- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Әлемдегі алдыңғы қатарлы...
Әлемдегі алдыңғы қатарлы қонақүйлер #2
Жағдайың көтерсе, жаныңа жақындарыңды ертіп, сырлы әлемді аралап, алыс-алыс жерлерге саяхаттағанға не жетсін?! Күні бойы тарихи шаһарды не экзотикалық аралды, не болмаса, құмды жағалауды тамашалап келген соң, шаршағаныңызды басып, қызыққа толы ұзақ күнді қорытындылап, қайта релакция процесін жасау үшін сізге ең бірінші, әрине, жайлылық керек. Ал ол үшін сізге жақсы демалыс орны қажет. Өткен жазбамызда әлем қонақүйлерінің алдыңғы қатарлы он топтамасын ұсынған едік. Енді бүгін, сол ондығымызды жалғаймыз.
1. «Alpina Gstaad» қонақүйі, Швейцария
Швейцарияның қарлы Гштад ауылы Альпі аумағының ең керемет демалыс орны болса, «Alpina Gstaad» қонақүйі өз келушілеріне бірінші кластағы белсенді демалыс сыйлайтын бөлмелерін ұсынады. Қонақүйдің тағы бір ерекшелігі, өз көрінісімен көзді арбайтын Альпі табиғатына сүйсіне қарауға мүмкіндік беретін балконы бар.
2. «Hotel de Glace» қонақүйі, Квебек, Канада
Бұл – 2001 жылы алғаш Солтүстік Америкада ашылған мұзды қонақүй. Жыл сайын желтоқсан айында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сыртқы түрі өзгертіліп, қонақтарын үш ай бойы қабылдайды. Қонақүй өзінің кішкентай шіркеу, бар және үлкен қарлы қыратымен атақты.
3. «Gamirasu Cave Hotel» қонақүйі, Түркия
Жақында қалпына келтірілген бұл қонақүй ежелгі Византия елінің шекарасында орналасқан. Бөлменің жарты бөлігінде монахтар жиналатын қайта өңделген бөлек орын бар. Қонақүй Каппадокия өңіріндегі Ургюл қаласының таулы үңгірлерінде салынған. Ол өзге қонақүйлерден керемет қызмет көрсетуімен ерекшеленеді.
4. «Rayavadee Resort» қонақүйі, Тайланд
Бұл жер джунглимен оралған, тыныштық іздеген жанға жайлы мекен болмақ. Гидробассейн қабылдап, күннің батуын тамашалап, құмды жағалауда кешкі ас ішіп отыруыңызға жақсы жағдай жасалған.
5. «Hotel Au Vieux Panier» қонақүйі, Франция
Марсель қаласының дәл ортасында орналасқан «Hotel Au Vieux Panier» қонақүйі әлемге атақты суретші-дизайнерлердің көмегінсіз-ақ жасалған. Жыл сайын қайта жөндеу жұмыстарынан соң, бұл қонақүй өте жоғары деңгейдегі тазалыққа ие. Қонақүйдің шатырында қаланы қызықтауға мүмкіндік беретін терраса мен сарқылмас рухани азық алуға болатын ерекше кітапхана бар.
6. Нгоронгоро жанартау ауызындағы мекен, Танзания
Бұл табиғи қонақүй өзінің тұрағымен өзгеше: сөнген Нгоронгоро жанартауының ауызының жиегінде тұр. Қорықтың шекарасында Африканың азайып бара жатқан аңдарын көруге толық мүмкіндігіңіз бар.
7. «Panchoran Retreat» қонақүйі, Бали
Бали джунглиінің арасынан жарып шыққан бұл тұрғын жайдың үлгісін ирланд дизайнері Линда Гарланд ұсынған. Бұл қонақүй бір уақытта арт-жоба, шипажай әрі табиғи саябақ бола алады. Айта кетерлік жайт, бұл қонақүйде белгілі кинорежиссер Райан Мёрфи өзінің «Азықтан, дұға ет, сүй» фильмінің бір бөлігін түсірген екен.
8. «Boscolo Milano» қонақүйі, Италия
1920 жылы ғимарат толығымен өзінің келбетін өзгертті. Ал қазіргі таңда «Boscolo Milano» деп аталатын қонақүй Алтын алаң мен Милан Соборының көрінісімен көздің жауын алады. Бұл қонақүй алдыңғы қатарлы қонақүйлердің тізімінде. Ол бес жұлдызды мейрамханасы және спа-орталықтарымен мақтана алады.
9. «Anantara Golden Triangle Elephant Camp & Resort» қонақүйі, Тайланд
Бұл қонақүй Тайланд, Лаос және Мьянма мемлекеттерін кесіп жатқан таулы Солтүстік Тайланд джунглиіндегі пілдер бағында орналасқан. Ол тек спа-қызметтерімен, сондай-ақ піл үстіне отырып джунглиді аралайтын ұмытылмас шақ, пілдің кішкентай балаларымен ойнайтын ермек сыйлайды. Тағы да пілмен бірге йогамен айналысып, пілмен көкке шығуға болады.
10.«Hotel Sidi Driss» қонақүйі, Тунис
Экзотикалық этникалық қонақүй саздан жасалған үңгірлерімен айрықша. (Бербер тұрғындарының дәстүрлі үйшіктерінің көшірмелері). Егер сіз «Жұлдыз соғыстары» фильмін сүйіп көретін болсаңыз, Татуин планетасын көрген Люк Скайуокердің тұрақты мекені болған бұл тұрғын жайда 10 АҚШ долларына бір түн қона аласыз. Ойландыра ма?
Сурет: mixstuff.ru, booking.com, checkin.trivago.gr, tipsandsecrets.com.br, maph.org, follow-your-trolley.com
Е. Жұмабайұлы