Халқымыздың аяулы перзенті, қазақ сатирасының классигі, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының иегері Оспанхан Әубәкіровтың туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Осы атаулы жылға орай, Массагет порталы сіздерге Оспанханның кезекті уытты сатирасын ұсынады.
Танкіге пышақ салуға бола ма?
Анау: Ағасы, сіз осы өзіңіз өз болғалы, көйлегіңіз бөз болғалы қолыңызға мылтық алып соғысқа қатыстыңыз ба?
Мынау: Мен қатыспаған соғыс, мен атыспаған доңыз жоқ шығар. Мына қазанбас не көрмеді дейсің?! Баяғыда соғыста жүргенде бір қызық болды.
Анау: Соғыста да қызық бола ма, Алдар аға?
Мынау: Соғыста бәрі де болады, қызық та болады, шыжық та болады. Қоңырау соғып оятатын сағатым қоңырау соқпай окопта ұйықтап қалыппын. Бірдеме дырылдағанға қарғып тұрып жүгірсем, фашистердің екі тәнкісі маған қарай тұмсығын түзеп алып, сабап келеді екен.
Анау: Ағатай-ай, гранатыңыз бар ма еді?
Мынау: «Құдай жалғыз мен жалғыз» дегендей, гранат жалғыз, мен жалғыз, ал тәнкі екеу. Екеуі де үйдей-үйдей дәу тәнкі. Әр қайсысынан, құдай біледі-ау, қырық комбайн шығады.
Анау: Қайсысынан қанша комбайн шығатынын есептеп тұрасыз ба, ойбай-ау, кеп қалды ғой.
Мынау: Иә, кеп қалған екен екен-ау, айтпақшы. Не істеу керек? Гранат біреу, танкі екеу. Сасып тұрғанда бір ақылдың сап ете түскені. Гранатты алманы бөлгендей қақ ортасынан нақ бөлдім. Гранат екеу болды ма?
Анау: Ағатай-ау гранат турап тұрасыз ба, кеп қалды ғой. Болыңыз ойбай.
Мынау: Асықпа, қарындас, асыққан шайтанның ісі. Иә, айтпақшы, кеп қалған екен ғой. Әлгі тәңкінің бірі есік пен төрдей таяп қалған соң жарты гранаттың біреуімен жіберіп кеп қалып едім, жалпасынан түсіп лапылдап жана бастады.
Анау: Тәңкі жақсы жанатын шығар, ә?
Мынау: Тәңкінің атқаны жаман болғанымен, обалы не, жанғаны жақсы-ақ енді. Май құйған сабанша жанады.
Анау: Тәңкінің жанғаны құрысын, екінші тәңкі кеп қалды ғой.
Мынау: Иә, айтпақшы, екінші тәңкі еңіретіп келеді екен. Қолымдағы ашыған нандай кәмпиіп жарылайын деп тұрған жарты гранатты алып тұра жүгірдім. Құлақ шекеден ұрғандай дәл тұмсықтың тұсы деп тартып жіберіп едім, лап етіп өртенді де кетті.
Анау: Ой, садағаң кетейін, тұмсықтан ұрғыш ағатайым –ай. Ол тәңкі де жақсы жанған шығар, ә?
Мынау: Обалы не, бұ тәңкі, сәмөлет дегендерің керемет жақсы жанады ғой, шіркін, миллион комбайн шығатын тәңкілерді өз қолыммен өртедім ғой.
Анау: Сонымен екі тәңкіні жайратып окопқа қайтып келдіңіз.
Мынау: Қайтып келу қайда, алдыңнан тәңкі түгіл тәңірің шықса да алға жүру керек. Жанып жатқан тәңкінің біреуінен темекімді тұтатып алып, өкшем жерге тимей безіп келе жатсам, алдымнан тағы бір үйдей тәңкі шыға келгені. Не істеу керек? Гранат жоқ. Жұдырыққа көнбейді. Оқ өтпейді. Тек пышақ салу керек.
Анау: Тасқа пышақ салсаңыз да, тәңкіге пышақ салуға болмас.
Мынау: Жігін білсең, тәңкіге де пышақ салуға болады.
Анау: Пышақтың жөні келе қоймас, басқа амалын ойлаңыз.
Мынау: Басқа амал жоқ, тек пышақ салу керек.
Анау: Тұмсығынан теуіп жіберсеңіз де бір айла жасаңыз, кеп қалды ғой, ойбай, болыңыз.
Мынау: Иә, айтпақшы, тәңкі кеп қалған екен ғой. Иә, әлгі үйдей неме қасымнан өте бергенде шынжыр табанын түйенің қабырғасын сөккендей орып жібердім. Пышағым дөңгелектің дәл тігісіне тиген болу керек, қақырап түсті де қалды қызталақ.
Анау: Апырай-ай тігісіне тимесе ғой....
Мынау: ....таптап кетер еді ғой. Соғыста оқты да айламен ату керек. Ал енді тағы бір қызық болды. Бір күні сәмөлеттің өзіне пышақ салдым.
Анау: Аспандағы сәмөлет пе, жердегі сәмөлет пе?
Мынау: Жердегі қатын да пышақ салады. Мен кәдімгі аспанда ұшып бара жатқан сәмөлетке пышақ салдым.
Анау: Ол әңгімеңізді кейін бір асықпай отырып айтарсыз, кетейін.
Мынау: Сенбейсің, ә? Мен, керек десең бомбаға пышақ салғанмын. Ал ендеше!
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: alashainasy.kz