Шетелге шығып, жергілікті тұрғындардың алдында өзіңізді ыңғайсыз сезініп қалмас үшін сол елдердің ырым-тиымдарына назар аударыңыз.
Қытайда біреудің үйіне қонаққа барғанда тамақты шылпылдатып жеу керек. Әйтпегенде үй иесі сізге тамақ ұнамай қалды деп ойлауы мүмкін. Қытайда тамақты дыбыссыз жеу - үй иесіне, аспазшыға деген балағат деп есептеледі. Ал соус төгілген дастархан – тәбітіңіздің жақсы екенін, тағамға деген жоғары талғамыңызды көрсетеді.
Сонымен қатар Қытайда үйге бірінші рет келгенде гүл алып келуге болмайды. Бұл олардың үйі көрікті емес, әрлеу керек дегенді білдіреді.
Кейбір елдерде бас бармақты жоғары көтеру «Сені күшті алдап соқтым» дегенді білдіреді.
Оңтүстік Кореяның ұлттық асханасы өте ащы тағамдардан тұрады және жергілікті деликатестен ауыз тиемін деп көзіңізден жас шығып кетсе, ұялмаңыз. Керісінше бұл аспазға деген үлкен құрмет болып саналады.
Моңғолия мен Бурятияда қонақты кекіргенше тамақтандырады. Адам әлі кекірмесе ол әлі тойған жоқ дегенді білдіреді.
Жапонияда көпшілік жерде сіңбіре береді.
Үндістанда отбасы мүшелері бір-біріне ризашылық білдірмейді. Туысқан адамдар бір-біріне «рақмет» деуге міндетті емес деп есептеледі.
Қазақстанның Оңтүстігінде шайды кішкентай пиалаға құйып береді. Кесеге толтырып шай құйып беру сыйламағандық деп есептеледі. Кішкентай пиаламен бірнеше рет шай ішіп, қожайынға деген құрметіңізді білдіресіз. Және пиялаңыз босап, шай сұрап та әуре болмайсыз, үй иесі шайыңыз таусылмауды қадағалап отырады.
Қытайда тірі гүлдерді сыйламайды. Бұл өлім белгісі. Көбіне жасанды гүлдер сыйлайды.
Арабтар кальянның мүштігін бір-біріне ұсынбайды. Бұл өзгені міндеттеу деп саналады. Мүштікті үстелге қояды.
Жапонияда бастықтан бұрын жұмыстан кету дұрыс емес.
Ресейде кішкентай балаларды мақтауға болмайды. «Көз тиеді» деген ырым бар. Сонымен қатар көз тигізіп алмас үшін «Қалың қалай?» деген сұраққа «Бәрі жақсы» деуден қашқақтайды екен.
Сурет: dosug.passion.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина