Әлемнің ең әдемі метро станциялары

Әлемнің ең әдемі метро станциялары

Көптеген елдерде метро әдеттегі көлік құралына айналған. Метро станцияларында жәрмеңкелер, байқаулар және фестивальдер өткізіледі. Кейбір метро станциялардың өзі үлкен көрме галереяға ұқсайды. Себебі, олардың көз тартар сұлу сәулеті мен келбеті кім-кімді болса да таң қалдырары сөзсіз.

Танымал Βootsnall туристік порталы 2011 жылғы әлемдегі ең әдемі метро станциясы деп танылған жер асты аялдамалардың тізімін жасаған болатын.

Champ-de-Mars, Монреаль, Канада


Бұл станция 1966 жылы ашылған. Виль-Мари ауданындағы сарғылт түсті Ескі Монреал желісінің бойында орналасқан. Champ-de-Mars станциясы күн ашық кезде өте әдемі. Күн сәулелері суретші Марсель Феррон (Marcelle Ferron) салған витражға түскенде, станцияның іші таңғажайып бақтай жайнап кетеді.

Монреаль метросының билет құны: 2,75$=399 теңге

Formosa Boulevard, Гаосюн, Тайвань


Бұл станцияның «Жарық күмбезі» деген басқа атауы бар. Әйнектердің бөліктерінен құрылған өрнекті суретші Нарцисс Квольята (Narcissus Quagliata) жасаған. Диаметрі 30 метрге, ал аумағы 660 шаршы шақырымға жететін күмбезде адам ғұмырының төрт күйі бейнеленген. «Су» - өмір нәрі, «Жер» - экономикалық өсу мен гүлдену, «Жарық» - шығармашылық рух, «От» - күйзеліс пен қызғаныш, махаббат пен шыдамдылық жолдауы.

Гаосюни метросының билет құны жол ұзақтығына байланысты. Ең арзан билет 20 тайвань доллары, ол шамамен 104 теңге. Билет: көк түсті смарт жетон

T-Centralen, Стокгольм, Швеция


Стокгольм метросының жүрегі саналатын Т-Centralen станциясында үш теміржол тарауы тоғысады. Күнделікті бұл метро станциясына мыңдаған жолаушы түседі.

Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап, бұл станцияның сәулетімен 140 суретші айналысты. Сәулеттің басым бөлігі саналатын көк түсті әрі қызықты суреттерді Вера Нильссон (Vera Nilsson) және Сири Деркерт (Siri Derkert) салған. Жалпы айтқанда, Швеция елінің жер асты көлік қатынасы әлемдегі ең әдемі метро болып саналады.

Стокгольм метросының бағасы 36 швед крон, теңгеге шаққанда, шамамен, 795 теңге болады.

Central Park, Гаосюн, Тайвань


Бұл станция қызыл жол бойында орналасқан. Станция атауы жақын маңда орналасқан орталық саябақтың құрметіне қойылған. Көк шалғынға ұқсайтын екі деңгейлі станция сәулетімен британ сәулетшісі Ричард Роджер (Richard Rogers) айналысқан.

Bayview, Торонто, Канада


Шеппард жолының бойында орналасқан станция 2002 жылы ашылған. Жоба авторлары Stevens Group Architects және суретші Паня Кларк Эспинал (Panya Clark Espinal). Барлық станцияда 24 өтірік суреттер салынған. Алыстан қарағанда, бұл суреттер абстрактілі болып көрінеді, ал жақындаған кезде бұл суреттер қызықты ермекке айналады.

Торонто метросының билет бағасының құны: $2.75=399 теңге

Bockenheimer Warte, Франкфурт, Германия


Франкфурт метросының ең басты станциясы - Bockenheimer Warte. Сондай-ақ, бұл станция арқылы басқа көлік құралдарына ауысуға болады. Станцияда сіз өзіңізді ғарыш кеңістігінде жүргендей сезінесіз. Жоба авторлары - сәулетші Петр Збижинев Пинински (Peter Zbiginiew Pininski) және суретші-сюрреалист Рене Магритт (René Magritte). Станция құрылысы 1986 жылы басталып, 2001 жылы аяқталды.

