- Негізгі бет
- Сатира
- Оспанхан Әубәкіров. "Кілт"...
Оспанхан Әубәкіров. "Кілт" (әзіл әңгіме)
Газ деген – жалқау жұртқа таптырмайтын тамаша отын болды. Қара сіріңкені қарнынан тартып жіберіп, тақай қойсаң болғаны, спиртше жанады. Сосын қазаның пышақ қайрағандай қайнайды. Көбігін қалқып кел де, жата бер.
Еңбектеп жүрген баланың бұтына анда-санда бір үңіліп қоймаса, әзілқой иіс шығарып қоятыны секілді, газ пешке де мұрын айтақтап жүрмесе, бөгде иіс шығарып қояды екен.
Біздің қазақы мұрын сорпаның иісін сонадайдан сезеді ғой. Біздің үйдегі бала-шаға бір күні сорпаға қоса қапталдасып жүрген бір иісті ұстапты. Бірақ ненің иісі екенін ешқайсысы білмейді. Көмекке менің мұрнымды шақырды. Мен де жүгіріп келіп, мұрнымды ілгері-кейін пысылдатып көріп едім, шынында бөгде иіс жүр. Бірақ бұл иттің иісі ме, әлде идің иісі ме, біздің үйдің мұрыны ажырата алмады.
Не де болса осы газдың өзінен келген пәле болар деп тұспал жасадық та, ертесіне осы газ мекемесіне телефон жүгірттік.
– Әлөу, горгаз ба?
– Иә, горгаз.
– Ендеше мәселе де – сол газ...
– Иіс шыға ма?
– Иә, иіс шығады.
– Ненің иісіне ұқсайды?
– Оны өзіңіз келіп иіскеп көрмесеңіз, күлімсі деуге болмайды, жылымшы деуге болмайды, әйтеуір бір естімеген иіс.
– Түсінікті, адресіңізді айта қойыңыз.
Тақпақ айтқандай тақылдатып айтып салдым.
– Ертең кісі жібереміз, қаңғып кетпей үйде біреулеріңіз болыңыз.
– Апыр-ай, бәріміз жұмыстағы жұрт едік...
– Ендеше кілтіңізді кісісі бар көршілеріңіздің біріне қалдырып кетіңіз. Кемпір-шалы бар үй бар ма еді?
– Бар ғой, бірақ... Иіс іздеймін деп келген кісіңіз иесіз үйде басқа бірдеме іздеп жүрмей ме?
– Үйіңізде алтын шашылып жатыр ма еді?
– Апыр-ау, енді алтын-күміс домалап жатпаса да, қашып-пұсып жүріп жинаған көр-жер бар ғой.
– Сіздің көр-жеріңіз кімге керек?
Бұларға керегі алтын екен. Ондай алтын бізде жоқ. Ал көр-жерге тимесе, кілтті қалдырайық деп келістік.
– Әлөу, ендеше кілтті қарсымызда тұратын қара шалдың мойнына кигізіп кетеміз.
– Құп!
– Құп болса, құп!
Горгазбен құптасып болған соң, балалардың басына бір ой келді:
– Папа, телевизор Москву ловит, а Алмату не ловит. Давай, телевизордың да кісісін шақырайық, – деген мұң айтты.
Ойлап қарасақ, бұл да ақыл екен. Үйді ақыры иесіз қалдырған соң, бір адам шақыр, он адам шақыр – бәрібір.
Үйде ақаусыз дүние жоқ. Анау су келетін кран таң атқанша мыңқылдап тамады да тұрады. Радиоқабылдағыштың ішінде біреу май шыжғырып жатқандай, таза дыбыс жоқ, әкеңді әңгіртіп жібереді. Осы "көкжөтелдердің" бәріне үшкіріп дем сап кетсін деп тағы үш адам шақырдық. Бұларға да кілттің қара шалдың мойнында екенін ескерттік те, жөн-жөнімізге жөнелдік.
Кешке қарай сүріне жығылып үйге келсем, абыр-дабыр болып жатыр.
Қалтаңдап қарсы шыққан біреу:
– Хозяйн жоқ, – дейді.
– Мен хозяйн, – деймін.
– Ә, сәлеметсіз бе, жоғары шығыңыз... Біз сіздерді күтіп... кішкене...
– Как это кішкене? – деп мен аң-таңмын.
Қызыл кеңірдек болып айтысып жатқан ас үйге бұрылсам, әлгіндей қалтаңдаған жігіттің тағы талыстай үшеуі отыр. Жаса!
Түпкі үйде біреу сөйлеп отырғандай болған соң, көңілсіз бұрылып солай барсам, көптен көрмей кеткен Ләскер інішегім қыздай боп өзіміздің Алматыдан сөйлеп отыр. Жаса!!
Кабинетімде біреулер жүрген секілді. Есігімді ашып қалсам, өмірбақи май шыжғырып жататын "Жайдарман" деген радиоқабылдағышым мен білмейтін бір елдің тілінде төпеп жатыр. Жаса!!!
Көңілім орнына түсіп, ас үйге келсем, әлгі көп жасағыр жайсаңдарым абыр-дабырды доғарып, соңғы қызыл шишасын тең бөлісіп жатыр екен.
– Кешіріңіз, мана кетіп қалатын едік, кілтіңізді осында қайда қойғанымызды білмей, жоғалтып алып, үйіңізді иесіз тастап кетуге болмады. Сосын қарап отырғанша деп мынадай... Ептеген газ шығады екен, соны бітеп... Мыналар да ақау-сақаудың бәрін дүзеп... – деп шұбыртқан соң, рақметімді айттым да:
– Ал енді, жігіттер, "өтірік айтқан жерде көп жүрме" деген, қазір әйел келу керек... – деп ескерттім.
Бұл ескертуді "жау келді" деп түсінгендей төрт жігіт есікке бет алды. Таудан тас домалатқандай төртінші этаждан құлдилаған төртеу бүкіл үйді дүбірлетіп барады.
Ал "жоғалтып алдық" деп жүрген кілті бауы салбырап есіктің сыртында тұр. Жаса!
Т. Раушанұлы