Оспанхан Әубәкіров. "Тоқалдан туған бүркіт"

Қазақ: «Екі жақсы қосылса, жайтаңдасар,

Екі жаман қосылса, сойқан жасар.

Қосылса әзіл-күлкі, сын мен сықақ,

Жаныңнан сасқалақтап сайтан қашар», – деген емес пе?!

Биыл – сатира саңлағы Оспанхан Әубәкіровтің туғанына 80 жыл. Осы атаулы жылға орай, Массагет порталы сіздерге Оспанханның уытты сатирасы мен бір топ өтірік өлеңін ұсынып отыр.

Байғыз қалай басшы болды?

«Аты-жөні жоқ далбаңдап ұша бермей жөн сілтеп, ақыл айтып отыратын бір басшы сайлап алайық» деп ұйғарыпты құстар қауымы. Бас болып басым айтуға, кем-кетігімізді ашып айтуға кім лайық болар екен, деп ақылдасқанда, бірі тұрып:

– Жапалақ дөп, – депті.

– Дөп десең, дөбіңді түсіндір, – дейді ақыл қосып отырғандар.

– Дөп дейтін себебім, біріншіден жапалақтың беті теп-тегіс те; екіншіден, бетіңе бедірейіп тіке қарағанда жүзің төменшіктеп жерге кіріп кете жаздайсың. Басшыға бетті біреу жөн десек жапакеңнен басқа таңдау жоқ.

Бәрі бір ауыздан осы шешімге шекпен жауып, жапалаққа келіп бұйымтайларын айтады.

– Рас, – дейді жапалақ, – бетімнің тегіс екені тегіс, бірақ ақыл кеміс. Ақыл кеміс болған жерде құр бедірейіп қарағаннан не пайда? Ал басшымыз тек бедірейгеннен болсын десеңдер, байғызды айналдырып көріңдер. Бедірейген бет те, едірейген көз де содан табылады.

Мынау Аллада жоқ ақыл екен, десіп әлгі бұйымтайды байғызға алып келеді.

Байғыз бұларды тесірейіп отырып тыңдайды да:

– Басшылық ету – менің ата кәсібім, үрім-бұтағымызбен көз ашқалы үстелді тоқпақтап келеміз. Қаласаңдар аяқтарыңды бір етікке тығып, қаққанда қандарыңды, соққанда сөлдеріңді алып отырайын. Ал сендерге керегі бедірейген болса, бетіме қарағанның беті күйетіндей бедірейгеннің көкесін көрсетемін, – дейді.

– Әйтеуір, алдыңа келгенде бедірейіп отырсаң болды, айналайын, – десіп, мәз болған құстар байғызды басшы сайлап тарасыпты.

Тоқалдан туған бүркіт

Қарға жапалаққа ішкен-жегенін айтып, масайрап отырғанда көк аспан өрт қойғандай шатырлап ала жөнелді.

– Ойбай аспаннан тас құлап келеді, – деді жапалақ сонау зеңгір көктен зеңбіректің оғындай зырқырап келе жатқан қыранды көріп.

–  Тастан садаға кетсін, бүркіт деген қояншық осы болады, қырыққа келгенше қырыққа дейін сан білмейді, ептеп ғана кешке дейін аспан мен жердің арасын өлшеймін деп әуре. Бала күнімзде-ақ әлемді қаттап-шоттап есебін алып қойғамыз, жер мен көктың арасы пәленбәй шақырым десем сенбейді де кеудесі сырлдап, құйрығы шұрылдағанша көз жетпес биікке шығады да қайта бұрылып бір, екі, үш деп санай бастағанда-ақ басы айналып, осылай домалайды. Өлсін, қызталақ!– деп қарға тісінің арасынан шырт түкіріп қойды.

Осы кезде жер әлемді көшіріп зырқырап келе жатқан қыран қыр астына жайдың оғындай шаншыла түскен еді.

– Жүрші, барып көрейік, – деді қираған, бұзылған, жарылғанды қызық көретін жапалақ.

– Қой, құрысын, жәпаке, пәледен аулақ «қарға бүркітті сабап кетіпті» деген сөзге қалдырмақсың ба? «Тек жүргенің теңге, ағаң үйленсе-жеңге» дейді біздің қарғалар теңгең болса, жеңгең болса, дауда нең бар? Баяғы бала кезде бір бүркітті тартып жіберем деп сөзге қалғаным бар.

Қарға қыран аттанғанша ымды білмес жапалақты әңгімеге айландырып бөгей тұрмақшы еді.

– Алайда, өз бауырыңды жамандағанмен біреу саған жақсы бауырын бере ме, қанша айтқанмен түбіміз бір. Әкем марқұм тоқсанға келгенде тоқалы тауып берген екен осы бүркітті. Тоқалдан туған бала қай бір оңған дейсің? Есі болса жер мен көктің арасын өлшегенше аузымен құйрығының арасын біліп алар еді, құдай жынды ғып қойған соң не шара, аман болсын әйтеуір, бәрінен бары жақсы, – деді қарға езуіне қатқан бірдемені алып тастап.

Осы кезде тояттаған қыран қыр астынан қиялай шығып, тауларға қарай бет алды.

Қарғаның манадан бері иегі қышып, сарғая күтіп отырған шағы осы еді.

– Сыйлы қонақ келе қалғандай болса, өле қалғандай болмай, сойып берем бе деп байлап отырған бір ту түлкім бар еді. Жаңағы жер өлшегіш қояншық кеп жеп кетпесе, екеуіміз бір сорпаланайық, жүріңіз, жәпәке,– деп қырға қарай қалбаң-құлбаң етіп ұша жөнелді.

