- Негізгі бет
- Сатира
- Толымбек Әлімбекұлы. "Менің...
Толымбек Әлімбекұлы. "Менің атым - Ә"
Танымал сатирик Толымбек Әлімбекұлының "Менің атым - Ә" атты шығармасын оқырман назарына ұсынамыз. Қызықты әңгімеден құр қалмаңыз.
Менің атым - Ә
Кәдімгі әліпбидегі «Ә». Қаншама жылдар бойы бетегеден биік, жусаннан аласа күй кешіп, үнсіз келдім. Көсеуі мен өсегі қатар жүгіретін кейбіреулер секілді көргенсіздік танытпадым. «Ә»-ден басталатын болған соң әдеп сақтадым, «әліңді біл» деген қағиданы берік ұстадым. Бірақ әдебімді түсініп жатқан, түсінсе де қысылып жатқан ешкімді көрмедім. «Көреді екен-ау» дейтін дәмеге жерік болған күндер, жылдар кеңестер одағының керуенімен өтті де кетті. Енді атқа мініп, атойға баспаса болатын емес. Соған көз анық жетті.
Жалпы, «Ә»-ден небір әдемі сөздер басталады. Мәселен, қазір ғана айтқан «әдемі», «әдепті», «әсем», «әйбәт», «әшекей», «әрлі», «әке», «әже», «әкім», «әзіл», «әжуә», тіпті «әліппе», «әліпбидің» өзі ше... міне, осылай шұбыртып тізе беруге болады. Осының барлығынан ұлттың нақышы, дәстүрдің бояуы, халықтың үні қазанда былқып қайнап жатқан қазы мен қартаның, күбіде күрпілдетіп пісіліп жатқан, бабына келген қымыздың, мөлдір бұлақтың басынан ескен жалбыздың, таудан аңқып соққан адыраспанның, даладан жел қуалап жеткен жусанның бұрқыраған исі кеп, бітеліп қалған мұрынның өзін қақ жармай ма, шіркін?! Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз осы иіспен тыныстады, осымен дем алды, осымен емделді. Қазір «аллергия» дейтін бір алапат шықты. Түшкіріп-пысқырып, сол иісті көтере алмайтын маңқа мұрындар пайда болды. Тұмсығын тұмшалап, даладан безе жөнеледі. Енді осындай бәле әкелген «аллергия» деген сөзге көз жүгіртіп көріңізші, ол «Ә»-ден басталмайды, «А»-дан басталады. Демек, «А» жүрген жер аса қауіпті.
«Ә» жайлы былай түсіндіріледі: «Көбінесе сөздің бірінші буынында қолданылады, екінші буында «А» фонемасымен ауысып, акустика жағынан көмескіленеді. Сондықтан қазақ тілінің жазу жүйесі бойынша екінші буында «Ә» дүдамал естілгенде «А» жазылады. Мәселен, кітап, Сәбира». Бұдан артық не керек?! Ығыстыру, көпе-көрінеу тартып алған орыннан омақаса құлату. Жардан ары итеріп жіберу. Барып тұрған зорлық-зомбылық.
Менің айтпағым да осы адыраңдаған «А»-ның төңірегінде болмақшы. «А» әбден құтырды. Құтырғанда жаман құтырды. Қаншама жылдар бойы екі бүйірін таянып, талтайып алған күйі қазақтың әліпбиінің тағына барып жалпиып отырды, жантайып жатып президенті болды. Үндемедік. Үндемеген сайын үстімізге шықты, иығымызда билеп, төбемізге әңгір таяқ ойнатты, тілімізді бүлдірді, қожыратты. Осы келген жылдардан бастап, біздің орысшаға бейіміміз артты. Байқап көрдіңіздер ме, «А» жүрген жерде міндетті түрде орыстың сөзі жүреді. «Ә» бар жерден бір орыстың немесе басқа ұлттың кірме сөзін тауып беріңізші. Таба алмайсыз. Өйткені «Ә» - ұлтына адал, халқына берілген. Өзінің қос қолын төсіне қойып, инабаттылықтың ишарасын ізетпен иіле білдіріп амандасқан қазағы сияқты мәдениеттіліктің үлгісін көрсетіп келеді.
Ана жылдары мектептерде «А» класынан кейін бірден «Б» класына аттап кетіп еді ғой, естеріңізде ме? «Ә» класы деген мүлде болмаған. Сол атталғаннан бері «Ә»-нің беделі түсті. Орысша сөйлеп, қазақтың тілін шұбарлау басталды. Шұбарланған былай тұрсын, ылаңдап бітті. Өзіміз «Әліпби» дейміз, өзіміз бірінші класта қолымызға «Әліппе» ұстаймыз, сөйтеміз де «Ә»-ні өмірбақи «шауып кел, барып келдің» шаруасын атқаратын орынбасар етіп қоямыз, масқара ғой, масқара! Қазақ әліпбиінде 42 әріп бар деп жер-көкке сыймай мақтанамыз. Саны бар, сапасы жоқ. Әріп көп болғанда не ұтамыз?
