Қазақ сатирасы дегенде көз алдымызға халқымыздың аяулы перзенті, сатира саңлағыОспанхан Әубәкіров келеді. Оның қалдырған мұрасы әзіл әңгімелері, сықақ өлеңдері, интермедиялары әлі күнге ел жадында. Сатириктің отыздан астам шығармалары мен өлеңдер жинағы жарық көрді. Біз бүгін сіздерге оның бір әзіл әңгімесін ұсынамыз. Бір күліп алыңыз! Бір ауылға таяп қалғанда қасымда отырған Еркін: Қаны сорғалаған ақиқат әңгіме естігің келе ме, жоқ әлде ағыл-тегіл, асып-төгіліп жатқан өтірік әңгіме естігің келе ме? деп сұрады. Шындай қып шымырлатып, өтірігін шынға бергісіз қып шімірікпей айтса, сол өтірікке қарай беттелік, дей салдым. Олай болса, Әдібайдікіне тарт! деп бұйырды Еркін шоферіне. Аулада кемінде он шақты ит жүр. Иттігін білдіріп соның біреуі қыңқ деп үрген жоқ. Машинадан түсе қалғанда дәп бір сексеуілдің арасына кіріп кеткендей болдық. Өйткені, ошақтың басына, қол жуғыштың қасына, есіктің маңдайшасына, қақпаның екі басына арбитып-арбитып арқардың мүйізін қаға беріпті. Біз шаң-пұңымызды қағып, беті-басымызды сүртіп, өзімізше дабырласып жатқанда, үйден шашын ақ шалған мұртты кісі жүгіріп шығып, өлең айтқандай айқайлап кеп амандасты. Жас шамасына қарағанда, сол елудің есігінде жүрген адам, өңі майлаған бидайдай күреңіте жылтырап, тоқтық байқатады. Жүріс-тұрысында сахнаның, бидің қимылы бар, тым ширақ. Өзі де сорғалап тұрған сөз екен, алты ауыз амандық айтудың арасында біраз жерге ағып барып келді. Қауқылдасып үйге кірдік. Киімдерімізді қоянның терісін сыпырғандай жалма-жан шешіп алып, ауызғы бөлмедегі шаңырақтай арқар мүйізіне ілді. Содан бұлың-бұлтың біраз бөлмелердің бәрін басып өтіп, тұп-тура төргі үйге ертіп келді де, оң жақтағы төсектің жамылғысын түріп жіберіп: Сен, айналайын, қонақ шығарсың, мына Алатау аюының үстіне отыр, деп маған төрдің төбесіне аю терісінен жасалған есіктің еніндей көрпе төседі. Ал, Еркін, сен қасқыр болмасаң да, қасқырдай жігітсің, мына Жоңғардың аңына мін, деп Еркінге қасқыр терісімен тысталған көрпе тастады. Ал, сен, шопыр бала, бойың қарыстай болса да, барыстай баласың, Балқаштың барысына қонжи, деп оған барыс көрпе салды. Жапырылып жата қалдық. Ал, енді мен бес минуттай ұшты-күйлі жоғалып кетем, алаңдамай, қарындарыңды сипап, әңгіме соғып жата тұрыңдар, деп Әдібай далаға шығып кетті. Үш жыртқыштың үстінде үшеуміз жап-жалпақ, жап-жалпақ боп сұлап жатырмыз. Ал, қасқыр бала, әңгіме айт, дедім Еркінге бұрылып. Әңгімені жаңағы арқардың өзі айтады. Бұ аңшылардың үйінде адамның шын әңгімесі қиыспай, қиюы кетеді. Ал өзі бүлк етпей отырып, астыңдағы аюды алты күн әңгімелеп береді, деді ол. Түлкінің қызылы өзінің соры дегендей, анау түлкіні көрдіңіз бе, жаңа ғана қарға аунап тұрғандай құлпырып тұр. Сорлы соншама көздің жауын аларлық қағына қызыл болмаса ғой, бір жерде нанын тауып, күнін көріп жүрер еді, міне, енді Әдібайдың жаман төсегінің тұсында сойған түлкідей ырсиып тұр. Әй, бірақ, Әдекең тышқанға да түсе береді, деп барыстың үстіндегі қарыс өзінше философия соғып жатыр. Осы кезде Ассалаумағалейкүм! деп, үріккен танадай бір бала кіріп келді. Жаңағы арқардың баласы екендігін түрі айтып тұр, амандастық. Ізінше әкесі келіп: Ассалаумағалейкүм демекші, менің бір қызығым бар. Оны енді насыбай атып алып айтпасам, айта алмаймын, деп шақшасынан сол қолының алақанына насыбайдың бытырадай он шақты түйірін төкті де, саусағымен шымшып алып барып астыңғы ернінің үстіне мытып жіберді. Сосын шақпақ шаққандай алақанын шарт еткізіп бір соқты да: Болар бала боғынан белгілі дегендей, мен