Бақытты сыйға алғыңыз келсе...

Бақытты сыйға алғыңыз келсе...

Адам деген асқақ атты иемденіп жүрген екі аяқ, жұмыр бастар бақытты болу үшін не істемейді және қайдан іздемейді десеңізші! Біреулер оны лотореядан іздесе, екіншісі төрт жапырақты жоңышқаға жүгінеді, үшіншісі жиһангез атанып саяхатқа аттанады. Әлемтану айдарының достары да - сол саяхатшылар. Сеніңізші, мына әлем расымен де небір қасиетті, небір сиқырлы мекендерге толы. Олардың арасындағы бақыт сыйлайтын мекендер туралы ел аузында небір әдемі аңыздар шертіліп келеді.

Барлей тасы (Blarney Stone). Ирландия

30х120 см келетін мына бір кесек Корк қамалының дуалы саналады. Аңыз бойынша, осы дуалды сүйген адам шешендік және сенгіш қасиетке ие болады екен. Бірақ, бұл кереметке қол жеткізу оңай шаруа емес. Дуал төмен орналасқандықтан, басыңызды төмен салбыратуыңыз керек.

Карлов көпірі. Чехия

Карлов көпірі - Праганың ең көрікті жерлерінің бірі әрі Влтава өзенінің бойында орналасқан атақты көпір. Праганы Көне қала және Кіші мемлекет деп аталатын екі ауданға бөледі. Бұл көпірдің құрылысы 1357 жылы IV Карл королінің билігі кезінде басталған. Барокко кезңінде бұл жерге 30 шақты мүсін орнатылған болатын. Janowi Nepomucenowi мүсінінің жаныда айқын көрініп тұратын тақтаға қол тигізу арқылы бақытқа жетуге болады.

«Il Porcellino». Италия

ХVІ ғасырда тұрғызылған флорентиялық базар туралы естуіңіз бар ма? Бұл жерде қадым замандарда маталар сатылып, саудагерлер бас қосатын болған. Сол кездерде (1612 жылы) осы жерге мәрмәрдан қабан мүсінін орнатады. Аңызға сенсек, сол қабанның мұрнын түрткен адам сыйлыққа бақыт алады.

"Күліп тұрған Будда". Қытай

Ханчжоу - Қытайдың ең көрікті қалаларының бірі. Осы қаладағы  Lingyin Si атты мүсінді алыстан іздеп келетіндер өте көп. Олардың барлығы да - күліп тұрған мүсін сәттілік пен береке алып келетіндігіне сенетіндер екен.

"Өгіздің өрнегі". Италия

Алты қақпалы ғимарат Италиядағы Милан қаласының орталығында орналасқан. Бұл - қаладағы көне сауда орталығы. Сарайдың тура ортасында өгіздің мозайкасы бар. Жұртшылықтың айтуынша, адам өзінің табанына өгіздің қуығын қоятын болса, басына сәттілік қонады.

"Жыламсыраған бағана". Түркия

Стамбул қаласындағы Әулие Софияның шіркеуі - біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығынан хабар беретін сәулет нысаны. Осы ғимараттың сансыз бағаналарының арасында өте ерекше тіреуіш бар. Осы бағанаға саусақтарыңызды қойып, 360 градус бұратын болсаңыз, саусақтарыңыз өзінен-өзі суланып шыға келеді де, тілектеріңіз орындалады екен.

Канония көшесіндегі қоңырау. Польша


Канония көшесі Варшаваның ең көрікті бұрыштарының бірі саналады. 1972 жылы ол жерге өте көне қоңырау орнатылады. Аңыздар оның құпия тілектерге жауап беретіндігін айтады. Ол үшін көзіңізді жұмып, тілегіңізді айтасыз да, қоңырауды ұстап, бір рет айналып шығасыз.

 

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева