- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Әуежолаушы нұсқаулығы: Жолдан...
Әуежолаушы нұсқаулығы: Жолдан қалмаудың амалдары
Жазғы навигациялық кезең басынан бері жаһандық авиация жолаушылар ағынының өсуіне байланысты бірқатар проблемаларға тап болды. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) мәліметінше, жолаушылар санының артуы әлемдегі ең ірі әуежайларда көлік коллапсына және халықаралық авиакомпаниялардың рейстерінің кешігуіне әкелді. Әрине, бұл жағдай отандық әуекомпаниялардың рейстеріне де әсер етпей қоймады.
Сапарлардың қайнаған шағы саналатын жаз мезгілі аяқталуына қарамастан, кел жатқан күз және қыста жүретін жолыңызда келеңсіздіктерге жол бермеу үшін төмендегі нұсқаулықты жадыңызда сақтауға тырысыңыз.
1. Рейс статусын алдын ала тексеріңіз
Үйден аэропортқа аттанар алдын рейс статусын тексеруді әдетке айналдырыңыз. Аэропортқа үздік қоңырау шалу салдарынан желіні жүктемеу әрі жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін көптеген әуекомпаниялар мұны өз сайтында тексеруге мүмкіндік жасаған. Сайтқа кіріп, арнайы айдардағы ұяшыққа рейс нөмірін терсеңіз, статусы жазулы тұрады. Одан басқа рейс кешіккен жағдайда әуекомпаниялар міндетті түрде барлық жолаушыларына СМС хабарлама жіберіп отырады. Үйден шығар алдын ұялы телефоныңызға келген хабарламаға асығыстық танытып, кейін оқимын деген оймен қалдыра салмаңыз. Егер сіз осы алғашқы қадамдарды жадыңызда ұстасаңыз, уақыт пен күш-қуатыңызды үнемдеп, үйде күте тұру мүмкіндігіне ие боласыз.
Осы орайда әуекомпаниялар рейстерді әдейі кешіктірмейтінін айта кету керек. Ұшақтардың жоспарлы сапарына аттанбай, жерде тұрғаны әуекомпания үшін үлкен шығын саналады. Алайда бұл құбылыс пандемиядағы іркілістен кейін кең белең алды. Мысалы, Еуропада пандемия кесірінен қызметкерлер қысқарып, жұмысшылар саны азаюымен қатар өзге де себептер көбейді де, 2022 жылдың қаңтар-мамыр айларында еуропалық авиакомпаниялардың рейстерді уақытылы орындау көрсеткіші 75%-ды құраса, маусымда ол 56,8%-ға күрт төмендеді.
© depositphotos
2. Жедел нөмірге хабарласыңыз
Отандық әуекомпанияларымыз халықаралық ірі хаб әуежайларына ұшатындықтан, ол жақтағы үзілістер әуекомпанияларымыздың кестесіне кері әсер етіп, кейінгі эстафеталық рейстердің тізбекті кешігуіне әкелді. Мысалы, Франкфурттан Қостанайға одан ары астанамызға ұшатын әуе кемесі неміс әуежайынан уақытылы ұшпай қалса, сәйкесінше Қостанайға да кешігіп келіп, одан әрі соңғы нүктесіне де діттеген уақытында жетпейтіні түсінікті. Осындай келеңсіз жағдайды Қазақстанның бірнеше әуежайындағы ұшу-қону жолақтарын жөндеу, ауа райының қызу маусымында әуежайлардың жабылуы және құстардың ұшаққа соғылуының көбеюі қиындата түскені мәлім.
Сондықтан егер сіз аэропортқа келіп, тіркеуден өтіп қойғаннан кейін ғана жоғарыда айтылған себептердің бірінің кесірінен рейстің кешігетінін білген болсаңыз, өзіңізді тасымалдаушы авиакомпанияның қызметкерін тауып алуыңыз керек немесе осындай жағдайларға арнайы ашылған жедел телефонына хабарласасыз. Келесі қадамдарыңыз бойынша мәліметтің барлығын осы нөмір арқылы уықытылы біле аласыз. Мысалы Air Astana әуекомпаниясы рейс кешіккен жағдайлар үшін арнайы жедел нөмір ашып (+7 7272 4444 78), жолаушыларға жылдам қызмет көрсетудің алдын алып отыр.
3. Алдымен жүгіңізді орналастырыңыз
Ең алдымен, авиакомпания қызметкері келіп, сіздің жағдайыңызды өзі жасайды екен деп отырмай, өзіңіз қимылдай бастағаныңыз жөн екенін ескерттік. Алдағы уақытта рейстің қанша уақыт кешеуілдейтініне қатысты нақты ақпарат болмаса, аэропорт ішіндегі қимыл-қозғалысыңызды жеңілдету мақсатында, жүгіңізді орналастыруды ойлаңыз. Тасымалдаушы компанияңыздың осындай қызметі бар-жоғын сұрастырып, багажды алдын ала рейске тіркеп қоюыңызға болады. Бұл қызмет әр компанияға қарай 12-24 сағат алдын мүмкін болады.
© depositphotos
4. Сусын мен тамақтандыру қызметін естен шығармаңыз
Заңға сәйкес рейсіңіз 2 сағаттан артық кешігетін болса, әуекомпаниясы сізге сусын мен тіскебасар ұсынуы тиіс. Егер 4 сағаттан артық кешігетін болса, онда ыстық тамақ берілуі керек. Рейстің жөнелтілуін күндізгі уақытта сегіз сағаттан астам күту кезінде және түнде алты сағаттан астам уақыт күтсе, қонақүйде тұру, сондай-ақ жолаушыларды әуежайдан қонақүйге дейін және кері қарай көлікпен жеткізу, яғни, тегін трансфермен қамтамасыз етіледі. Осыны ескеріп, рейс кешіккен жағдайда уайымға берілмей әуекомпания қызметкерлеріне жолығып мән-жайын сұрап алыңыз. Әуекомпаниялар жеті жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға ана мен бала бөлмелерін ұйымдастыруды да ескереді.
© depositphotos
5. Транзиттік жолаушы болсаңыз
Рейсі кешіккеннен транзиттік жолаушы кезекті сапарынан қалып қойған кездер болып жатады. Бұл жағдайда әуекомпания келесі қолжетімді рейстерінен орын тауып беріп немесе жолаушыға соңғы баратын жерге дейін балама бағыт ұсынады.
Тасымалдаушы мұны жолаушы барлық рейсін бір билетпен сатып алған жағдайда ғана жасайды. Алайда, егер рейстің кешігуі немесе жүзеге асырылмауы салдарынан, билетте көрсетілмеген, яғни, басқа әуекомпанияның ұшағымен аттанатын транзиттік сапары бұзылса, компания жолаушы алдында жауап бермеуге құқылы екенін ескеріңіз.
Ең бастысы, рейс кешіккен жағдайда үрейленбей, сабырлық сақтаған жөн. Табиғи зілзалалар, саяси толқулар, әуежай қызметкерлерінің ереуілдері, ауа райы жағдайлары сынды әуекомпания еркінен тыс басқа да оқиғалар рейстің орындалуына кедергі болған жағдайлардан басқасының бәріне әуекомпания міндетті түрде компенсация жасайды. Әуекомпанияға тікелей қатысты келеңсізтердің барлығына.
Енді сіз рейстің кешігуі/жүзеге асырылмауы секілді жағдай туындағанда, ең алдымен, қандай шаралар жасау керегін білесіз.
Алдағы саяхаттарыңыз сәтті, сапарларыңыз оң болсын!
А. Оралқызы