Осағаң (Оспанхан Әубәкіров) «жигули» машинасымен апатқа ұшырап, шипаханаға түсіпті. Қал-ахуалын сұрай барған Жамбыл ауданының басшысы Тоққожа Естенов:
− Ел аман, жұрт тынышта апатқа қалай ұшырап жүрсіз? - деп сұраса, Оспанхан ойланбастан:
− Ұзынағаштан шығып Алматыға қарай асфальт жолмен ағызып келе жатқам. Аспанда бір самолет ұшып барады екен. Сонымен жарысам деп... Көзіме қарамай айдаппын! - десе керек.
***
Оспанханға суық тиіп, оңбай ауырып жатыпты. Беті бері қарағасын да шипагердің нұсқауы бойынша Нұрсұлу жеңгей құдайдың құтты күні арқасына спирт жағып, массаж жасап жүріпті. Жаны жай тауып, бір ауық дамылдаған Осекең «екі қолың ем екен! » деп келіншегінің көңілін көтеріп, екі қолына бір шумақ өлең арнапты.
Аспандағы ай-күнім, аңқылдағым,
Қостанайдың дәніндей алтын дәнім.
Ем болып екі қолың,
Ел мен жұртқа,
Осылай өмір-бақи жарқылдағын,
Аңқылдағым!!!
Өлеңінің соңына қойған үш леп белгіні көрген Нұрсұлу жеңгей:
− Бір леп белгісі де жетпей ме? - десе:
− Үш балам үшін үш леп белгі қойдым. Егер бес бала туғанда бес леп белгі қоятын ем! - депті.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: zhasorken.kz