- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Азия мен Еуропаны...
Азия мен Еуропаны жалғаған "Босфор көпірі"
Түркияның Стамбұл қаласына жолы түскен кез келген адам атақты Босфор көпірін өз көзімен көргісі келетіндігі белгілі. Бүгін біз сіздерге осы бір жасанды құрылысты жақыннан таныстыруға тырысып көреміз. Ол Босфор бұғазында салынған тұңғыш аспалы көпір болып саналады. Сондықтан да ол ресми «тұңғыш Босфор көпірі» деп аталады. Көпірдің тағы да ерекшелігі ол қаланың Азия мен Еуропаға қарайтын аудандарын біріктіріп тұр.
Көпір тек қана Стамбұлдың емес, бүкіл Түркияның қазіргі заманғы символы болып есептеледі. Шындығында оның ауқымдылығы көпшілікті таң қалдырады. Көпірдің жалпы ұзындығы 1,5 шақырым болса, ені 33 метр. Ал негізгі тірегінің биіктігі 166 метр болса, су деңгейінен көпірге дейінгі биіктік 64 метр.
Кезінде құрылыс жұмыстары 1950 жылдары басталады деп жоспарланған еді. Алайда британдық У.Браун мен Г.Робертс жасаған көпір жобасы 20 жылға кешігіп, тек 1970 жылы ғана жүзеге асты. Оның ресми ашылуы 1973 жылға, басқаша айтсақ Түрік Республикасының 50 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келді. Көпір құрылысына жалпы құны 200 миллион АҚШ доллары қаражат жұмсалды. Көпір пайдалануға берілген кезде ол ұзындығы бойынша әлемде төртінші орын алса, қазіргі кезде 16-орынға сырғыды.
Әр күн сайын көпір үстінен шамамен 200 мыңнан аса автокөлік 600 мың жолаушыны тасымалдап өтеді. Босфор көпірі жүргізушілер үшін ақылы болып табылады. Ал жаяу жүргіншілерге көпірмен жүруге мүлдем тиым салынған. Оған себеп «Босфор көпірі» соңғы кездері өз-өзіне қол жұмсауға бекінген адамдар үшін «таптырмас» орынға айналған. Десек те жылына бір рет көпір жаяу жүргіншілерге есігін ашады. Дәлірек айтсақ, мұндай мүмкіндік Стамбұл марафоны кезінде беріледі.
Азиядан бастау алған спортшылар Еуропада мәреге жетеді. Марафон жылына бір рет қазан айының ішінде ұйымдастырылыр тұрады. Жарыс кезінде көпір үсті көліктер үшін толықтай жабылады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: turkeyforfriends.com
Б. Қосмағамбет