- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Ақылға қонымсыз алқызыл...
Ақылға қонымсыз алқызыл бұлт
Жұртшылық қауым бірден түсіне қоюы қиын құбылыстарды айтқысы келгенде таңғажайып, ғаламат, ауызбен айтып жеткізгісіз, жұмбақ, әдеттен тыс, ақылған қонымсыз, саған өтірік маған шын, таң-тамаша деген сөздерді қолданып жатады. Иә, табиғатта бұрын болып көрмеген немесе өзіңіз танып-білмеген жайттарды білдіру қажет болғанда мұндай сөздің алуан түрінің табылатындығы хақ. Бүгінгі табиғат кереметіне жоғарыдағы сөздің қайсыбірін айтсаңыз да, әбден жарасады.
Бүгінде әлемдегі туристердің барлығы қытайлық Гансу ауданындағы ерекше табиғат көрінісін тамашалау үшін үздіксіз ағылып келіп жатыр. Өйткені, мұндағы геологиялық түзілістің нәтижесінде пайда болған Қытайдың ең көрікті жері - "Дэнксия ландшафты" өміріңізде бір рет болсын көруге тиіс мекендеріңіздің бірегейі екендігіне кепілдік береміз. "Дэнксия" "алқызыл бұлт" деген мағынаны білдіреді.
Тарих беттерінде бір кездері алтын әріптермен жазылған дүниелердің ұмыт қалып жататындығы бар. Мұндай келеңсіз жағдай қытайлық Чжанье қаласының да басынан өтті. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын әлемнің ең дамыған әрі ең гүлденген қалаларының қатарында болған Чжанье Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Тіпті, сауда-саттық орталығы болды десек те қателеспейміз.
Ал Ұлы Жібек Жолы құлдырап, тарих сахнасынан жоғала бастағанда қаланың да дәурені бітті. Мемлекет те адам сияқты: туады, өседі, дамиды, әлсірейді, ақыры өледі. Чжаньенің өлім құшағына терең батып кеткендігі соншалықты, оның ең басты құндылығы саналған "түрлі-түсті таулардың" өзі ұмыт қалды.
Қаншама жылдар бойы көзден де, көңілден де жырақ болып келген Дэнксия белгілі қытайлық режиссер түсірген фильмнен кейін елді елең еткізді де, туристерді өзіне қайтадан баурап алды.
Жалпы, "Алқызыл бұлттың" түзілісі жиналған құмдақтар мен басқа да минералдардың нәтижесінде осыдан миллиондаған жылдар бұрын басталған. Ауа мен судың әсерінен бұл шөгінділер тотықтанып, осындай таң-тамаша дүние пайда болды.
Ал Дэнкия аумағы өзінің алуан түрлі түсі үшін қызыл түсті құмдақтар мен әртекті шөгінділерге және топырақ эрозиясына рақмет айтуы керек. Таңғажайып өңір бір қарағанда теңіз толқындарына қатты ұқсайды.
Зерттеуші-ғалымдардың айтуынша, Дэнксия ландшафты мезозой эрасында түзілген. Оның қойнауынан сол дәуірден хабар беретін тасқа айналған динозаврлар, өсімдік қалдықтары табылған.
Нысан 2010 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына қосылды. Аумақта өте сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер қорғауға алынған. "Алқызыл бұлт" туристер үшін әрқашан ашық болғандықтан, естен кетпес серуен жасауға ешқандай кедергі жоқ.
Суреттер:eco-mir.livejournal.com,kulturologia.ru,kulturologia.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева