Сол бес жұлдыз қонақ үйлерге не үшін беріледі? Төрт жұлдыздан айырмашылығы неде? Ондай қонақ үйді өзгелерден қалай ажыратуға болады?
Әдетте, адамдар қонақ үйдің сапасы оған берілетін жұлдыздар санымен анықталады деп ойлайды. Бұл теріс тұжырым. Шын мәнінде, жұлдыздар санын анықтайтын бірегей дүниежүзілік стандарт жоқ. Сол себептен екі 5 жұлдызды қонақ үй сапа жағынан бір-біріне мүлде ұқсамауы мүмкін. Еуропа елдерінде қонақ үйге жұлдыз беруді арнайы коммисия шешетін болса, Азия елдерінде әр қонақ үй өз-өзіне жұлдыз бере алады. Әрине, бұл бағалау әр елдің заңды түрде тіркелген шарттарына байланысты жүзеге асырылады. Алайда, бәріне ортақ шарттар бар.
Бір жұлдызды қонақ үй. Әдетте бұл бөлек тұрған кішігірім ғимарат. Бөлмелері бір типті. Әр бөлмеде төсек, шкаф, үстел, айна, орындық, т.б. болуы шарт. Сонымен қатар қонақтарға сабын және сүлгі беріледі, бірақ олар күнделікте ауыстырылып тұрмайды. Бөлменің ішінде әжетхана мен душ болмауы мүмкін. Телевизор және телефон не бөлмеде, не холлда ғана орналасады. Ресепшн түнде жұмыс істемейді.
Екі жұлдызды қонақ үй. Бұндай қонақ үйдің бір жұлдыздыдан айырмашылығы көп емес. Әдетте, бұл 2-4 қабатты ғимараттар. Қонақтардың жүгін көтеретін лифт болуы міндетті. Одан басқа кішігірім асхана немесе түрлі ішімдіктер ұсынатын бар болуы мүмкін. Сүлгі мен төсек жиі ауыстырылмайды.
Үш жұлдызды қонақ үй. Үш жұлдызды қонақ үйге қойылатын басты шарт әр бөлменің жеке әжетханасы және душ/ваннасы болады. Бұндай қонақ үйлердің басым көпшілігінде бөлмелер салқындатқышпен жабдықталған. Сүлгіні күнделікті ауыстырып тұрады, ал төсек аптасына екі рет ауысады. Қонақ үйдің территориясында бассейн, мейрамхана, бизнес және фитнес-орталықтар орналасуы мүмкін. Бірнеше типті бөлмелері бар.
Төрт жұлдызды қонақ үйлер. Бөлмелер күнделікті жиналады. Сүлгі мен төсек күн сайын ауысытырылады. Әр бөлмеде фен, салқындатқыш, телефон, телевизор, сейф, мини-бар, сусабын, душқа арналған гель болады. Қонақ үйде бір немесе бірнеше мейрамхана, бассейн, фитнес-орталықтары бар. Тіркеу залы үлкен, бөлек орналасқан қызмет көрсету орталықтар қарастырылған. Қонақтардың көліктерін орналастыратын тұрақ болу мүмкін. Ресепшн 24 сағат бойы жұмыс істемесе де, телефон арқылы әрқашан байланыста болу керек.
Бес жұлдызды қонақ үйлер. Ресепшн, швейцар және қол жүгіңізді бөлмеге дейін жеткізетін қызмет 24 сағат бойы жұмыс істейді. Қонақ үй қызметкерлері бірнеше тілде еркін сөйлейді. Қонақ үйде бір немесе бірнеше конференц зал, түрлі тағамдарды ұсынатын бірнеше мейремхана, фитнес-орталықтар, балалар орталықтары, бірнеше бассейн болады. Территориясы гольф алаңдармен жабдықталуы мүмкін.
Алайда, бес жұлдызды қонақ үйдің басты ерекшелігі – әрбір қонаққа деген ерекше қарым-қатынас және қызмет көрсету. Қонақ үй қызметкерлері тұрғындардың көңілін таба білу керек. Сонымен қатар қызмет көрсету жалықтырмайтын, тіпті білінбейтін деңгейде болғаны шарт.
Дереккөз: comode.kz