Қысқасы, «А»-ның орнына әліпбидің басына «А» сияқты талтайған тасыраңдау әрекеттен аулақ, әдепті, шығысқа тән кішіпейіл мінезі бар «Ә»-ні қою керек. Әдемі десе, әдемі, басын доғаша иіп, сән-салтанат құрып тұрған сәйгүліктің талша мойыны секілді сұп-сұлу. Көрсең көз тояды. Ең бастысы, тіліміз түзеле бастайды.
Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін «Ә»-нің ерекшеліктеріне тоқталайық. Әйтпесе «құрғақ қасық ауызды жыртады».
«Ә» деген – біле білгенге ұлттық намыс, ұлттық жетістік. «Ә» әрпі бар сөз айтатын қазақтың барлығы, байқайсыздар ма – ұлтжанды, қазақ десе, қазақ тілі десе, ішкен асын жерге қояды. Оның болашағы, келешегі жайында толғана жырлайды. «Ә»-ні әдемі айтатын Асылы апамның аты, әттең, «А»-дан басталады. Сол кісінің есімін «Әсілі» деп ауыстырып жіберсе ғой, шіркін!
«Ә» деген – әке! Отбасында әке қазақша сөйлемей, бала қазақша сөйлемейді. Әке «әй» демесе, бала бетімен кетеді.
«Ә» деген – әже. Әженің әсерлі ертегісімен тілімізді шығардық. Қазіргінің әжелері шаштары бояу, тырнақтары сояу, тілдері алашұбарға таяу дүбаралар. Олар немерелерімен «ә»-сі көп мысалдармен қазақша сөйлемей қазақ тілі көгермейді. Осыдан-ақ немереңіздің кім боп өсетінін бағамдай беріңіз. Бағамдап әуре болмай-ақ айналаңызға ақырын байқап қараңызшы! Әжелердің тілі де әлтек-тәлтек. Осындайда ұлы Абайды, түбін тексерсек, Ибрәһимді, тәрбиелеген әжесі еске түседі.
«Ә» деген – әкім. Әкім – үлкен әкенің жер-жердегі филиалдары. Филиалдар «ә»-ні үйренбей «мә»-ні айта алмайды. Олар «ә»-ге қатысты «әкел»-ден басқаға тілдері келіңкіремейді.
«Ә» деген – әлеумет. Әлеумет көп нәрсені шешеді. Әлгі «ә»-ден басталғандар әліне қарай қазақша сөйлесе, әлеумет соны іліп әкетер еді. Олар іліп әкетті деген сөз – қазақ даласы «Ә»-ге салып «әгугайлап», толассыз әндетер еді. Ондай әннің әсері, әлбетте, әл-қуатты болар еді.
«Ә» деген – әскер. Әскер қазақша сөйлесе, қару-жарақ та қазақша сайрай жөнеледі. Қазақша безілдеп тұрған қару-жарақтың қаһары қандай болатынын бір сәтке көзіңізге елестетіңізші, құлағыңызды тосыңызшы, үні қандай екен?
«Ә» деген – ән. Әнмен тәрбиеленген қазақ әннің әуені құлаққа келісімен әдемі әсерге бөленеді. Даласын «ә»-ден басталатын әсем ән кернеп тұрса, қазақ қазақша сөйлемей қайда барады?!
«Ә» деген – әлди. «Әлдиі» қазақша айтылса, тарихы құлағына қазақша құйылса, қазақ ұлтжанды болмағанда кім болады?!
Осылай ойды ойға жетектетіп, «ә»-ні «ә»-ге жалғап кете берсе, ол үзілмес еді. Қазақша білмейтін азамат елімізге Президент бола алмайды. Біздің заңымыз сондай. Оны да Әбдуәлі Қайдар дейтін аты «Ә»-ден басталатын ағамыз бастаған комиссия мүшелері тексеруден өткізеді. Тағы да аты «Ә»-ден басталатын, қазақша сөйлегенде бұлбұл да ілесе алмайтын, тілі шұрайлы, түрі шырайлы Әбіш ағамыз, жалпы Әбішұлы сынды жанашыр шешендер де «Ә»-ні қолдап кеп берсе, нұр үстіне нұр болар еді, жыр үстіне жыр толар еді!
Сондықтан біздің халқымыздың мінезінен бойын аулақ ұстап, алшақ жүруге әбден әуес «А»-ның орнына қазақтың намысы қазанында бұрқ-бұрқ етіп қайнап тұрған, ұлттық дәстүр десе, екі көзі ошақтағы көмірдің шоғындай жайнап тұрған, қазақ тілі десе, қаны басында атқақтап ойнап тұрған, ауылға көзін алартқандарға екі тісін бірдей қайрап тұрған мына мен – «Ә»-нің келетін уақыты жетті.
Ойланыңыздар, Әлеумет, Әке, Әже, Әкім, Әркім!
Н. Айдархан