақ, суы тұщы, сондықтан болар көбіктеніп жатады. Ауыл маңында орналасқан. Осы жердегі көлдердің ішіндегі ең ірісі. Сабындыкөл (тура аудармасы — «мыльное озеро») ерекше жұмсақ. Аңыз бойынша Баян сұлу кезінде әдемі ұзын шашын жуып отырғанда сабынын суға түсіріп алған деседі.
Баянауылдың мешіті де әсем. Біз барғанда балалар арасында азан шақырудан сайыс өтіп жатыр екен. Алланың үйі ығы-жығы кісіге толы болды.
Ауылдан шыға бере солға қарайғы бұрылар жол Баянауыл ұлттық паркіне бастайды. Паркке кіру құны бір адамға 500 теңге шамасында.
Жол өте қауіпті. Км-ді 20-30 ары кеткенде 40 ұстап қана жүре аласыз.
Сұлулық. Көзің сүрінеді. Алланың құдіреті сол осы жерге аямай көркемдікті үйіп-төгіп бере салған секілді. Біріне бірі жалғасқан таулар, көлдер, жартастар.... Жартас демекші әртүрлі аң бейнесі, адам бейнесі.... О, Алла Құдіретің шексіз... Тап бір үлкен жартастарды бір-біріне қиыстырып, бейнені келтірген адамның еңбегіндей. Олардың әрқайсысының өз аттары бар. Мысалға Кемпіртас, Найзатас, Саймантас, Аттың басы, Көгершін тағы да сол сияқтылар.
Жалпы қазақ даласы құпияға толы ғой. Алланың сүйікті құлдары әулие-әмбиелер жерленген киелі жерлер өте көп. Қазақстанның қай өңіріне болса да бара қалсаңыз емшілігімен ел арасына танылған, ағып жатқан өзенді теріс ағызған, Алладан құт дарыған адамдар болған. Олардың мазарларына түнеп, кейінгі ұрпақ қадір тұтады.
Қоңыр Әулие туралы да аңыздар көп. Солардың бірі ертеде жер бетін су алғанда Нұх пайғамбардың кемесіне белгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киелілігін дәріптеп, «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрайтын жері» деп өз көзқарасын білдірген. Жергілікті жұрт «тас үңгірге түнеген адамның тілегі орындалады» деседі.
Үңгір қыратты жерде орын тепкен. Шамамен мың метрге жуық биіктікте орналасқан.
Әпсана бойынша Қоңыр әулие Нұх (Ной) Пайғамбар заманынан бері аталып келеді. Жүгірген аң мен ұшқан құстың қорғаушысы атанып, оларға жанашыр пейіл танытқан атақты пайғамбар. Жер-дүниені шарпыған су тасқыны орын алған сәтте үш көріпкел Нұхтың кемесіне сыймай қалған көрінеді. Сонда үш көріпкел тәуекелге бел буып, бақанды кемеге байлап, ілгері қарай жылжи түседі. Алып кеме бүкіләлемдік ағыс бойымен солтүстіктен оңтүстікке қарай бет түзейді.
Әулиенің үлкені саналған Құланның бөренесі алғашқы болып тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл жағдай қазір жергілікті жұрт Әулие тау деп те атайтын Қызылтау маңында болған деседі. Ортаншы әулие Қыранның да Биік Ақбет тауына соғылған бөренесі сол жерде қалады. Кіші әулие Қоңыр су қайтып, таулар мен шоқылар ашыла бастаған шаққа дейін аман-сау жүреді. Ол мінген бөрене біз айтып отырған үңгірге дейін жетеді. Әулие сол жерді қоныс етіп, өз тіршілігін жүргізе бастайды. Осыған байланысты үңгір ертеден киелі мекеннің бірі саналған. Олай болғанның да өзіндік себебі бар. Үңгір түкпірінде қазан секілді дүние бар. Соған күн құрғамай су жиналады да тұрады екен. Жұрттың айтуынша, сол суда барлық аурудан сауықтыратын қасиеттер бар көрінеді. Әсіресе күмістің мөлшері көп деседі. Тіпті бала көтере алмайтын, бедеуліктен де арылған әйел заты аз емес. Осыған орай, үңгір маңынан адам аяғы үзілмейді. Өмірге бала алып келуге ниет жасаған әйелдердің арманы да толықтай орындалғанын жұрт жиі әңгімелейді. Мұнда басқа ұлттың өкілдері де келіп, тәу етіп, тілек-армандарын айтып жатқандарын байқадық. Ия, тағы бір айта кететін жайт шырақшының айтуынша жаз айларында сол судан ешкімге ішуге бере бермейді. Себебі біреулер беті-қолын жуады. Қыркүйек айының соңына қарай өз-өзінен тасиды. Міне, сол уақытта ішуге, алуға болады екен.
Міне, Қоңыр әулие үңгірі тау басына орналасқан. Оған баратын баспалдақтың биіктігі 110 метрді шамалайды. Онымен бойлай жүрсеңіз, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң алдыңыздан шығады. Үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метрді құрайды. Үңгір екі бөліктен тұрады. Кіре беріс мешіттің күмбезіне ұқсас болғандықтан «күмбез» деп аталады, онан кейін Әулиенің отырған жері деп саналады.
Бұл тас әйелдің жатқан бейнесі іспеттес. Бұл Қоңыр әулие үңгірінің дәл жанына орналасқан.
Жалғасы бар...
Автор: Ақерке Серікбайқызы, журналист
Сурет: Ақерке Серікбайқызы