АҚШ-тың Флорида штатында тарақан жеуден өткен ерекше сайыстың соңы қайғылы аяқталды. Нақтырақ айтатын болсақ, жарыс жеңімпазы қайғылы жағдайда қайтыс болды, дейді Lenta.ru.
Конкурс 5 қазанда штаттағы Дирфилд-Бич атты қаланың біріндегі зоодүкенде өткен екен. 32 жасар жергілікті тұрғын Эдвард Арчболд қалған қатысушыларға қарағанда ең көп жәндік жеп тауысқан. Кейін жарыс қорытындысы шығып, жеңімпаз анықталған бойда, әлгі жігіт өзін жайсыз сезіне бастаған. Кейін көшеге шығып бара жатып құлап, орнынан тұра алмай қалған. Оны дереу жедел-жәрдем келіп алып кетеді. Бірақ ақыры ауруханада өз-өзіне келе алмай, көз жұмған.
Конкурс барысында Арчболд ондаған тарақан мен құрттарды жеп қойған. Бірақ қалған қатысушылар бойынан ешқандай ауытқушылық байқалмаған көрінеді. Әзірге жеңімпаз өлімінің нақты себебі анықталмай отыр. Жеңімпаз тірі болғанда, оған сыйлыққа тірі питон берілетін еді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет