- Негізгі бет
- Сатира
- Оспанханның қалпағы...
Оспанханның қалпағы
Менің өз басым алғаш рет Оспанхан Әубәкіров пен Мұқағали Мақатаевты 60-жылдардың аяғында көрдім. Екеуінің де денелері ірі болатын, сосын бір қызығы екеуі де қара кастюм, қара шалбар киіп жүретін. Содан ба, кейде осы кісілерді шатыстырып жүретінмін. Және де сол кезде маған оларға жақындаудың реті келмеді. Бірақ, басқалардың олар туралы айтқан әңгімелерін зер салып тыңдайтын едім. Төмендегі Сұлтанғали досымның бір отырыста айтқан әңгімесі еді.
Бұл өзі ертеде болған оқиға. 80-жылдардың аяқ кезі болатын. Менің Сұлтанғали, Әбжан деген достарым КазГУ-дің журналистік факультетінде сырттан оқитын кезі болатын. Соның қысқы сессиясы басталатын болып, екеуі Алматыға келеді. Горбачевтің арақ-шарапты сатуға шектеу қойған кезі.Сессияға бұлар кейде қатысып, кейде қатыспай, қалаған жағына қыдырып кететіні бар-тын. Екеуі де ерігіп, көңілдерінің «жыртығын жамайын» десе еш дүкенде арақ-шарап жоқ. Содан дымдары бітіп, «Столичный» атты дүкенге жақындаса, маңында ығы-жығы адам, бәрі шұбалып араққа кезекте тұр екен. «Енді қайттік» деп екеуі ұзын ширеттің о жақ, бұ жақ бетіне шығып қараса, сатушыға жақындап қалған оншақты адам ішінен қара пальто киген ірі денелі адамның қарасы бұлардың көзіне түседі. Сұлтанғали соған жетіп барып қараса, бұрыннан жүзі таныс ақын ағасы Оспанхан Әубәкіров екен! Былай жақын таныстығы жоқ. Бірақ, оның сықақ өлеңдерінің бәрін жатқа білетін. «Арақ» дегенде жан қала ма, Сұлтанғали:
«Қыз-келіншек көрсе ол қызығады,
Кішіпейіл маман боп сызылады.
Сәлем бермей әсте бір өткен емес,
Әдейілеп алыстан бұрылады...».
Осекең әуелде түсінбей қалып, «мынау не деп тұр» дегендей, Сұлтанғалиға состия қарайды. Уже беті ашылған Сұлтанғали оған тоқтай ма, одан әрі:
«Бұл дүкенші білгені-ау сауданы да,
Кәкір-шүкір нәрсені алғанымда.
Отыз сом ақшамды жеп қойыпты,
Қарамай-ақ бухгалтер болғаныма!...». Осекең алдында тұрған жігіттің өзі жазған әзіл-сықақтарын оқып тұрғанын сонда түсініп, Сұлтанғалиға іші жылып қоя беріпті. Сонда Осекең:
«Менің өлеңдерімді жаттап алған сен де қу бала екенсің, кел, тұр менің жаныма!» депті. Оған Сұлтанғали: «Ойбай, аға, мен сіздің өлеңдеріңіздің бәрін жатқа білем!» деген көрінеді.Содан дүкеннен Осекең, Сұлтанғали, Әбжан үшеуі «олжалы» шығып, қысқы сессияның студенттері жатқан жатақханаға беттейді ғой. Сырттан оқитын студенттердің арасы «берекелі» болғасын Осекең осы жатақханада үш күн қонып қапты. Үшінші күні Осекең Сұлтанғали мен Әбжанға: «Нұрсұлу деген жеңгелерің мені іздеп жатқан шығар, сен екеуің мені құтқаруға тиіссіңдер» депті. Мына екеуі оған таңданып: «Қалай» деп сұрайды ғой. Оларға: «Сен екеуің Арқалықтан келдіңдер, сонда облыстық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып, жеңгелеріңнің бір құрбысы қызмет істейтін еді. Сендер біздің үйдегі жеңгелеріңе: «Сол кісінің арнайы сәлемін айта келдік» дейсіңдер депті. Осекең ағаларының тапсырмасы аса қиын болмағандықтан, Сұлтанғали мен Әбжан келісіп, үшеуі Осекеңнің үйіне келеді. Есікті жеңгей ашады, Осекең үйге бірінші болып кіріп, жұбайы Нұрсұлуға: «Мына балалар саған Арқалықтағы құрбыңның сәлемін айта келіпті» депті. Құрбысының атын естігесін, Нұрсұлу жеңгелерінің шынында қабағы жылып, жастарға «Төрге шығыңдар» деген екен. Сосын ол Осекеңе: «Мына қонақтарға енді не береміз, тоңазытқышта колбасадан басқа ештеңе жоқ» депті. Осекең: «Сол колбасамен шәй бере бер, балалар соған да риза болады» десе керек. Жас қонақтарда ерік бола ма, бұлар оған: «иә, иә, сол бізге болады»дейді. Содан шәй ішіліп, жігіттер кетпек болғанда, Осекең Нұрсұлу жеңгейге: «Мына баланың кеше жатақханада құлақшынын ұрлап кетіпті, шифонерде менің бір құлақшыным бар еді, соны Сұлтанғалиға берші» депті. Ал жеңгей: «Сен оны өткен жолы біреуге беріп жібергенсің» дейді. Сонда Осекең: «Онда мен бір амалын таптым, сол жәшіктің ішінде менің қара қалпағым бар, соны әперші, әйтпесе, мына баланың басына қысты күні суық тиер» дейді ғой. Ал жеңгей жәшіктен әлгі қара қалпақты алып келеді. Осекең оны Сұлтанғалидің басына кигізеді. Сөйтсе қалпақ өте үлкен екен, Сұлтанғалидың мойнына дейін басын жауып кетеді. Сонда Осекең: «Түк те етпейді, бұл қалпақтың размерін сенің басыңа келтірем» деп, шифоньердің үстінде тұрған газеттердің екі-үшеуін алып, оны шляпаның ішіне жұдырығымен тығындап, сосын оны Сұлтанғалидің басына қайта кигізіпті де, Осекең: «Ә, міне енді басыңа шақ келді» деген екен. Сөйтіп, Сұлтанғали сол Осекеңнің қалпағымен қысқы сессиядан аман шығыпты.
Бұл шағын әзіл естелік арқылы Оспанхан Әубәкіров қазақ әдебиетіндегі әзіл-сықақ жанрын жан-жақты дамытуға зор үлес қосқан тұлға болуымен қатар, жаны жайсаң азамат екенін айту еді.
Жұмат Әнесұлы
Н. Айдархан