Археологтар орман арасынан жоғалған майя қаласын тапты

Мексиканың бір топ археологтары майя халқының ежелгі Кактан қаласын тауып алды. Қаланың орны Мексиканың оңтүстік-шығысындағы Кампече штатынан табылған. Зерттеушілердің сөзінше, табылған қала біздің заманымызға дейінгі 600-900 жылдар аралығында үлкен бір ауданның орталығы болған көрінеді. Мекеннің жалпы ауданы 22 гектарды құраған. Оның аумағында бірнеше ескерткіштер болған. Кейбіреулеріндегі жазулар әлі күнге дейін бояуын жоғалтпай сақтаулы келген екен. 

Осы күнге дейін жүздеген жылдар бойына қала орман ішінде ешкімге белгісіз болып жасырынып жатты. Оған себеп елдің археологиялық картасындағы осы аймақ зерттелмеген, адам аяғы баспаған аудан болып келгендігі. Археологтарға табылған қала орнына жету үшін ну орман ішіндегі қалың бұталарды шауып, қиын жолды басып өтуге тура келген.  

Кактан қаласы негізгі үш кешеннен тұрады. Батыстағысы 11 гектарды алып жатса, оңтүстік-шығыс пен солтүстік-шығыстағы қалған екеуінің әрқайсысы да жалпы ауданы 11 гектар жерге орналасқан. 

Бұл аймақта зерттеушілер бірнеше пирамидалық құрылыстарды тапқан. Батыс кешендегі ең алып пирамиданың биіктігі 23 метрді құрап отыр. Одан бөлек, шар ойнауға арналған екі алаңқай, әртүрлі ескерткіштер мен тұрғын үйлердің орындары табылған. Ғалымдар ең құнды жәдігер ретінде бүйірінде жазуы бар 19 ескерткіш тақтаны айтып отыр. Олардың үшеуі бастапқы қалпында сақталған екен. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: zhelezyaka.com