Франфурт метросының билет құны: 3 евро=600 теңге

Bund Sightseeing тоннелі, Шанхай, Қытай


Пу (Pu) өзенінің астында орналасқан бұл тоннельдің сәулеті кез келген жолаушыны қиял әлеміне әкететіндей әсер береді. Тоннель ішінде автомобильмен жүруге болады.

Тоннельде жол жүру бағасы бір бағытта 30 юань=720 теңге, екі бағытта 40 юань=960 теңге

Славянский бульвар, Мәскеу, Ресей


Славянский бульвар станциясы үлкен сарай іспетті. Станция 2008 жылы ашылған. Ашылғанына аса көп уақыт өтпесе де, станция көпшіліктің сүйікті мекеніне, Мәскеу метросының жауһарына айналды.

Мәскеу метросының билет бағасы: 26 рубль=130 теңге.

Kennington, Лондон, Ұлыбритания


Kennington – Лондон метрополитен станцияларының ең көне аялдамасы. Бұл станция 1890 жылы ашылған. Лондон метросы әлемдегі ең қымбат метролардың қатарында. Билет бағасы аймақтардың санына байланысты. Жалпы алты аймақ бар. Ең арзан билет: 3 фунт=705 теңге.

Changi Airport MRT, Сингапур


Станция 2002 жылы ашылған. Сондай-ақ, станция әуежай терминалдарын бір-бірімен байланыстырады. Станция ішінде үлкен конференция және көрме залы орналасқан. Аумағы 100 мың шаршы метрден асады. Станция сәулетіне кең көлемде әйнектер қолданылған.

Золотые ворота, Киев, Украина


Киев халқының ең сүйікті станциясы 1989 жылы ашылған. Бас сәулетшілер әкелі-балалы Борис пен Вадим Жежериндер. Станцияның көркемдік сәулетімен С. Адаменко мен М. Ралко айналысқан.

Киев метросының билет бағасы: 2 гривен=38 теңге

Olaias, Лиссабон, Португалия


Станция сәулеті жергілік Expo 98 көрмесіне орай ұштастырылған. Жоба авторы - Томас Тавейра (Tomás Taveira) жергілікті суретшілермен бірігіп жұмыс істеген.

Лиссабон метро бағасының құны: 3,70 евро=740 теңге

Puhung, Пхеньян, Солтүстік Корея


Пхеньянн метросының тереңдігі 110 метрге жетеді. Метро 1973 жылы ашылған. Метро көлік қатынасы үшін ғана емес, бомбадан қорғану мақсатында да салынған.

Puhung (қазақша «қайта құру») станциясы жарық түсіретін шамдарымен танымал. Бұл метро әлемдегі ең арзан метро қатарында.

Метро билет бағасының құны: 5 Солтүстік Корей вон, шамамен, 5-6 теңге.

Federal Triangle, Вашингтон, Колумбия округі, АҚШ


«Федеральды үшбұрыш» деп аталатын станция Вашингтон метрополитенінің көк және сарғыл жолдарының бойымен өтеді. Станция сәулеті геометриялық фигураларға толы.

Вашингтон метро бағасының құны жол ұзақтығына байланысты $1,65-$3,90 болады.

Кировский завод, Санкт-Петербург, Ресей


Санкт-Петербург метросының әлем бойынша тереңдігі орташа деңгейде. Бұл станция 1955 жылы ашылған. Станцияда Лениннің құрметіне қойылған ескерткіш орналасқан.

Санкт-Петербург метросының билет бағасы: 25 рубль=125 теңге.

Суреттер http://travel.tochka.net ғаламтор бетінен алынған

Форумда талқылау

Ғ. Ұзақ