Бір күні Қожа май сатып алу үшін базарға барады. Әйелі оған бір кесе беріп: - Мына кесеге еріген май құйғызып әкел, - деп тапсырады. Қожа май сатушыға келеді. Қожекең майды ыдысының шамасынан көбірек алады. Ол майды кесесіне құйғызады. Бірақ май кесеге сыймай, асып кетеді. Сол жерде сатушы: -Май кесеңе сыймайды. Қалғанын қайда құямыз? - дейді. Қожа жалма-жан кесесін төңкеріп жіберіп: - Қалғанын мына жағына құй! - деп, кесесінің түбіне құйғызып, Қожекең сол бойында кесені ұстап үйіне келеді. Алдынан әйелі шығып: -Майды мұнша неге аз алдың? - деп сұрағанда, Қожа: -Жалғыз бұл емес, мына жағында да бар, - деп, кесені тағы да төңкеріп қалады. Сонымен, кесенің түбіндегі аз ғана май да төгіліп қалыпты.