Әр азаматтың жүрегінің түбінде көпшілік біле бермейтін арман-тілегі бар. Аңсаған арманына жету мақсатында тілектерді қабылдап, орындайтын мекендерге әлемнің түкпір-түкпірінен көпшілік қауым жиналады. Өз кезегімізде, біз де армандарды орындайтын мекендерді аралауды жалғастырамыз.
Луксордағы скарабей-қоңыз (Мысыр елі)
Карнак ғибадатханасының көрікті мекені. Ежелгі Мысыр халқы скарабей-қоңызын қасиетті деп санап, оған құрметпен қараған. Бүгінде граниттен тұрғызылған қоңыз айналасында туристтер жүреді. Себебі, бұл қоңыз арман-тілектердің орындалуына себепші болады.
Қоңызды сағат тіліне қарсы бағытта 3 рет айналса, адам байлыққа кенеледі. 7 рет айналса, аңсаған арманы орындалады. 9 рет айналса жеке өмірінде үлкен өзгерістер болып, шынайы махаббатын кездестіреді.
Махаббат іргесі (Париж, Франция)
Париж қаласындағы романтикалық мекеннің бірі. Бұл жаққа сүйген жандар өз сүйіктілеріне сезімдерін білдіру мақсатында арнайы келіп, іргеге хат жазып кетеді. Ал шынайы махаббаты армандап жүрген жандар беймәлім сүйіктілеріне жолдау хат жазып, оны болашақта кездестіру туралы тілегін ішінен айтып кетеді.
Чижик-Пыжик (Санкт-Петербург, Ресей)
Биіктігі бар-жоғы 11 см-ге жететін ескерткіш Фонтанка өзенінің жағалауында орналасқан. Қола құстың ескерткіш жолы болғыш жандардың армандарын орындайды. Арманының орындалуын қалайтын жандар құс отырған тұғырға тиын лақтыру керек. Тиын тұғырда қалған жағдайда ғана арман орындалады.
Тілектер бағанасы (Стамбул, Түркия)
Әулие София ғибадатханасының солтүстік жағында тілектер бағанасы бар. Бұл бағаны «жылауық бағана» деп те атайды. Тілек-армандарына қол жеткізу мақсатында кез келген жан бағанаға жақын келіп, сол қолымен ұстау керек. Бас бармақты бағанаға тигізіп, 360 градусқа қолын айналдырып, ішінен өз арманын айтады.
Пантюша мысық (Киев, Украина)
«Пантагрюэль» мейрамханасында өмір сүрген мысықтың құрметіне орнатылған ескерткіш Киев қаласының сүйікті мекендерінің бірі. Сәттілік пен үлкен табысты армандап жүрген жандар, ескерткішке келіп, Пантюша мысықтың құлағы мен құйрығына бір сәтте қол тигізіп, іштерінен тілектерін айтуы қажет.
Карлов көпірі (Прага, Чехия)
Карлов көпірі 50 жыл бойы тұрғызылған. Көпірдің негізін XIV ғасырда IV Карл король қалаған. Карлов көпірін аспан астындағы мүсіндер галереясы деп атайды. Көпір ені 10 метр, ұзақтығы 516 метр. Аспан асты галереяда 31 мүсін бар. Ішіндегі ең танымал Ұлы Ян Непомуцкий мүсіні. Аңыз бойынша, Ян Непомуцкий IV Карл король бұйрығымен көпірден Влтава суына лақтырылды. Ол король әйелінің тәубеге келуінің құпиясын сақтағаны үшін жазықты болды. Ян Непомуцкий суға құлағанда айдын бетінде бес жұлдыз пайда болған. Мүсінде осы аңыз бейнеленген. Ян Непомуцкий мүсінін сипап, іштен арман-тілектерді айту керек. Бірақ та, арман материалдық сипатта болмауы тиіс.
Бәйтерек (Астана, Қазақстан)
Астана қаласының нышаны саналатын «Бәйтерек» монументіндегі «Аялы Алақан» армандардың орындалуына ықпал етеді. Қазақстан Республикасының тұңғыш президентінің алақанының ізіне қолды тигізіп, іштен тілек-армандарды айту керек.
Көк-төбе (Алматы, Қазақстан)
Алматылықтардың сүйікті мекені Көк-төбедегі «Алма» тілектер субұрқағы тілек-армандарға қол жеткізуге үлкен септігін тигізеді. Субұрқаққа жақындап, іштен арман-тілекті айтып, тиын лақтыру керек.
Суреттер: https://loriskap.mypage.ru, https://www.portalostranah.ru