Кітап дүкені тек кітаптар сөресі ғана емес, бірінші кезекте зиялылық пен жан тыныштығының ерекше атмосферасы. Баспалы кітаптардың кезеңі тоқтап келе жатыр деп ойлайтындарға әлемдегі ең әдемі кітап дүкендерінің біріне кіріп көрулерін сұраймыз. Ол жаққа кірген адамның шыққысы келмейді. Selexyz Dominicanen, Маастрихт, Нидерланд Маастрихт қаласындағы Selexyz Dominicanen әлемдегі ең әдемі кітап дүкендерінің бірі болып табылады. Бұл дүкеннің ерекшелігі ол 2006 жылдан бастап ежелгі XIII ғасырдағы Доминикан шіркеуінде орналасқан. Ол екі ғасыр бойы жартылай бұзылып жатырған. Соңғы жиырма жыл оны велосипед сақтайтын қойма ретінде пайдаланған. Оны архитекторлар қолға алмаса, солай жалғаса да беретін еді. Қала басшылығы оны кітап дүкені ретінде қолдануға рұқсат бергенімен, дизайнерлерге ғимарат құрылымын өзгертпеу керек деген шектеу қойған. Мұндай шектеу қойылса да, әдемі әрі ерекше кітап дүкенін жасау дизайнерлердің қолынан келді. Дүкенде апта сайын қызықты шаралар, яғни авторлармен кездесу, лекциялар, қойылымдар мен сұхбаттар жүріп отырады. Livraria Lello, Порту, Португалия Livraria Lello кітап дүкені Португалияның басты көрікті жері болып саналады. 1884 жылы португалдық кәсіпкер шағын кітап дүкенін сатып алады. Кеңейетін уақыт келген кезде арнайы ғимарат салу туралы шешім қабылдайды. Егер кітап оқығанды ұнатпасаңыз да, оның керемет архитектурасы мен дизайны сүйсінуге тұрарлық. Livraria Lello кітап дүкенінің басты ерекшелігі екінші қабатқа көтерілетін бұранда ағаш баспалдақ. Librerіa Ateneo Grand Splendid, Буэнос-Айрес, Аргентина Кітап оқуды әрі театрға баруды жақсы көретін адамдарға Буэнос-Айрестегі Librerіa Ateneo Grand Splendid кітап дүкені демалуға арналған керемет жерге айналады. Бұл кітап дүкені 1919 жылдан 2000 жылға дейін Grand Splendid Theater театры жұмыс істеген кварталда орналасқан. Бұл театрға Аргентина қоғамының барлық зиялы қауымы барған. Бастысы кинотеатр кітап дүкеніне айналған соң да оның ішкі көрінісі өзгермеген.