Әлем елдерінің үйлену салттары

Ер мен әйел – отбасының екі іргетасы. Ол үйленумен қаланады. Ойшыл А.Шопенгауэр айтпақшы: «Үйлену дегеніміз - өз құқығыңның жарымын азайтып, міндетіңді екі есе көбейту деген сөз». Қадым замандардан бері адамзат баласы осы бір жауапты дәстүрге ерекше мән беріп, аса жауапкершілікпен қарап келеді. Және бұл дәстүр әр елде әртүрлі атқарылады. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Мұны айтқан мен емес, дана қазақ. Бүгін дәл осы аталы сөздің дәлелі ретінде Жер шарындағы әртүрлі елдердің үйлену салттары жайлы сөз қозғамақпыз.

Нигерия жерінде салт-дәстүрлер ежелден бері қалыптасқан үрдіс бойынша келе жатыр. Мәселен, күйеу жігіт қалыңдығына жету үшін ұзын дәлізден өтеді. Ол дәліздің әрбір есігінде қалыңдықтың туыстары тұрады да, қолдарындағы таяқтарымен қатты  ұрып қалуға тырысады. Бұл ғұрыптың сыры – азаматтың отбасын асырай алу, отағасы болудағы дайындығын тексеруде жатыр. Мұндай дәстүр Біріккен Араб Әмірлігінде де бар.

Сондай-ақ, кейбір мемлекеттерде жігіт өзін ұрып жатқанда арыстанның дауысын шығару керек. Мұндай дауыстарды қыздың басқа да туыстары шығарады. Сол кезде қыз өзінің болашақ жарының дауысын танып, оған шығу керек.

Йемен халқында өте сирек кездесетін, ерекше дәстүр бар. Оларда жігіт неке қимас бұрын момын, көнгіш болуға бойын үйретуі керек деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан, той біткенше елдің бәрі оны шымшылап, итеріп, ұрады екен.

Македонияда алғашқы неке түніне байланысты өте қызық салт бар. Жас-жұбайларды той біткен соң тас қараңғы үңгірге жібереді. Таңертең келіншек алдын ала жасырылған бас киімді немесе етікті тауып алып шығуы керек. Егер ол аяқ киім алып шықса, өмір бойы еркекті өз уысында ұстайды, ал  бас киімді алып шықса, неке ұзақ және бақытты болады екен.

Грекияда бұл дәстүр біршама өзгешелеу болып келеді. Үйлену той күні қалыңдық күйеу жігіттің аяғын басып қалуға тырысады. Ал жігіттің бұған жол бермеуі керек. Келіншек аяқты басып үлгерсе, жігіт өмір бойы оның аяғының астында болады деген сөз.

Малайя елінде матриархат патшалық құрып тұр. Отбасындағы басшы – әйел. Үйлену тойынан кейін әйел күйеуін оп-оңай қуып жібере алады. Ондай болмау үшін күйеуі үйіне қомақты ақша алып келіп тұруы керек. Және үй шаруасындағы барлық қызметті анықтайтын да – әйелдер. Шыдамаған еркек ажырасуды қаласа, бүкіл мүлік әйелде қалады.

Еуропа халықтарының біразында үйлену тойы кезінде барлық қонақтар жас-жұбайлардың киімдеріне ұқсас киінеді. Олардың сенімі бойынша, бәле-жала, теріс күштер бірдей киінген адамдардың ішінен жас-жұбайларды таппай қалады.

Швецияда қыздар бала көтермейінше тұрмысқа шықпаған. Мұның мәні - қыздар жар атанбас бұрын ана бола алатындығын дәлелдеуінде жатыр.

Финдік қалыңдықтар өз жасауларын ерекше жағдайда жияды: олар көше-көшені аралап, адамдардан жасауға қосуға бір нәрсе берулерін сұрайды. Ал адамдар одан бас тартса, қыз оларды өз қалағанынша жазалауға құқылы.

Жалғасы бар...

Суреттер:katerinaktokuda.livejournal.com,doseng.org,diana-indigo.livejournal.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева