Массагет ұжымы сіздерге Бағашар Тұрсынбайұлының сатирасын ұсынып отыр. Аталған сатирада юморлық сарында студенттік кездің қызық-шыжығы сөз болады. Жас сатирик күлдіре отырып, ойландырып тастайды. Ойнатып отырып ойдағыны айтады.
Қазіргі адамға адам амандаспай өте шығатын заманда мен өзіңе екі қолымды жарыстыра созып амандасам. Бұл менің саған деген адамдық құрметім ғой аздаған. Әй, Қалтеке, қалай, томпайып қалжыңдарға тойып жүрсің бе? Сатира сарбаздарының тоқпақтарымен желкелілердің төбесін ойып жүрсің бе, а? Әр жұма сайын өзгені қайдам, әйтеуір өзім « Қ.Ә » - ні алып, өзіңді ақтарамын. Ішінде тілге тиек етіп, күлкіге медеу қылатын табылып жатса, маған сол бақыт. Сен үшін қуанып, төбем көк тірей сақтап, үйге келе жатқанда, келесі жолы мен де «Қалжыңқалтаны» базарлыққа толтырмасам деп ойлап қайтам.
Сені Қалеке десем бе, Қалтеке десем бе? Қалай болса да жарасатын сияқты, ә?! Менің қазіргі сырласым өзіңсің, Қалтеке. Кейде әзілдеріңді ақтарып отырып, ішінен терең ой тапқан кезімде, «па, шіркін, мынаның егесі кім екен» деп, сүйсініп қалам. Егесі демекші, иең қалай? Аман – сау ма? Осыдан бір – екі ай бұрын амандасып шыққаным болмаса, әлі көргенім жоқ. «Қылықтылар қымсынбайтын» иеңді көрген кезде, мен қымсынып қалам. Қалай қымсынбайын, желкесіне күдірейіп шығып алған шашымен қоса не еркелеткені не еркелетпегені белгісіз жылдам айтылған сөздері қабат қадалған кезде қан тамырларымның бәрі қысылып, бозарып кетем. Көкейімдегі ойым, тілімдегі сөзім қашып, кекештеніп қалатыным да сондықтан. Әй, сол бірақ, өзіне жараса ма, қалай? Еге болғаннан гөрі жаттықтырушы болғаны ұнайды маған. Бойыңды түгел қыздырып ап, жаттығуға кірісуді ептеп сол кісіден үйреніп келеміз ғой. Қалтеке, ешкімге айтпа, өзінен сұрашы, қалталарды ғана емес адамдарды да жаттықтыра ма екен? Жеке жаттықтырушым болса. Бірақ... мендейлерге орын табыла қоя ма екен?
Сенің осы үлкен ағаларыңды айтам да, бәрі шетінен сен тұр, мен атайын еді ғой. Осекең ше? Оспанхан Әубәкіровты айтам. Бір өзі – бір әлем екен ғой. Ол кісі туралы «слухтарды» «Кадр мәселесін ...мәселесі шешіп жүрген» Ғаббас Қабышұлы, адамның да, аттың да сыншы болған Қажытай Ілиясұлы сияқты күлкі генералдары айтып жүр ғой аңыз ғып. «Ащы – тәтті мұңы мыңғырған мың сан өлең – хикаяның автор» Мыңбай ақсақалдың да айтары алда дейді білетіндер. Мені кім, қайда шақырады екен. Барып өнерге бөлеп, күлкіге көміп кетейін деп, тыпыршып әрең отырса керек. Талай жүйрікті бабына келтірген, талай дүлейді орнына түсірген, «Инабаты иірім» Үмбекең де сондай дүбірге құлағын тоса жүреді екен.
Анау «келе жатқан Көпен» ше? Ол кісіні көргенде сахнада адам емес, танкі тұр ма деп қалам. Ауыр артилерия боп бір өзі сахнада тұрып, айтқан сөзі – атқаны, залдағы шулай соққан шапалақ пен қыран – топан күлкі «атқанының» «жарылысы» сияқты көрінеді.
«Жуан Жұдырықтың» егесі, шақпа тілді Мұхтар Шерімнің де мұртын балта шаппайды дейді бұл күнде. Толымбек деген де бір сардарың бар емес пе еді?! Багажы ылғи пародияға толып жүретін ағамыздың қорамсабы толған сай кез оқ болар. Әй, Қалтеке, сатира ауылы ес біліп, етек жиғалы атап келе жатқан бірінші сәуір де кеп қалды. Сардарлар мен сарбаздардың басын қосып күлеміз бе? Жауап күтем. Сәлеммен сенің тілеулесің: Бағашар.
Сурет: azattyq.org