– Бәсе, айтам-ғой, жеп кетіпті!– деді қарға аппақ қардың үстінде қып-қызыл шиедей боп жатқан қанды көріп,– түбіміз бір деп осы тентек-ақ түбіме жететін болды. Тоқалдан туған тексіз ит, көк тиын табысы жоқ, екі көзі менің малымда, қайта қалдырыпты. Кел, жәпәке, отыра қал да оба бер.

Екеуі әлі буы бұрқырап жатқан семіз түлкінің қызылына тұмсықты да, тырнақты да салды.

Қыранның қалдығын жеп, сарқытын ішіп күн көріп жүрген сорлы қарға, анау-мынау деп өсектемей-ақ қыранды қыран десе тағынан түсіп қалмас еді, қайтесің?!

Еркек арманы

Анау: Елдің еркегіне қарасаң, қысыр емген тайдай тулап, жердің миын ойып жүр. Менің түрімнен адам шошитын шығар. Кеше ғана бұлшық еті бөтелкедей бұлтылдаған, бұғыдай боздақ едім, саған жолаймын деп арқа етім арша, борбай етім борша болды. Міне, енді не тай емес, не тайлақ емес, не еркек емес, не кермек емес, мұрты бар әйел секілді бірдеме болдым да қалдым, бүйтіп көрген күні құрысын!

Мынау: Жарық дүнием-ау... тыңдасайшы...

Анау: Жарық дүнием десең, жарық дүниені көрсетпейсің бе маған? Мен осы өмірімде не көрдім?! Елдің еркегі футбол десе тіпті семьясынан ажырасып, сонау Алматыға барып доп көріп келеді. Солардың қайсыбірінің «Қайрат» үшін қабырғасы қайысып, омыртқасы майысып жүр дейсің?! Допты сылтаулап, жоқты сылтаулап, аулаққа шығып «албасты» қуу. Ал сен мені мештің түбіне отырғызып қойып, картөшке аршытып қоясың. Құдай есебіңді тапқыр, кет әрі!?

Мынау: «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар. Бәрінен де картөшке аршып, қарын тойдырған озар» деп бекер айтпаған. Қанағат қылмасаң, оған да зар боласың. Тоба қылған тоңбайды, тобасыз қу оңбайды.

Анау: Картөшке аршып озғаным сонша, осы күнге дейін шойын жол көрмеппін. Елдің еркегі сәмөлеттен түсіп кемеге, кемеден түсіп пойызға, пойызден түсіп тәксиге, тәксиден түсіп ресторанға міндік деп, адам естімеген не бір бәлені айтып жатады. Мен колхоздың шөбін ұрпайтын есек арбамнан басқа не көрдім?! Жатсам түсімде көретінім сен. Сенен басқа не көрдім? Елдің еркегі ескісінен ажырасып, жаңасын алып, жаңасынан ажырасып ескісіне қайта келіп жатады. Мен-ақ саған жабысып қалған.

Мынау: Ажырасқың келсе, әлиментіңді өзім төлеп тұрайын, балалардың қасында қал.

Анау: Оны ар санайтын заман жоқ. Елдің еркегі бұрынғы әйелдерінен әлимент алып тұрады. Өйтем десең, сенде көз құным қалған жоқ, басың ауған жаққа кете бер. Осындағы жесір еркектер секілді бір күнімді мен де көрермін. Елдің еркегі маевкаға бардық, сөгіс алдық деп жатады. Мен соның бірін көрдім бе?

Мынау: Маевкаға бір үйден екі адам қатысуға болмайды. Биылғы маевкасына мен барайын, ендігі жылғы майда сен бара ғой.

Анау: Е, сөйтші, мен бір дем алайын...

 

Өтірік өлеңдер

Түсімде мая-мая түбіт көрдім,

Жылы дүние жинауға үміткермін.

«Бөкебай табылды!» деп ұмтылғанда

Мөңіреп ұшып кеткен бұлтты көрдім.

**

Бір жасымнан жұмысқа орналастым,

Қазанның қақпағына қазан астым.

Қазанымды басыма киіп алып,

Өрт шығарған қақпағын ала қаштым!

***

Жөні жоқ ақша шашып шашылғанның –

Ісі ол көзі ағарып асынғанның!

Қысып ап башпайыма ұстараны

Аяғыммен өзімнің шашымды алдым.

***

Көріп едім аюды, арыстанды,

Қасқырды, қабаныңды, сауысқанды.

Бір күні өз көзіммен өзім көрдім

Өзін даттап, өзімен алысқанды.

***

Бір күні дәп алдымнан айна көрдім,

Бос айнаға қарауды пайда көрдім.

Қарасам қарсы алдымда көк желкем тұр,

Ойладым «мұндай адам қайда көрдім!»

***

Тау мен шөлім өзіме өзі мекен,

Тау-рахат, шөл деген төзім екен.

Ай жоқ, күн жоқ. Бірдеме жарқырайды, 

Бұл не десем... өзімнің көзім екен.

***

Спорттың шұғылдандым түрнігі­мен,

Үй тіктім үй үстіне түндігімен.

Қызымыздың бір қызы ұл туғанда

Салып қалды басыма кіндігімен.

***

Қорықпаймын аюдан, арыстаннан,

Қасқырдан, құмырсқадан, сауысқаннан

Қорқамын өз-өзімнен бәйге алғаннан,

Тамағын жұрттан бұрын тауысқаннан.

***

Мен өзім кішкентайдан өрге бастым,

Табаныма сурет сап көрме аштым.

Көлеңкемді қораға байлап қойып,

Өтірік сурет салғаннан жалықпаспын...

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: writers.kz