- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Армандар жүзеге асатын...
Армандар жүзеге асатын "ақ түндер"
Ресейдің ең көрікті қалаларының бірі - Санкт-Петербург ел аузында бірнеше атауларға ие. Қаланы каналдары мен өзендерінің молдығына қарап Солтүстік Венеция, қайталанбас сұлулығы үшін Солтүстік Пальмир, ал 200 жылдан астам уақыт бойы Ресей астанасы қызметін атқарғандықтан Солтүстік Астана деп те атайды. Көпшілік қауымның Санкт-Петербургты көбіне «Ақ түндердің қаласы» деп атап жатқандығын байқаймыз.
Нақ осы ақ түндер кезеңінде Петербург тамаша романтикалық күйге бөленеді. Және сол ақ түндердің куәгері болған қала қонақтары арман жетегіне еріп, қиял құсымен қанат қағып, мәңгі естен кетпес әсерде қалады. Түннің сәніне сән қосып тұратын атақаты ансамбльдер, сарайлар, шіркеулер, көпірлер, ескерткіштер сізді тамсандырып қана қоймай, сол сәтте бүкіл армандарыңыз орындалып кететіндей ғажап күйге ендіреді.
Ақ түндер – әлемнің көптеген қалаларында тамшаланатын, кең таралған табиғи құбылыс. Ақ түндерді Ресейдің басқа да Сургут,Череповец, Вологда, Петрозаводск, Архангельск, Мурманск сынды қалаларынан тамашалауға болады. Көркем әдебиеттің арқасында аталған қалалардың арасында тек Санкт-Петербург қана «Ақ түндер қаласы» деген атауды иемденді. Бұл жерде А.С.Пушкиннің, Н.Агнивцевтің поэзиясын және Ф.М.Достоевскийдің «Ақ түндер» атты повестін еске түсіру жетіп жатыр.
Петербургтегі ақ түндердің басталатын маусымы 25-26 мамырмен тұспа-тұс келеді. Дәл осы кезде кешкі ымырт пен таңғы шапақпен жалғасады да сіз асыға күткен құбылысты тамашалау мүмкіндігін тарту етеді.. 21-22 маусым күндері күннің ұзақтығы 18 сағат 53 минутқа жетіп, ең жарық мезгіл туады. Ақ түндердің мәресіне жететін уақыты – 16-17 шілдеге сай келеді.
Санкт-Петербургтегі осы аңызға айналған ақ түндердің құрметіне көптеген думанды мерекелер мен қызықты фестивальдар ұйымдастырылып тұрады. Ең қызықтысы әрі ең ерекшесі – «Алқызыл желкендер» мерекесі. «Алқызыл желкендерді» атап өту дәстүрі 2005 жылы пайда болған.
Сол жылдардан бері «Алқызыл желкендер» мерекесі тек қала немесе мемлекет тұрғындары үшін ғана емес, халықаралық деңгейде атап өтілетін Санкт-Петербургтің визитті карточкасы саналатын аса танымал мерекеге айналып үлгерді.
Мерекенің көрермені атану үшін жыл сайын мұнда 3 миллионнан аса халық жиналатын көрінеді.
Суреттер: spbtur.ru,water-ticket.ru,spb-palaces.narod.ru,caravaners-club.ru,piterspb.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева