Ақырзаман туралы болжамдар

Соңғы кездері ел аузында ақырзаман 2012 жылы орын алады екен деген қауесет қаптап жүр. Бұл қауесеттен сіздің де хабардар екендігіңізге күмәніміз жоқ. Айтылған болжамдарға күлгендер де бар, сенгендер де бар. Ал дәл осындай жалған болжамдар бұған дейін сансыз рет айтылған және әлі қаншама рет айтыла беретіні белгісіз. Сенбейсіз бе? Ендеше назарларыңызға ақырзаман туралы мыңдаған жыл бұрын айтылған ең қызықты болжамдарды ұсынамыз.

Алғашқы болжам б.з.д. III  ғасырларға жатады. Күллі әлемнің көкке ұшатындығын хабарлаған сәуегейлердің бірі - ежелгі гректің абыз әйелі Кассандра болатын. Бүгінде әлемнің көптеген халықтары, тіпті кішкентай бөбектердің өзі оның есімін жақсы біледі. Аңыздарға сүйенер болсақ, Кассандраның болжамы - оның ұлы қойшы Париса мен Елена ханшайымның кесірінен Трояның қирауымен тікелей байланысты. III ғасырда өмір сүрген сәуегей Апокалипсистің нақты күнін айтпаған. Бір қызығы ешкім сенбесе де, Кассандарның кез келген болжамы орындалып отыратын болған. Ал бүгінгі күнгі біздің жағдай тіптен керсінше болып келеді. Ақырзаман туралы түрлі болжамдар айтылады, адамдар оған сенеді, бірақ ешбірі әлі күнге дейін орындалмаған.

Б.з.д 30 – б.з 476 жылдары Рим империясының заманы дүркіреп тұрған кезеңде өмір сүрген көріпкелдер бүкіл әлемді өз қағанаттарының болашағымен байланыстырған. Яғни олардың болжамы бойынша, ақырзаман Рим империясы құлаған сәтте орнайды екен. Онымен қоса олар империяның түбіне жалқаулық, бұзықтық, жезөкшелік жетеді дегенді айтқан. Болжамдардың ешбірі де ақиқатқа айналмады. 

1648 жылы Смирна қаласының бір тұрғыны ақырзаманның жақындағанын «көргенін» жария етеді. Ол 1666 жылы тіршілік жойылатын айтқан. Осы пікірден соң, халық тағы да тірішілікпен қоштасуға қамдана бастайды. Дегенмен ол күн де оқыс оқиғасыз өте шықты. Мұндай кезде тәртіпсіздіктің орын алатын білген Стамбулдың ұлы уәзірі Саббатай Цви атты әлгі сәуегейді зынданға салады. Ал, оған сенген мыңдаған адам екі ортада ақымақ болып қала берген.

1843 жылы АҚШ-та Уильям Миллер деген адам ақырзаманның келіп қалғанын, оның 3 сәуірде болатынын айтып, дабыл қағады. Жұрт 3 сәуірді үреймен қарсы алғанымен, қияметтің қарасы да көрінбейді. Ал, Миллердің қайда кеткені белгісіз.

Тағы да бір болжамдардың бірі - Иегова куәгерлерінің басшысы Чарльз Расселдің ақырзаманның болар күнін 1847 жылға белгілегені. Кейіннен ол бұл күнді 1904 жылға жылжытты. 

Апокалипсис нұсқаларының ең атақтысы ХХ ғасыр басында болады деп күтілген Жер мен Алып кометаның соқтығысуы еді. Бұл туралы барлық еуропалық газеттер жарыса жазды. Болжам тағы да жалған болып шықты. "Ғарыш әзәзілінің" алып құйрығы біздің планетамызды айналып өте шықты.

Бүгінгі күні адамзат қоғамы сәуегейлікке аса сене бермейді. Есесіне ғылым мен техника дамып, нәтижесінде ақырзаман туралы жаңа болжамдар айтылып келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында бүкіл тіршілік атаулы өз мәресіне жетеді деген болжам да шыққан болатын. Сұм соғыстың кезіндегі Апокалипсис туралы болжамның ең танымалы АҚШ пен Кеңестер Одағының арасындағы ядролық соғыс болды.

Деректерге сүйенсек, 2000 жылдан бері ақырзаман болады деп болжанған күндердің саны 27-ге жеткен.

Олардың ең негізгілері - «Ванга әже айтыпты, Нострдамус болжапты» деген алып-қашпа сөздер мен Америка құрлығындағы ежелгі өркениет – Майя тайпасы жасаған жұмбақ күнтізбенің 2012 жылмен аяқталуы болып отыр.


Көне Майя өркениеті біздің заманымызға дейінгі 3113 жылдың 13 тамызынан басталады. Уақыт өлшемінің нақтылығы кім-кімді де қайран қалдыратын көне Майя күнтізбесінде 2012 жыл – «Күн батыстан шыққан кез» деп көрсетілген екен. Бірақ одан кейін тіршілік жойылады деп айтылмаған.

Оның үстіне, Майя күнтізбесін арқау етіп, Голливуд түсірген «2012» фильмі отқа май құйғандай әсер етті.

2012 жыл былай тұрсын 2014, 2018, 2019 тіпті 2036 жылдан ары деп көрсетілген бірнеше деректер бар. Бұдан адамзат баласы қанша зерттеп бүкіл өмірін сол жолда сарп етсе де, ақырзаманның қай күні екенін дәлірек айталмайтынына көз жеткіземіз.

Суреттер: blamag.ru, shkolazhizni.ru, vpleny.ru, molodej.org, mir3d.ru, adventusvideo.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева