Кейбір ым-ишаралар мен белгілеріңіздің әлемнің әр елінде әрқалай түсінілетінін білесіз бе? Сондықтан шетелге шығатындарға бұл ақпараттар қажет болады деген ойдамыз.
Егер сіз Грекия елінде біреуді тоқтатқыңыз келсе алақаныңызды көрсетіп, белгі бермеңіз. Бұл ісіңіз үшін сөз естуіңіз мүмкін. Себебі бұл ишара белгісі гректердің намысына тиеді. Алақанын осылай жайып, Византия заманында қолға түскен жаудың бетіне күйе жағады екен.
Ирландия, Аустралия, Англия және Жаңа Зеландияда екі сусынға тапсырыс бердіңіз бе? Немесе екіге байланысты қандай да бір белгі бергіңіз келді ме? Онда сіз ортаң теректі көрсеткендей болады екенсіз.
Бас бармақ пен сұқ саусақ арқылы жасалған шеңбер белгісі барлық елде «Ok» дегенді білдірмейді. Мәселен Францияда бұл белгі «ештеңеге жарамайтын» деген мағынаны береді. Ал Венесуэла, Түркия және Бразилияда бұл ишарат «құның бес тиын» деп түсініледі.
Үнсіз ғана әлдебіреуді өзіңізге шақырғыңыз келді ме? Филиппиндер мен Оңтүстік Кореяда сұқ саусақпен бұл ишаратты жасамағаныңыз абзал. Онда бұл белгі арқылы итті шақырады және адамға құрметсіздік болып саналады. Сингапур мен Жапонияда бұл қимыл өлімді білдіреді.
Ал кейбір елдердің салтында біздің қарапайым ым-ишараларымыз тұрпайылыққа баланады. Мәселен, Үндістан, Шри-Ланка және Африка елдерінде сол қолмен тамақ ішу үй егесіне деген құрметіңіздің жоқтығын білдіреді. Бұл елдерде сол қол ластықтың белгісі. Оңқайларға еш қиындық тудырмаса да, солақайлар үшін бұл ырым-тиымдарды біліп жүрген жөн.
Екі саусақты айқастырып Вьетнам тұрғынына көрсетсеңіз сіз бір уақытта ұятсыз болып шыға келесіз. Себебі онда бұл белгі әйел адамның сымбаты болып саналады.
Рок тыңдаушыларының жақсы көретін ишарасын Италиядағылар басқаша түсінеді. Испания, Португалия, Бразилия, Колумбия, Италия елдерінде бұл белгі әйелінің немесе күйеуінің бір-бірінің көзіне шөп салуын білдіреді.
Жоғары көтерілген бас бармақ – көптеген елде, тіпті Facebook пен Youtube желілерінде де «жақсы» деген сөзді білдірсе, Ауғанстан, Иран, Италия мен Грекия елдерінде «кетіп қал» деген мағынаға ие. Сондықтан автостоппен саяхаттауды ойланып жүрсеңіз, аталған елдерде бұл ишаратты көрсетпеңіз.
Тайландта адамның басы ең қасиетті мүше саналады. Буддалық тұжырымдарда да адамның жаны басында болады делінген. Сол себепті біреудің басына қолыңызды тигізсеңіз оған деген құрметсіздігіңізді көрсетесіз.
Оңтүстік Кореяда алақаныңызды көтеріп көшедегілерден әлдене сұрауға, танысуға болмайды. Бұл елде осы әдіспен де итті шақырады. Сондықтан адам баласын бұлай шақырмау керек.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: blog.unbib.mk.ua