Көктем келіп, күн күлімдеп, алты айға жуық уақытқа созылған ұйқымыздан әзер оянып, оң-солымызды түгелдеп жатқан бетіміз осы. Енді біріміз қағаз бен қаламды алдымызға алып, 2013 жылға арналған жоспар тізімін құрудың қамына кірістік. Сол тізімнің көшін бастамаса да, орта тұсында "сұрақ белгісіне" алынған саяхаттың тұрғандығына сеніміміз мол. Қайда барарыңызды білмей басыңыз қатты ма? Саспаңыз, Әлемтану айдары сізге жол көрсетеді.
Саяхаттаудың әмбебабы Lonely Planet-тың көмегіне жүгіне отырып, 2013 жылғы саяхатқа ең ыңғайлы елдердің тізімін назарларыңызға ұсынып көрмекпіз. Біз мұнда елдің мәдени, тарихи құндылықтарына, сервистік көрсеткіштеріне, қолжетімділігіне назар аудардық.
1. Шри-Ланка
Тұла бойы құпия тұнған мекен. Ақ құмды сұлу жағалау, ұлттық асхананың дәмі тіл үйірер тағамдары, хош иісті шәй плантациялары және 200 жылдық тарих пен ЮНЕСКО-ның қорғауындағы құнды 8 мекен.
2. Черногория
Ойын-сауық пен шытырман оқиғалардың өңірі. Табиғаттың сұлулығы мен құнарлылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Которлық шығанақ пен Адриатика жағалауының өзі не тұрады? Черногория - Еуропаның ең романтикалық елдерінің бірі саналады.
3. Оңтүстік Корея
Спортпен айналысуға, бой сергітуге таптырмас орын. Дәл осы елде спорт пен туризм индустриясы сапалы және өте тез дамыған. Аталған жердегі балық аулау кәсібі де, гольф та ешкімге дес бермейді. Қонақжай корей халқы сізді өзінің ұлттық дастарханынан құр қалдырмайтындығына сеніңіз.
4. Эквадор
Аспанмен таласқан асқар таулар, асқазан үшін таптырмас мереке. Саяхат сүйер қауымға Анд құшағындағы Котопакси жанартауына барыңыз деп кеңес берер едік. Оның биіктігі - 5000 метр. Көк шалғынның иісі мен таза ауаны армансыз жұтқыңыз келсе, серуенге велосипедпен немесе атпен аттаныңыз.
5. Словакия
Жоғары мәдениет пен шытырман оқиғалар. Шығыс Еуропаның құпиясына қанығамын, танып-білемін десеңіз, Словакияны тізіміңізге іле берсеңіз болады. Братислава жағалауындағы демалыс сізге ерекше көңіл-күй мен сергектік сыйлай алады.
6. Соломон аралдары
Денсаулықты күзететін шипажайлар ордасы. Иә, Соломон аралдары - эко-туризмнің негізгі нүктесі. Онда аяқ бассаңыз, дайвингтен ләззат алып, жанартауларды тамашалап, шытырман оқиғалардың куәгері атанасыз.
7. Исландия
Сапалы туризмге кепілдік бере алады. Жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығы, жаңа піскен балық пен қой етінің мұрынды жарар иісі сізді бей-жай қалдырмайды. Мұз бетінде серуендеп, киттердің қимылын бақылап, рафтингпен айналысып, уақытыңызды бос өткізбейсіз.
8. Түркия
Шығыстың мыңжылдық тарихы мен жағажайдағы демалыс таңдайыңызды қақтырмай көрсін! Стамбулға ат басын тірейтін болсаңыз, Осман сұлтанның атымен басталатын өзінше тарихи оқиғалар сізді рухани байыта алады. Түркия жерінің тұрғындары өздерінің мәдениетімен, сәулет өнерімен мақтанады.
9. Мадагаскар
Әлемнің ең үлкен аралдарының біріндегі фауна мен ландшафт ешкімді де бей-жай қалдырмайды.
Суреттер:vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева