Абайлаңыз, көбелектер шабуылы!

Қазіргі таңда көптеген заманауи қалалар өз көшелеріндегі жайқалып тұрған әдемі гүлдерімен, жап-жасыл талдарымен мақтану құрметінен мақұрым қалуда. Мұндай қалалардың көрінісі сұрықсыз әрі көңілсіз көрінеді. Бағымызға орай, сіз бен біз мұндай сезімді бастан өткеріп көрген жоқпыз. Өйткені, біздің Алматымыздың көшелеріндегі әсем гүлдер мен талдар көзімізді қуантудан шаршаған емес.

Ал жоғарыда айтылған сүйкімсіз қалалардың тұрғындары бей-берекет қарап жатпайтын көрінеді. АҚШ-тың қолынан өнер тамған тұрғындарының бірі Таша Льюс өз қаласында безендіру жұмыстарын бастап кетті. Ол АҚШ-тың өзге де қалаларына барып «көбелектер шабуылын» ұйымдастырып жүрген көрінеді.

Көбелектер – Жер бетіндегі сүйкімді жаратылыс иелерінің бірі. Сүйіспеншілік пен нәзіктіктің нышаны болып саналатын осы бір жәндікті небір талантты суретшілер өз туындыларына арқау етіп келеді. Мұның дәлелі ретінде Карлос Аморалес, Анна тен Доклер сынды атақты суретшілердің еңбектерін айта аламыз.

Ал Таша Льюис көбелектерді қоршаған ортаның сұлулығы үшін жүретін күрестің нышаны ретінде пайдаланды. Қалай дейсіз бе? Таша АҚШ-тың бірнеше қалаларына барып өз қолымен жасаған жүздеген, тіпті мыңдаған жасанды көбелектермен қала көшлерін безендіреді.

Таша Льюс бұл қалаларға нағыз көбелектердің шабуылын ұйымдастырады. Ол ұсқынсыз қақпаларды, ғимарат қабырғаларын, бағаналарды, ағаштарды, тіпті сүйкімсіз қоқыс жәшіктерін көбелектермен әшекейлейді.

Тарих беттерін парақтап өтер болсақ, мұндай безендіру жұмыстары он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында жүргізілген екен. Алайда, мұндай әшекейлер көп тұрмайтын болғандықтан қолданыстан шығып қалады.

Таша Льюистің ойлап тапқан көбелектері алдыңғысына қарғанда әлдеқайда көрікті және сапалы болып келеді.

Суреттер:mandalay.ru,lifeglobe.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева