Асқабақтар фестивалі

Асқабақ –өте пайдалы көкөніс. Әсіресе, «Күн қызы» секілді үлкен би кештеріне баратын болсаңыз, сіздің құтқарушы періштеңіз де бола алады.

Жақында сары күз өз патшалығын құрмақ, демек асқабақтар да пісіп, аузымызға түсетін күн алыс емес деген сөз. Егер сіздің бақшаңызда ерекше үлкен асқабақ пайда болса, өзіңізбен бірге алыңыз да, алыстағы Америкаға жол тартыңыз! Өйткені, ол мекенде әлемдегі ең үлкен және ең ерекше асқабақтар сайысы өткізіледі.

Ұлан-асыр сауық Огайо штатында жылына бір рет қана ұйымдастырылады және әлемдегі ең көлемді сауық деген атаққа ие.

Фестиваль қалай басталды?

1903 жылы Джордж Хасвелл есімді кәсіпкер өз дүкенінің алдында Асқабақ Күнін атап өтуді ұйғарады. Бастама көпшіліктің көңілінен шығып, дәстүрге айналып кетеді. Осы уақыттан бері сайыс тек Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған жылдарында ғана өткізілмеген екен.

Мерекенің кең таралғандығы соншалықты, фестивальға жиналатындардың санына адам жете алмайды. Олар өздеріне ыңғайлы және сыйымды болу үшін 12 мөлтек ауданға дейін таралатын көрінеді.

Фестиваль барысында көптеген арнайы шерулер мен мерекелік сайыстар өткізіледі, көрмеге қойылған көкөністер сатылады және сатып алынады. Әсем әуендер ойнап, жиналғандарға асқабақтан пісірілген тәтті тоқашатар мен бәліштер таратылады.

Сондай-ақ, фестивальға барсаңыз, Жер шарындағы ең үлкен асқабақтардың куәгері бола аласыз. Арнайы сайланған әділқазылар алқасы сайыста өз бақтарын сынаған алып асқабақтарды сарапқа салып, нағыз жеңімпазды анықтайды. Жеңімпаз асқабаққа картон қағаздардан жасалған тәж кигізіп, көкөніс иесінің есімін жазып қояды.

Суреттер:resto.kharkov.ua,kulturologia.ru,bigpicture.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева