Жазғы демалыс күндері аяқталып, көпшілік үлкен ынтамен жұмысына кірісіп кетсе де, күз бен қыста саяхатқа аттануды жөн санайтындар да легі де аз емес. Себебі, қыры суықта күйбең тірліктен қашып, мен мұндалаған Мальдив жағажайына баруды аңсамайтын адам жоқ шығар.
Технология дамыған мобильді заманда жиі сапарлатуды әдетке айналдырғысы келетін оқырмандарымыз үшін пайдалы ақпаратпен бөлісуді жөн көрдік. Осы орайда Air Astana авиакомпаниясының өкілі, корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Тілек Әбдірақымов үнемдеу арқылы, жиі саяхаттау мүмкіндігіне қол жеткізу жолында пайдаға асатын кеңестерімен бөліскен болатын. Бүгін нақты өз елімізден шетелге аттанарда ескерер біраз маңызды сұрақтың жауабын аласыз.
Қазақстаннан ұшатындар үшін билет құны ең арзан болатын айларды атасаңыз?
Қазақстаннан ұшақ қабылдайтын көптеген қалаларға билет құны ақпан, сәуір айының ортасынан мамырдың ортасына дейін, қараша айларында арзан болады.
Қазақстандықтар қай айларда қандай елдерге жиі аттанады және саяхаттың бәсеңдейтін шақтары қай кез?
Саяхаттың көбейетін кезі, әрине, жаз айлары (демалыс маусымы) Грузия, Черногория, Түркия және демалысты жайлы өткізуге болатын басқа да курорттық елдер басым болады. Бірақ БАӘ мен Мысыр жаз айларында тым ыстық болуына байланысты бұл тізімге кірмейді.
Мысырға баруға аса тартымды айларға сәуір, мамыр, қазан мен қараша жатады. Мальдивке барудың ең жақсы кезі қарашадан сәуірге дейінгі аралық болып саналады. Десе де Мальдивтің жағажай маусымы жаз мезгілінде де үлкен сұранысқа ие. БАӘ-не баруға жылдың қай мезгілі де қолайлы. Рождество, Жаңа жыл, Наурыз сынды ұзақ демалыс берілетін кездер мен оқушылардың жазғы демалыс маусымында барлық елдерге сұраныс артады.
Грузия, Черногория, Түркияға ұшатындардың саны қыс айларында күрт төмендейді.