Өлең мен әңгіме бір журналдың дәл ортасындағы екі беттің оң және сол жағынан кездесті.
Өлең дегбірсіздене:
ــ По, мына әңгіменің шалқалап жатқан жатысы-ай, етек жеңіңді бір жимайсың, әйтеу, - деп өзінің төрт бұрыш денесіне қарап мақтана сөйледі.
ــ Мен қалайша етек-жеңімді жиямын, мені қаламгер деген жаратушымыз кең қолдық істеп, осылай жаратқан, - деген әңгіме, өзінің жап-жалпақ денесін көрсетіп көсіле жатты.
ــ Жаратушы осылай жаратты деп, бар дүниені жалпағыңнан басып жату керек пе? Бір өзің мен сияқты он шақты бауырым сиятын жерді алып жатырсың, мына заман қай заман? Қысқалықты дәріптейтін заман! - деп жеңілтек мінез, өткір тілді өлең өршелене түсті.
ــ Ұзын-қысқа болуды сол жаратушының таланты мен ой деңгейі біледі, - деді әңгіме түсіндіріп.
ــ Өте дұрыс, біздің жаратушымыздың ойы ықшам болғандықтан, мені осылай төрт аяғымнан тік тұрғызып, әп-әдемі етіп жаратқан, - деп мақтанды өлең.
ــ Сендер сол ойдың ықшамдылығы деп жүріп, ылғи шектемеге ұшырайсыңдар, ой, мазмұн жағынан біз сияқты көсіле шаба алмайсыңдар!
ــ Пәлі, менің поэма, толғау, дастан деген ағаларым да шектемеге ұшырап, ойын толық жеткізе алмай ма? Біз бір шумақпен бір әңгіменің айтпақшы ойын жеткізе аламыз?
ــ Әрине солай, десе де, менің повесь ағам мен роман атамды білгенің жөн.
Мұны естіген өлең сәл кібіртіктеп барып, жеңілтек мінезіне тағы басты.
ــ Өлең елінде роман жоқ деп кім айтады? Бар! Өлең романдар бар ғой...
ــ Жарайды, оны мойындаймын, бірақ, олар бір-бір кітап қой, біздің трилогия деген үлкен жанұялы түріміз тағы бар. Оған бүкіл бір тарихи кезеңді сыйғызуға болады.
ــ Біздің арғы бабаларымыз болып келетін батырлық жырлар мен ғашықтық жырлар, жыраулар жырлары да сенің трилогияңнан қалыспайды.
ــ Түу, мына тіліңе шоқ түскірдің сөзін-ай, бойың бір қарыс, қалыппен өлшеп қойған төп-төрт бұрыш болып бой беретін түрің жоқ қой өзі?!
Мұны естіген өлең тіпті ашуға басты.
ــ Төрт бұрыш дейді, өзі жайылып жатып, біздің сонау Абай баба жаратушымыздың «Сегіз аяғынан» тартып, бүгінгі Омарғазының ақ өлеңдерін де төрт бұрыш деп айта аласың ба?
ــ Жарайды, жарайды, бұл сөзіңе мойынсалмын, біз орынсыз ерегесті қойып, аға-інідей болып өтуіміз керек қой, - деді әңгіме байсалдылықпен.
ــ Кім аға, кім іні, қане, айта қойшы? - деп жабысты өлең әңгімеге.
ــ Сенің дүниеге менен бұрын келгенің рас, ал, мен сенен кейін жаратылсам да көлем жағынан үлкенімін, өлең жолдас! - деп түсінік айтқан болды әңгіме.
ــ Ойпырай-ә, көлемдімін дейді, әрине, жас жағынан мен үлкенімін әрі ағамын!
ــ Жарайды, ағасың, аға... Ау!
ــ Сыншылар ең алдымен бізге қаптап, бізді көкке көтеріп мақтайды, бұған қалай қарайсың? - деп кеудесін ұрды өлең.
ــ Ол айтқаның дұрыс, сыншылар бізге қарағанда сендерге көп шүйлігеді. Себебі, сендердің мінездерің шәмкес, тілдерің ащы, басқалардың қитығына оңай тиесіңдер, - деп күлді әңгіме.
ــ Сендер ше?
ــ Десе де сендерге қарағанда жұмсақпыз, естісем, бұл күндері өлеңнің өтімі жоқ деген қауесет бар сияқты.
ــ Бұған мен кінәлі емеспін, ең алдымен қаламгер, одан соң оқырман жауап беруге тиіс! Ал, мен сияқты төрт аяғынан тік тұрып, жұтынып тұрған өлеңді оқымаған оқырман есалаң!
ــ Рас айтасың, бұл жағдай біздің басымызда да бар.
Өлең ары-бері ойланып, мына бір істі көлденең тартты.
ــ Біз әр жылы жыр мүшайрасы деген дабыралы жарысқа қатысып, сыйланып жатамыз, сендерде «әңгіме мүшайрасы» деген болған ба? ...Ха ...Ха... Ха...! ــ өлең төрт аяқтап тұрып күлді-ай кеп.
ــ Бізде мүшайра болмаса да, сыншылар өз бағасын беріп, халық асықпай оқып, өз ойларын айтып жатады. Ал, бұдан кейін «әңгіме мүшайраса» болатындығына сенемін. Меніңше, екеу ара бірлікке келіп, адамзатқа рухани азық бағыштайық! Бұған қалай қарайсың, егер, мақұл болсаң әкел қолыңды! - деп сөзін аяқтаған әңгіме жалпақ алақанын өлеңге ұсынып еді, өлең бас бармағын бүгіп, төрт саусағымен ғана қол жалғады...
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: yorksj.ac.uk