- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Ал сіз кім...
Ал сіз кім болғыңыз келіп еді?
Әлемнің ең қызықты деген басылымдарында біз бен сіз ойламаған түрлі мамандықтардың тізімін жасайды. Қайсыбірі адамға оғаш көрініп жатса, сол мамандық иелері – жеңімпаз атанады екен. Жыл сайын бұл тізімге қоғамға керектілігімен енген жаңа мамандықтар қосылып отырады. Өткен жылы, мәселен, ең ерекше делінген мамандықтар қатарында шыны аяқтарды қаптаушы, бәлішке бал жағушы, телефон арқылы қызмет көрсететін тәуіп секілді мамандықтар болған.
Ендігіде жаңадан табылған ерекше мамандықтардың тізіміне көз жүгіртіңіз...
Арман сатушы. Мәселен, кеңсе қызметкері бір күн даңқты актер болғысы келсе, қаржыгер ақшаға шомылғысы келсе, психиатр маман өзінің түкті де түсінбейтін клиентін ұрғысы келсе мұндай армандарды орындауға арнайы компания көмектеседі. Барасыз. Арманыңызды айтасыз. Арманыңды орындау үшін қалтаңызға 150 000 АҚШ доллары сомасында ақша салып алыңыз...
Доп әкелуші. Мұндай вакансиялар көбіне гольф-клубтарда болады. Бұл мамандық иелерінің басты міндеті ойналатын гольф-алаңынан бірде-бір гольф добын қалдырмай жинау.
Құмырсқа аулаушы. Құмырсқа аулаушылар құмырсқа фермасына апаратын жәндіктерді жинайды.
Ми алушы. Сойылған малдың миын алушы арнайы маманның жұмысы екен.
Иіскеуші маман. Бұл мамандық көбіне дезодорант пен иіссу шығарушы компанияларда жұмыс жасай алады. Олар ерікті түрде қатысушы адамның қолтығына дезодорант себеді де, күні бойы сол иістің кету-кетпеуін бақылауға алады.
Жұмыртқа жарушы. Жұмыртқа жарушы тауық жұмыртқасын жарумен айналысады.
Балапандардың жынысын тексеруші. Балапандардың жынысын туғаннан кейін бір тәулік өткенде анықтауға болады екен. Әрмен қарай қандай жағдайда, қалай тамақтандыру керектігін білу үшін арнайы операторлар оның жынысын анықтайды.
Аяқ киімді тегістеуші. Аяқ киім сататын бренд-бутиктерде сатып алушылар етіктерді бірінші киіп көреді. Көлемі немесе сәні басқа болса қайтарады. Осы қайтқан аяқ киім беті мыжылған соң оны тегістейтін маман болады екен.
Гольф-таяқты сүртуші. Керемет делінген голф-клубтарда гольф-таяқтарды сүртетін арнайы маман болады.
Жұмыртқа иіскегіштер. Кондитерлік өндіріс орнында мамандар бұзылған жұмыртқаны анықтайды.
Жастық реттеуші. Көптеген жиһаз дүкендерінде жастықтардың қырланбай, әдемі болып тұруын қадағалайтын мамандар болады.
Әңгімелесуші. Жапонияда осындай мамандық бар екен. Олар адам көп шоғырланған жерде арнайы жайғасады. Көшедегілер өз мұңын шақса да, іш пысқан соң әңгімелессе де, басқасын айтса да оларды тыңдап отыратын адам бар болып шықты. Орташа есеппен олар күніне 10 000 адамды тыңдай алады екен.
Дәретхана көрсетуші. Қытайда бұл адамдар көшеде жүріп, қысылған адамға жақын арадағы қоғамдық дәретхана қайда екенін айта алады. Тиісінше өз жұмысы үшін олар 4 цент пайда түсіреді.
Кезекте тұрушы. Ұлыбританияда жаңа қызметті ұсынатын мекеме ашылыпты. Олар адамның орнына кезекке тұрып береді екен. Сағаты 40 доллар. Расымен де, статистика бойынша, әр ағылшын азаматы өміріндегі бір жылын кезекте тұрып өткізеді екен.
Жалданбалы туысқан. Бұл мамандық Қытайда ресми түрде тіркелген. Егер сіз жалғызсырып, дос таппай жүрсеңіз немесе үйлену тойына адамдар жетіспей жатса арнайы "туысқандарды" жалдай аласыз.
Әрмен қарай ең таңдаулы әрі армандағы мамандықтар...
Курортты аралдың тазалаушысы. Бен Сотхел деген азамат 35 мың сұранушының ішінен таңдалған. Ол жарты жыл бойы Hamilton аралында тегін өмір сүріп, $110,000 көлемінде айлық алмақ. Ал өзі теңіз жағасындағы виллада өмір сүрмек.
Ең қымбат кереуеттің тестері. Ройсин Медигэн (Roisin Madigan) есімді 22 жастағы студент қыз Savoir Beds брендінің төсегінде ұйықтағаны үшін $1.000 сомасында айлық алады. Бұл компания бес жұлдызды қонақ үйлерге арнап қымбат жиһаздар жасайды. Ал өз кезегінде Ройсин өзінің қалай ұйықтағаны жөнінде әлеуметтік желілерде блог етіп жазуы тиіс.
Аттракциондардағы сумен сырғанаушы. Томми Линч (Tommy Lynch) сумен сырғанайтын, арнайы тесттен өткізетін маман. Ол бір жылдың ішінде әлемді аралап шыққан адам. Оның негізгі жұмысы аттракционда сырғанап, өзінің қалай сырғанағы жайлы толық мәлімет беру.
Шарап тестері және блогер. Жігіт күнделікті шарап ішіп, өзінің қандай күйде болғанын блогқа жазады. Айына 10 мың АҚШ долларын алатын жігіттің арманы бар ма?!
Кәмпит тестері. Мектеп жасындағы Гарри Уилш (Harry Willshe) кондитерлік фабриканың арнайы байқауын жеңіп алды. Ол кәмпиттердің түр-түрін жейді де, ұнаған-ұнамағанын жазады.
World of Warcraft ойынының тестері. Біреулер ақы-пұлсыз бұл ойынды ойнай беруге құмар, ал бұл мамандық иесі компьютер аттыдан шошитын шығар...
Ал сіздің мамандығыңыз қандай?
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: livejournal.com
А. Құлтай