Әлемдегі ең жұмбақ жерлердің бірі - Бермуд үшбұрышы екені белгілі. Ал сіз сол Бермуд үшбұрышының аумағында, мұхит тұңғиығында жасырынып жатқан пирамидалар жөнінде естіп пе едіңіз? Бұл жұмбақ нысандар ғалымдарға 90 жылдары белгілі бола бастады. Осы жылдары Майами-Бермуд-Пуэрто-Рико аймағын зерттеп жүрген мұхиттанушы ғалымдар шамамен Бермуд үшбұрышының ортаңғы аймағынан су түбінен ерекше нысанды байқайды.
Тыңғылықты зерттеу барысында, пирамида беті шыны іспеттес материалдан жасалғаны анықталады. Ал көлемі жағынан Египеттегі ең алып Хеопс пирамидасынан үш есе үлкен екені белгілі болады. Бермуд пирамидасының жасы шамамен 500 жыл деп болжанады. Анализатор көмегімен жасалған суреттерге зер салсақ, пирамиданың біртұтас, яғни монолит екенін байқаймыз.
Кейін 2003 жылы сол аймақтан тағы да ұқсас екі пирамида табылады. Ғалымдар Беллинсгаузен ойпатының түбінен 6000 метр тереңдікте жарқыраған пирамидалар тобын байқаған. Бірақ кейін бұл жаңалықты естіген әскерилер аймақты түгелдей бақылауына алып, құпия нысандар қатарына жатқызады. Яғни кез келген зерттеу жұмыстарына тыйым салады.
Десек те, зерттеушілер осы айтылған пирамидалар тобын Бермуд үшбұрышындағы үнемі болатын жұмбақ жағдайларға бірден-бір себепші деп болжайды.
Бұл өзіндік галактикалық космопорты бар үлкен энергетикалық кешен болуы да мүмкін. Себебі куәгерлер осы күнге дейін бұл аймақта БҰО (Белгісіз Ұшу Объектілерін) байқаған.
Ал басқаша болжам бойынша, бұл нысандар жоғалған атлант өркениетінен қалған. Бірақ бұл логикалық шындыққа сай келмейді. Себебі Атлантида құрлығы бұдан 12-13 мың жыл бұрын жоғалып кетті. Ал табылған пирамидалардың жасы орташа есеппен 500 жыл.
Сонда бұл кімдерден қалған мұра?
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: mayax.ru, mistichno.ru