Кейбір кісілерде жануарларға ұқсастық болатыны сияқты, жануарларда да кісіге ұқсастықтар бар. Жесір қалған әйелдей жылауық керқұйрық, не дипломаттай маңғаз жайынды мысалға келтіріп әуре болмай-ақ қойсам да, жануарлардың қай-қайсысы да кейбір кісілердің пошымын, жүріс-тұрысын, мамандығын еске түсіретін қасиетке екенін ескерте отыруым керек. Ит полицейше тіміскілеуге, із кесуге әуес. Сауысқан поп секілді, көзі шалған жылтырақтың бәрін жинап үлгереді. Әтеш сәнқой жігіт тақілетті, мекиендердің алдында көлбеңдеп жүруге құмар. Көгершінді бойжеткен қыз дерсің. Есек профессордан аумайды (табандылық, төзімділігін айтам да).
Жануарлардың өздеріне бейім ерекшелігін таныған кісілер оларды қажетіне жаратып келеді. Мысалы, Еуропада иттің полициялық жұмысқа жегілгеніне пәленбай жыл, тіпті ұры-қарыны иісінен танып, ойбайлатып ұстап алатын арнаулы итжасақтар қыруар. Бізде де сондай игі істерді жүзеге асыруға бетбұрыс бар, кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, сан тәжірибе жасалып, ғажап нәтижелер шығып жатқан көрінеді.
Сербияның тұңғыш ит стансасы Топшідерде, тап басып айтқанда – Топшідер полиция коммиссариатында орналасты. Комиссариат күзет иттерінің бірнешеуін сатып алды да, топшідерге қыдырыстап келіп-кетіп жүретін жұртшылықтың иттерінің қабілетін көрсете бастады.
Айталық, сіз тіршілік жайында ой кешіп, жалғызаяқ жолмен оңаша келе жатасыз. Бір сәтте сізді бір ит ырылдап кеп бас салады. Сіз одан шошымаңыз, ол – тәжірибе жасауда жүрген күзетші ит. Ол жеңіңізді немесе балағыңызды жұлып алса да қыңқ етпеңіз, ол итті әбден үйретіп болғанша әйтеуір біреулерге тәжірибе жасалуы керек қой.
Басқа жақтағы да тәжірибе сәттерінде болатындай, мұнда да кейде небір күлкілі жайттар кездеседі. Сіз, мысалы, бір күні балаларыңызды алып, Топшідерге қыдырысқа барасыз. Төңіректі тамашалап жүргендеріңізде Топшідер коммисариатының бір қора иті астан-кестен арсылдап жетіп келеді. Балаларыңыз өлердей қорқып, бақырып жылап, көгеріп-сазарып қалады.
Не су жаңа әдемі көйлек киген сұлу бикеш келе жатыр еді дейік. Кенет ол сұлуды бір ит бас салып, жерге ұрып, киімін дал-дұл жыртып тастады. Әйел талып қалды. Алайда оны дабырайтудың не керегі бар? Ол – тәжірибе. Есіңізде болсын, оқыс жағдай болмайынша ешбір тәжірибе оңды нәтиже бермейді.
Топшідердің төбеттері қазір де кеңқұлашты тәжірибелерден өткізілуде. Мысалы, Топшідер түрмесіндегі тұтқындар қашуға әуес. Күзетшілер оларды ит жоқ кезде тез ұстап алатын. Енді ұстау қиындап кетті. Себебі: иттер әлі жаттығып үлгерген жоқ. Тұтқындар соны ескермей жүр, қашан қашқысы келетіндерін түрме басшыларына хабарламайды, қапылыста зытып кете береді. Ондайға үйренбеген иттер қайсін, сасқалақтап, естері шығып, ауп дегенде көзіне түскенге көреcін көрсетеді. Алдыңғы күні екі тұтқын тайып тұрған екен, айтақтаған иттер түрме күзетшісінің өзін тарпа бас салып, пагондарына дейін жұлып тастапты.
Қорыта келе айтарым: біз өте төзімді болуға тиіспіз. Мемлекеттік маңызды мүдделер талабына орай ит жыртқан шалбарды шешпестен жүруге дағдылана бастадық. Бізді иттер де мемлекеттік маңызды мүдде талабына сай қабады. Ендеше, сол талаптарға біз де сай болып, төзімділігімізді сақтай білейік.
Авторы: Бранислав Нушич