Әлемдегі ең ұзын адам өсуін тоқтатты

Әлемдегі ең ұзын адам Султан Косенның бойының үздіксіз өсуі тоқтады. Бұл бірнеше хирургиялық оталардан соң мүмкін болды. Қазіргі кезде рекордсменнің бойы 251 см-ді құрайды.
Естеріңізде болса, осыдан 3 жыл бұрын түркиялық жігіт әлемдегі ең ұзын адам ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген болатын. Сол уақыттан бері Косен тағы 5 см-ге өсіпті. 

Бойдың өсуіне әсер ететін гормондардың шамадан тыс көбейіп кетуіне гипофизіндегі ісік себеп болған екен. Бірнеше ота мен АҚШ-тағы емделу курстарынан соң, Султанның ағзасы қалыпқа түсті.

Қазір 29 жасар рекордсмен фермер болып қызмет атқарып жүр. Балдақтың көмегімен жүріп-тұрып тірлік қылып жүрсе де, ол өзін бақытты сезінетіндігін, бұрынғы қиыншылықтарын ұмытқандығын айтады.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/s6bsunrzldw","width":"425","height":"350"});

Султанға шектен тыс ұзын бойы өмірінде көп кедергі болыпты. "Менің бала кезімде де бойым тым ұзын болды. Соның әсерінен көпшілік алдына шығып, көрінуге жүрегім дауалай бермейтін. Үйден шықпай, тыныш қана бөлмемде жылап жатушы едім. Қиналғаным соншалық, адам өмір сүрмейтін аралға қашып кеткім келетін. Бірақ Гиннес рекордтары кітабына енгеннен кейін өмірім күрт өзгерді. Қайта туылғандай болдым. Мен қазір бақыттымын", - деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: ladysstatarkas.quicksnake.cz