Әлемнің шыңы

Эскимос тайпасының тілінде «Куттинирпааак» сөзі "Әлемнің шыңы" деген мағынаны білдіреді. 

Ал ұлттық саябақтың өзі Канаданың солтүстігіндегі Греландия жағалауынан 25 шақырым жерде жатыр. Сонымен қатар, Куттинирпааак - 38 000 шаршы шақырымды құрайтын Канаданың екінші үлкен саябағы саналады.

Шегі мен шеті жоқ арктикалық шөлдер, орасан зор тау сілемдері, суы мөлдір өзендер, Солтүстік Мұзды мұхитының көз тартар бұғаздары мен аралдары, көшпе мұздар - міне, Куттинирпааак деген осы!


Саябақтың 65%-ы Элсмир тауының аумағында жатыр. Бұл канадалық арктиканың ең биік тауы саналады. Деректерге сүйенсек, олардың кейбірінің жасы 125 мыңға жеткен екен. 

Бұған қоса көшпе мұздардың еруінен пайда болған Хейзен өзенінің көз тартар көрінісі кез келгенді ынтықтыра алады. Өзен теңіз деңгейінен 158 метрде жатыр.

Ғылыми қоғамдастықтардың бұл аймақта зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқандығына 100 жылдан астам уақыт болды. Аумақ толықтай мемлекет қорғауына алынған болса, 2004 жылы оны ЮНЕСКО мойындады. Мұнда кездесетін 154-ке жуық тамырлы өсімдіктердің түрі, 44-тен астам қына, 193-тей мүк тәрізділерді әлемнің басқа жерінен кездестіру қиын-ақ. Куттинирпааактағы ең биік өсімдік - арктикалық үйеңкілер екен.

Саябақ - жалғыз қалғысы келетін, тыныштықты аңсайтын адамдар үшін таптырмас мекен. Бұл жерде бір апта уақытыңызды еш зерікпестен өткізуге болады.

"Әлемнің шыңына" шығып, жаныңызды тазартып қайтыңыз!

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева