Жиылмалы және үрлемелі желкенді қайықтағы жарыс бойынша әлем чемпионаты – желқайық спорты мен туризм саласында орын алатын жыл сайынғы сайыс түрі. Бұл жарыс яхташылар мен желқайықшылардың жел мен жеке тәжірибелеріне сүйеніп суда жүзу шеберлігін анықтайтын бірнеше кезеңді жарыс бөлімдерінен құралған. Спортшылардың кемелері ары-бері жылжытып орын ауыстыруға ыңғайлы желқайық, катамаран, тримаран сияқты қайық түрлерінен тұрады. Осы қайықтар өзінің шағын ғана көлеміне қарамастан, ұзақтығы алшақ және өте күрделі қашықтықты бағындыра алады.
Жарыстың басты маңыздылығы – Балқаш көлінің туризм және желқайық спорт түрі үшін аса қолайлы екендігін көрсету.
Сайыс маусым айының 15-22-сі аралығында Балқаш көлі Приозерск қаласындағы базалық лагерьде өтті. Жарысқа Қазақстан, Ресей және Украина мемлекеттерінен 38 команда қатысты. Олар 6 класс бойынша жарысқа түсті. Мәре сызығына 34 кеме экипажы жеткен.
Ұйымдастыру комитеттері: «Халықаралық жиылмалы және үрлемелі желкенді қайық ассоциациясы» және «Желқайық спорт туризм ферациясы» мен «Табиғат» экосоюздері.
Класс байынша жарыс жеңімпаздары:
А 10 классы
1 орын – «L&K» командасы, рөлде (рулевой) Кравченко Сергей, Черкасса қаласы, Украина;
А 13 классы
1 орын –«Iceberg» командасы, рөлде Овсянников Дмитрий, Санк-Петербург қаласы, Ресей;
А 16 классы
1 орын – «Ginger» командасы, рөлде Ан Дмитрий, Алматы қаласы, Қазақстан;
А 16+ классы
1 орын – «Картан» командасы, рөлде Блинов Олег, Новокузнецк қаласы, Ресей;
Б 13 Классы
1 орын – «Batman» командасы, рөлде Фролов Андрей, Алматы қаласы, Қазақстан;
Б 13+ класс
1 орын – «Хануман» командасы, Екатеринбург, Луганск, Донецк, Ресей–Украина. Рөлде Коротких Евгений;
Осыған орай шілденің 3-і күні Қазақстан баспасөз клубында «Балқаш-2014 жиылмалы және үрлемелі желкенді қайықтағы жарыс бойынша әлем чемпионатының қорытындысы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Конференцияны қорытындылауға «Табиғат» экосоюзының төрағасы Мэлс Елеусізов, рөл басшылары Ан Дмитрий мен Андрей Фролов қатысты.
Мэлс Елеусізов: «Өткен жылы осы жарысқа екі ел құрама және қосалқы командалары қатысқан болатын, ал осы жылы Украина елі келіп қосылды. Осылайша жарысымыз өз арнасынан шығып, әлем елдеріне жайлап қанатын жаятын болады. Халықаралық жарыстар арқылы жас үрлемелі желкенді қайық спортының елімізде танылып жатқанын, Балқаш көлінің жоғары дәрежелі жарыс түрлеріне әбден лайықты екенін көрсете аламыз. Чемпионат кезеңінде 10 құтқарушы, 2 құтқару кемесі, 2 құтқару қайығы кезекшілік етті. Құтқарушы-сүңгуірлер, Апат медицинасы орталығының жедел көмек бригадасының дәрігерлері қашықтықтан жүзіп өтуде қатысушылармен бірге еріп жүрді. Құтқарушылардың тыңғылықты іс-әрекеттерінен біраз келеңсіз жағдайлардың беті қайтты», – деп мәлімдеді.
Балқаш көлінің ауа райы жарысқа қатысушылар үшін барынша қолайлы болған екен.
Арнайы Massaget.kz үшін: Нұрбол Нұрмаханұлы
Сурет: Massaget.kz,wwportal.com