Әлемді жалғыз өзі аралап жүрген 89 жастағы әже

Алдыңғы жазбамызда жасының өте үлкендігіне қарамастан ерлікке барған ақсақал туралы айтқан едік. Бұл жолғы әңгімеміз де соған ұқсас жағдай. Өмірді сүйесіз бе? Ендеше, Лена әжейден үлгі алыңыз. Фэйсбук әлеуметтік желісінде Екатерина Папина атты қыздың жазбасы адамдардың назарын аудартты. Екатерина Азияға саяхаты барысында Лена есімді красноярлық 89 жастағы саяхатшы әжейді кездестіреді. Айтуынша, қарт әжей осынша жасына қарамастан жыл сайын әлемді аралайды екен. Бір қызығы, әжей ешкімнен қарыз сұрамай, ай сайын алатын зейнетақысын "әлемді көруге" жинайды.

Екатерина  әжеймен таңғы ас кезінде танысқан. Лена әжей соғысқа қатысқан. Соғыста тылда жұмыс істеген. Қызы мен екі жиені бар, бірақ жалғыз тұрады. Дәл солай әлемді де жалғыз аралауды мақсат тұтқан.

Екатерина папинаның фэйсбук желісіне жазған жазбасы мынадай: 

"Достар, мен сіздерді өте бір қызық адаммен таныстыруды жөн санадым. Осыдан аз уақыт бұрын мен Вьетнамда демалысымды өткіздім. Екінші күні тамақтанып отырсам, көрші үстелден орысша сөйлеген адамның дауысы естілді. Қарасам, жасы егде тартқан кәрі әжей даяшыға өзіне ащы тағам керек екендігін түсіндіріп жатты. Әжейдің қасында жап-жас қыз отырды. Орысша сөйлеген әжейді көріп, қуанып, қызымен бірге демалуға келген шығар деп ойладым.  Әжейге көмектесейін деп жанына барсам, әлгі қыз оның қызы емес, жай ғана осы саяхат барысында танысқан біреу болып шықты. Неткен керемет! Әжей жалғыз келіпті. Красноярдан Вьетнамға 89 жаста ұшып келу дегеніңіз...

Сөйтіп, біз жақын таныса бастадық. Әжей 1927 жылы дүниеге келген. Соғыс кезінде тылда жұмыс істеп, әскери адаммен тұрмыс құрған. Алайда, кейін күйеуі ішкілікке салынып кеткесін ажырасып кеткен. Бір қызы, екі жиені бар. 

Лена әжей саяхаттауды 83 жасында бастаған. Ешкімнен қарыз алмай, өз зейнетақысын жинап, жылына 1-2 рет әлемге саяхат жасайды. 

Таяғына сүйеніп жүрсе де, оның денсаулығы саяхаттауға жарайды. Көзі жылдан-жылға нашарлау үстінде. Бір көзі мүлде көрмесе, екінші көзі өте нашар көреді. Ота жасағысы келеді. Алдыңғы жолы жасатқан отасы сәтсіз шыққан. Красноярскте турагенттіктің көмегіне жүгініп, жыл сайын баратын елінің жолдамасын алып тұрады. Әжей жалғыз ғана сөмкесін арқалап жүре береді. Сөмке ауырлық туғызса да, оған әр жерде көмек қолын созатын мейірімді жандар табылады. 

 

Ол өте ақылды және өте позитивті адам. 

 

Лена әжей әр жылы саяхаттайды. Себебі, әлемді көріп қалғысы келеді...

89 жасқа келіп, әлемді жалғыз аралау кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс һәм әркімге қона бермейтін бақ десек, қателеспейміз. Сірә, өмірге құштарлық деген осы болар. Ал, біз өмірді қаншалықты сүйеміз?!