Қал-ағаңның айтқандары

Қал-ағаңның айтқандары

Түркістан газетінде жарық көрген белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлының Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың белгілі драматургі, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов туралы мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

«Ара» журналында қызмет істеп жүргенде Қалтай Мұхамеджановтың өз аузынан біраз әңгімелерін естіген ем.

– Қал-аға, мен осыларды жаза берейін де, – дедім бір күні оңашада.

– Тоқа-ау, әуелі мен аман-есен өліп алайын да, сосын асықпай жаза бересің, – деп менің әңгімемнің артын күлкіге айналдырып жіберген еді әулие кісі.

Ол абыздың да арамыздан кеткеніне біраз жыл болды. Аракідік «Қал-ағаң айтты» деген кейде бұрмалауы бар, кейде басқаға телігені бар әңгімелерді оқып қалам. Қалай дегенде де қарамағында жеті жылға уақыт қызмет істеп, өзінің айтуынша «Ақ мылтығы» болған менің ол кісі жайында азды-көпті жазуға құқым бар секілді. Соның бірнешеуін назарларыңызға ұсынамын.

«ИТ ТЕ СҮЙЕКТІ АРТЫНА ӨЛШЕП ЖҰТАДЫ»

«Араның» қабылдау бөлмесіне кіре бергенім сол еді, сонда отырған қыздар шу ете түсті:
– Толымбекте бар, Толымбекте бар, – деп.
Қабылдау бөлмесінде ерсілі-қарсылы теңселіп жүрген Қал-ағаң кілт тоқтады да:
– Әй, Тоқа, қалтаңда жиырма сомың бар ма? Бар болса бере тұршы, – деді әй-шәйсіз.
Кеңестің дәуірі, сомның уақыты. Қал-ағаңнан аяйын ба – қалтамнан шығарып, жиырма сомды бердім. Оны ала салды да, қарсы бөлмедегі Қазақстан Журналистер одағына – Мадрид Рысбековке кіріп кетті. Бәріміз аңтарылып қарап тұрмыз. Кіруінен шығуы жылдам болды ағамыздың. Қабағында жақтырмаған кірбің бар.
– Бұл да бармайды. Тоқа, жүр, Валераға кеттік, – деп мені қолтықтай жөнелді.
Ілестім. «Валерамыз» 12-қабаттың ең астындағы «коктейль-бар». Жолай әңгіме айтты.
Екеуміз екі коктейльден тартып алдық. Ыңғайсызданып отырған мен:
– Қал-аға, тағы біреуін алайын да, – деп, үлкенге ізет көрсетіп, орнымнан тұра бергенім сол еді, қолымнан шап еткізіп ұстай алып:
– Тоқа-ау, «Ит те сүйекті артына өлшеп жұтады» ғой, менің де сүйегім өзіме мәлім, осы маған жетеді, – деп Қал-ағамның өз ақшама өзіме коктейль әпергені бар.

«ДЖУАН КОЛБАСАНЫ ДЖОНЫП ДЖЕП ДЖАТЫРСЫҢДАР МА?»

Қал-ағаң жұмысқа келгенде:
– Қалай джігіттер, джағдайларың джақсы ма? – дейтін сол кезде «Ж»-ға «Д»-ны қосып айтатындарды кекетіп.
Бір күні «Араның» жауапты хатшысы марқұм Сайлаубек Жұмабековтің бөлмесінде, жұмыстың соңында кішігірім «жетім қыздың» тойын жасап жатқанбыз.
– Есікті жаптыңыз ба? – деген сұрағыма: «Қорықпа, қатырдым» дегендей Сәкең екі көзін бірдей жұмып, басын шұлғып, бас бармағын қайқайта шошайтты.
Апыл-ғұпыл боп жатқанымызда кенет есік сарт етіп ашылды да ар жағынан Қал-ағаң көрінді. Не істерімізді білмей қатты сасқалақтадық. Ауыздағыны жұта алмай, қақалып-шашалып тұрған пұшайман түрімізді көріп, Қала-ағаң сыр алдырмай әдеттегідей қалжыңға басты.
– Қалай джігіттер, джуан колбасаны джонып джеп джатырсыңдар ма? – деді түк болмағандай газет-дастарханымыздағы шала туралған шынында жуандау шұжыққа көзін тоқтатып.
– Келіңіз, Қал-аға, келіңіз, дәм алыңыз, – деп, барымызды ұсына беріппіз бәріміз ыңғайсыздықты жуып-шаюдың ретін таппай.
– Жарайды, ала беріңдер. Әй, Толымбек, бері келіп кетші, – деді де мені соңына ілестірді.
Дәлізге шыққан соң маған:
– Біз сендердей кезімізде бұл бәлеге нан турап жеген адамбыз. Оған ештеңе айта алмаймын. Ең болмаса есіктеріңді бекітіп алсаңдар қайтеді. Айналаның барлығы адам аңдыған анталаған арыз ғой, абай болсаңдаршы, – деп лифтіге қарай беттеді.
Шын мәнінде қатты ұялып қалдық.