қырқымнан шықпай жатып осы аңшылыққа құмар болдым. Содан бертін келе ауылдағы атышулы аңшыларға жалынып-жалбарынып жүріп, бір күні солармен бірге аңға шықтым. Тау асып, тас басып, көп жүрдік. Содан тентіреп, осы біздің үйдің биіктігіндей жартастың түбіне келгенде, жігіттер: Сен, бала, тап осы жерде тапжылмай, мына жартастың басын көздеп отыр. Біз арғы беттен бір топ арқарды алдымызға салып алып, тура сенің мылтығыңның аузына қарай айдаймыз. Соның бәрі осы жартастың үстінен артыңдағы жартасқа секіріп өтеді. Сол аптобозға мінгендей асып-сасып үстіңнен секіріп жатқанда, бір көзіңді қысып алып шытырлатып құлата бер. Бірақ бәрін шетінен қыра бермей, жілігі татитын сорпалығы бар бітеу бүйендерін ат, деп кетіп қалды. Оқтаудай он алтыншы мылтыққа ортан жіліктей бір оқты сығып салып, тоқ ішектей сұқ саусағыммен шүріппені сипап қойып, жартастың басына қадала қарап отырмын. Тырс етсе, тарс еткізер түрім бар. Дымымды ішімнен алып, кірпік қақпай қадалуым сонша, шекемнен шып-шып етіп суық тер шығып, таңдайым құрғап кетті. Осы отырысыммен бір шай қайнатымдай қыбыр етпедім, жыбыр еткен арқар болмады. Ет асымдай отырдым, баяғы жартас бір жартас, арқар жоқ. Көп отырып қалдым. Әлгіндегі кірдің суындай бұлыңғыр күн қарауыта түсіп, жота-жотаның үстімен қаңғып бара жатқан бұлттар көріне бастады. Бұ жарықтық таулы жерде бұлт деген бұтыңның арасында жүреді емес пе, дәп самайымның астынан түтілген түбіттей шүйде-шүйде боп өтіп жатыр, арқар жоқ. Арқарды күте-күте жалықсам керек, бір кезде аузымнан суым ағып, балбырап қалғып кетіппін. Сөйтіп жырғап ұйықтап отырғанымда бірдеме дәл төбемнен тасыр ете қалды. Көзімді ашып алсам, жартастың үстінде сақалы сапсиып арса-арса болған бір шал тұр. Ұялғанымнан Ассалаумағалейкүм, ата! деп едім, әлгі екі дүниеде көгермегір қақпас тасыр-тұсыр еткізіп үстімнен бір-ақ қарғыды да, тұяғынан от шығып, дүбірлетіп ала жөнелді. Ұйқылы көзіммен байқамаппын, сөйтсем, әлгі сұмпайым шал емес, арқардың дәл өзі екен. Ізінше жартасқа жүгіріп шығып қарасам, әлгі шалым мүйіздері арбадай боп көз жетер жерде сабап барады екен. Мен көздегенше көзден ғайып болды. Әкем қаңғытып тастап кеткендей қатты ыза боп келіп орныма отырдым. Бір кезде алқынып-аптығып жігіттерім жетіп келді. Бірі тұрып: Өй, қарабасқыр-ау, неге атпадың жаңағы арқарды? деді. Шал екен деп қалдым. Ауылда шалдар сәлем бермесең, жер-жебіріңе жетіп ұрсады. Қарасам, Әупік ақсақалдан аумайтын бір шал тұр Ассалаумағалейкүм, ата! деп едім Әй, ит-ау, шалың не? Тіпті әкең болса да атпадың ба? Өй, шошқа-ау, шалда соншама мүйіз бола ма? Өй, құдай төбеңнен ұрғыр-ау, шал сонадан сонаға секіре ме? Өй, ақымақ-ау, шалдың төрт аяғы бола ма?! Иттің ғана баласы! Міне, көбігі қалқылмаған бір қазан ет басыңнан аттады да кетті. Кедейдің ауызы кер ауыз деген. Өй, езуіңді Әлгілер осылай жаңағы арқарға кәдімгідей күйінді. Беттеріне қарасам, мені жеп қойғалы тұр. Өздері де телім-телім боп әбден шаршаса керек. Біреуінің арқасында бір құшақ тікен жүр. Қалпақтарын жерге ұрып, жаныма отыра қалып еді, бастарынан бу бұрқ-бұрқ етеді. Жаным ашып кетті. Енді ғана басылып, етек-жеңіндегі тікендерін тазалай бастап еді, мен қарап отырмай: Өй, әлгінде өздерің семіздеуін ат демедіңдер ме? Жаңағы шалдың қай жерін жейсіңдер, көк шандыр, деп бұлтарған болып едім, біреуі күйіп кетті білем: О, шалыңмен қосып әкеңнің дәп!.. деп қатты боқтады Сондағы жігіттер қазір сол арқардай арса-арса болып қартайды. Осы күнге дейін кездесіп қалса, ұстап алып, бір сағаттай ұрсады, деп тоқтады Әдекең.