АҚШ-тың қалалары бір-біріне мүлде ұқсамайды. Вашингтон көздің жауын алатын әсем ғимараттармен ерекшеленеді. Үйлері онша биік емес. Қалыптасқан дағды бойынша Конгресс үйінен еңселі ғимарат салуға болмайды. Кезінде ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов «Америка әсерлері» атты очеркінде былай деп жазып еді: «Вашингтонда үйлер көбіне 4-5 этаждан артық емес.
Үйлер арасында дуал, бөлік, жік жоқ. Бір үйге бір үй өзіне бөлек қайталамайтын қызық іздену бойынша қалыптасқан стилі, архитектура өрнегімен қатарласа, жалғаса тұра беріседі. Вашингтонда ағаш та, көк те мол. Ағашының дені зәулім биік, мол бұтақты, тармақты, алып платон ағаштары тәрізді. Сырт шолып, қаланы аралап танысуда біз Вашингтон Нью-Йорктен мүлде бөлек екенін аңғардық». Ұлы суреткердің табаны тиген қала Американы көрнекті мемлекет қайраткері, елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның (1732-1799) есімімен аталады.
Вашингтон ел тізгінін 1789 жылы қолына алды. Бұл біртұтас қазақ ордасының ең соңғы ханы Абылайдың дүниеден өткеніне сегіз жыл толып, ұлы жүзге Әбілпейіз ханның әулеті, орта жүзге Абылай ханның әулеті, ал кіші жүзге Әбілхайыр ханның билік құрған кезі еді. (Мұхтар Мағауин, «Қазақ тарихының әліппесі»).
Қала, негізінен, француз архитекторларының жобасы бойынша салынған. Заманында бұл жобаны тұңғыш президенттің өзі қадалаған деседі.
Вашингтон алаңдары мен көшелері түрлі деңгейдегі қолбасылар мен генералдардың ескерткішіне толы. Бір ғажабы олар түгелге дерлік арғымақ мінген кейіпте бейнеленген. Бір қолбасшы асқақ, бір қолбасшы айбатты. Бірінің жүйрігі жер тарпиды, бірінің сәйгүлігі ауыздығымен алысады. Көбісі сырт қарағанда Алматының Абылай хан даңғылындағы Аманкелді батыр ескерткішін еске салады. Соған қарап америкалықтар қазақ тәрізді жылқы мінездес пе деп қалсың.
Қаланың ірі көшелері цифрлармен, ал оларды көлденең қиып өтетін көшелер әріптермен таңбаланған. Мәселен біреумен жолығысуға уағдалассаң, «Мен сізді жетінші көше мен «Е» көшесінің қиылысқан жерінде күтіп тұрамын» деп кездесу орнын белгілейсің. Сонымен қатар, лифтіге міне қалсаң, «13» деген цифрді іздеп әреленбей-ақ қой. АҚШ-тың биік үйлерінде он үшінші қабат дегенің мүлде болмайды. Он екіден он төртке бір-ақ аттайсың.
Үйлері көкке найзадай шаншылған Нью-Йорктің сипаты мүлде басқаша. Ұшақ қонуға бет алып, қаланың үстіне төніп келе жатқанда, мың сан жебелердің қарауылына ілінгендей сезінесің. Архитектурасының өзін алып ғимараттардың бой таластыру бәйгесіне негіздеп жобалағандай ма дерсің. Шындығында олай емес. Қаланың сынық сүйем жеріне дейін өлшеулі. Ғимараттың орнын иеленген қожайын оның аспанын да қоса сатып алады. Сондықтан сығылысқан қаланың ішінде құрылысты көлденеңінен созуға ешқандай негіз жоқ. Ал биіктігін жағдай көтерсе, жүз қабаттан асырсаң да, бұлтқа дейін жеткізсең де өз еркің.
Әуезовтің сөзімен айтқанда: «Менің көзіме тастан салынған небоскребтардан құралған қала сипаты бейне бір Манхэттен аралының аспанына таспен жазылған поэма боп көрінді». Манхэттендегі ғимараттардың биіктігі соншалық 239 метрлік Мәскеу Мемлекеттік университеті бұлармен бой таластырса, он үшінші орынды ғана иеленер еді. Нью-Йоркте 10-15 қабаттық үйлер ғасырдың басында-ақ саптан шыққан. Зәулім үйлердің бірқатарының салынғанына ғасырға жуықтап қалыпты. Мәселен, жалпақ жұртқа «Үтік» деген атаумен белгілі «Фуллер билдинг» ғимаратының жүз жылдығын тойлайтын күн де алыс емес.
Ал Чикаго тіпті сұлу қала. Әр түрлі пішіндегі ғимараттар архитектураның бар мүмкіндіктерін дәлелдеп-ақ тұр. Бір үй мұнараға ұқсайды. Бір үй собығы ашылған жүгеріні елестетеді.
Қалада 1885 жылы салынған «Хоум Иншурэнс» сақтандыру компаниясының 55 метрлік үйі сол тұста әлемдегі ең биік ғимарат атаныпты.
Қазір Чикагодағы ұзындығы 443 метрлік «Сиэрз» мұнарасы АҚШ-тағы ең биік ғимарат болып саналады.
Баршаға белгілі 1 мамыр – Ынтымақ мерекесі нақ осы Чикагода 1886 жылы болған ереуілден бастау алады.
1995 жылы
Бауыржан Омарұлы
«Жұмыр жермен жүздесу»