«АРА» ЖАБЫЛҒАНЫ – ҚАЗАҚ КҮЛКІСІНІҢ ҚАРА ЖАМЫЛҒАНЫ»

Газет-журналдар жаппай жабылып жатқан кез. Қағаз жоқ, қаржы жоқ. «Араға» да тықыр таянды. «Әне жабылады, міне жабылады» деген қауесетпен оянып, уа­йыммен ұйықтаймыз. Бас редакторымыз – Қалтай Мұхамеджанов. Бір жағынан ол кісінің бедел-абыройын ойлаймыз да, «Араны» жаптырмайтын шығар деген үмітке жүгінеміз.
Бір күні Қал-ағаң осы мәселеге байланысты «Не бүк қылам, не шік қылам» деп артынып-тартынып, Орталық Комитетке кетті. Тақымды қысып редакцияда біз қалдық. Келді түс қайта. Менің кабинетім 12-қабатта, лифтінің тура қарама-қарсысында болатын. Есік ылғи ашық. Кімнің келіп, кімнің кетіп жатқаны көрініп тұрады.
Қал-ағаң келді. Жүзінде жеңістің белгісі бар. Көзінде қуақы күлкі ойнайды. Сөзінде де жеңімпаздықтың желі еседі. Шұбап кабинетіне кірдік.
«Ара» жабылмайтын бопты. Сонда Қал-ағаң не айтқан дейсіз ғой.
– Қағаз жоқ дейсіңдер, бізге жәй сары қағаз де жетеді. Анау дүкендердегі май орайтын, ет орайтын сары қағаздар да жарайды бізге. Сонымен-ақ журналды шығара береміз. Бізге сол қағаздарды беріңіздер, бәрібір оны орайтын ет те, май да жоқ қой. Ал «Ара» жабылғаны қазақ күлкісінің қара жамылғаны емес пе? – депті.
Осылай бір ауыз сөзбен «Араны» аман алып қалған еді.

ТҮРІКТЕРГЕ ЖАУАБЫ

Қал-ағаң Түркияға барып келді. «Заман» газетіне, «Ара» журналына қатар редактор боп жүрген кезі. Түріктердің студенттерімен кездесуде болып қайтқан. Сол кезде бізде «Азия» деген газеттің де шыға бастаған кезі. Кездесуде бәрін байқап, оқып, тоқып жүретін түрік студенттері Қал-ағаңмен болған шырайласуға риза бола отырып, қосымша сұрақтарды бұрқыратады кеп. Соның бірінде:
– Сіздердің Азияға түк те қатыстарыңыз жоқ. Соған қарамастан неге «Азия» деген газет шығарып, Азия­ны меншіктеп отырсыздыр? – дейді оқымысты студенттер.
Қал-ағаң әдеттегідей саспайды. Тарих жайлы әңгімені қозғап болған соң:
– Баршаға ортақ аспандағы Ай біреу ғана. Ал, неге сіздер жалғыз айды меншіктеп, туларыңызға «байлап» алғансыздар? Ол туралы ешкім өкпе айтып жатқан жоқ қой, – деп бір ауыз сөзбен тойтарыс берген.

Сурет: qaznews.kz

Н. Айдархан