Кейде бәріне қол сілтеп, толқыны ән айтқан тып-тыныш жағалауға барып, ойға шомғымыз келеді. Әлбетте, рухани байлық сыйлайтын осынау демалысты бәріміз арман етеміз. Бұл арманымыз жүзеге асар, ал әзірге әлемнің ең керемет жағажайларына саяхат жасайық...
Грекия елінің ең әсем жерлерінің бірі - Корфу аралы Палеокастрица елді мекенінің маңындағы теңіз айлағы. Мөлдір таза суы бар бұл малта тасты жағажай өзінің қымбат қонақ үйлері не мейрамханаларымен емес, қарапайым дем алу орындары мен жергілікті тағамдардың түрлілігімен ерекшеленеді. Суының ерекше көк түсі мен температурасын бір болған адам оңайлықпен ұмыта қоймас...
Еуропаның жұмақ жері, Грекиядағы ежелгі арал - Закинф. Әдемі айлақтар мен аппақ құмы бар бұл жағажайды Гомер Илиэсса (орманды) деп атаған екен. Дардан патшасының ұлы Закинфтың атымен аталған бұл аралдың басты ерекшелігі - каретта тасбақалары. Арал тұрғындары Троян соғысына да қатысқан екен. Осындай үлкен тарихы бар аралдың жағажайы жыл бойы туристерді қабылдауға әзір.
Малайзиядағы Борнео аралының көз жауын алатын жағажайлары. Малайзияның шығыс жағалауында орналасқан бұл арал ерекше табиғатты: үңгірлері бар тау шатқалдары мен ежелден өсіп келе жатқан алып ағаштары бар ормандарды, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды тамашалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, керемет мөлдір таза судың астындағы коралл бақтары мен мыңдаған су асты тұрғындары бұл жерді жердегі жұмаққа айналдырған...
Жерорта теңізінің таңғажайып бұрышы - Испанияның Балеар архипелагындағы Менорка аралы. Жерорта теңізінің таза мөлдір суы мен елсіз, ессіз жағажайлары бұл жердегі уақыттың өтуін баяулатады. Ерте кезде бұл жерлерді теңіз қарақшылары паналап, осында елді мекендерін құрған. Бір айта кететін жайт, Менорка аралы шулы кештер мен көңілді отырысты сүйетін жандарға арналған жер емес. Бұл жерде әр уақытта тұп-тұнық тыныштық, осынысымен де ол романтика іздеп келген ғашықтардың сүйікті демалыс орны.
Тынық мұхитының маржаны - Бора-Бора аралы. Бора-Бора танымал аралының басты байлығы - су асты тұрғындарының әртүрлілігі. Бұл мекеннен Акваланг киіп, Теңіз мұхитының суын шарлауға, барракуда мен акулаларды, скат балықтарын бақылап, тамақтандырып, олардың табиғаттағы өмірін тамашалауға болады. Пахия атты таулы шыңға серуендеу де қызық болмақ. Ежелгі аңыз бойынша, бұл таудан кемпірқосақпен бірге Соғыс құдайы түскен екен. Осы жолдан сіз жемісті бақтар мен ормандарды, сирек кездесетін ерекше өсімдіктер мен жануарларды кездестіре аласыз. Танымал жағажайға келетін жұлдыздардың саны да аз емес. Олардың есімдері Бора-Борадағы танымал мейрамхананың есігінің алдында жазылған.
Суреттер: mymoneyclub.ru