Деген екен...

Деген екен...
Фото: el.kz
Қалтай Мұхамеджановқа біреу: 
– Қалеке, проза неге жазбайсыз? Әсілі, талаптанып көрдіңіз бе? – деп сұрапты. Сонда Қалтай: 
– Көрдім. Бірақ пьеса болып кете береді, – деген екен. 

*** 
 
Алматыда якут-саха әдебиетінің күндері өтіп, Қазақстан Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде дастархан жайылады. Әріптестер бір-бірімен әзілдерін жарастырып арқа-жарқа болып отырғанда, саха меймандардың бірі сөз алып: 
– Біз ежелден қанымыз да бір, шыққан тегіміз де бір туысқан халықпыз. Мына ұлан-ғайыр далаларыңызда ұжымымыз жарасып, бірге ғұмыр кешкен кездеріміз болған. Бірақ, сендер, қазақтар бізді осы кең далаға сыйғызбай қуып тастағансыңдар! – деп, үлкен өкініш-өкпе сияқты ойын айтады. 
Достық көңілдің дастарханында мұндай сөздің айтылғанына екі жақтың да адамдары ыңғайсызданып қалады. Сол кезде, Қалтай Мұхамеджанов отырып: 
– Ау, бауырым-ау, ағайын арасында өкпе-наз деген бола береді ғой. Бірақ, өздеріңде де бар, қуды екен деп сонша алысқа қаша бере ме екен! – десе керек. 

*** 

Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметін атқарып жүрген кезінде Қалтайды Республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаев қабылдауына шақырыпты. 
– Қалтай, осы Олжас екеуіңнің басың бір қазанға сыймай жүрген сияқты, саған басқа бір қызмет тапсырайын. Анау кинокомитетінің бастығы Ләйла Ғалымжанқызына орынбасар болып барсаң қайтеді, – дейді. Сонда Қалтай: 
– Рахмет, Димеке, мен екі бірдей қатынға қалай орынбасар боламын! – десе керек. 
– Қалайша екі әйелге орынбасар боласың! – деп, Димекең таңданыс білдіреді. 
– Енді, Димеке, жұмыста Ләйлаға орынбасар болсам, үйге келген кезде келініңізге орынбасар болсам, менің не тамтығым қалады?! – депті Қалтай. Димекең бұл сөзге мырс етіп бір күліп алыпты да, Қалтайды Киномотографистер одағының төрағасы қызметіне тағайындатыпты. 

*** 

Қалтай оқырман қауыммен кездесу өткізіп жатса керек. Әр түрлі сұрақтар қойылып, оған Қалтай әдеттегідей ұшқыр да тапқыр жауаптар беріп тұрады. Сонда бір кекселеу әйел Қалтайды сынамақ болып: 
– Карл Маркстің «Капиталын» қысқаша қалай түсіндіріп берер едіңіз? – деп тосын сұрақ қойыпты. Қалағаң болса еш мүдірместен: 
– Айналайын, қарағым, Маркстің үш томдық «Капиталында» айтылған ойды біздің қазақ баяғыда үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеп қойған. Жай түіндемей, халықтың санасына өшпестей етіп сіңіріп жіберген. Ол үш ауыз сөз былай айтылады: бірінші томдағы ойды «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген; екінші томдағы ойды «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген; үшінші томдағы ойды «Бай байға құяды, сай сайға құяды» деген. «Капиталдың» қысқаша түйінін енді түсіндіңіз бе?! – деген екен. 
Ел аузынан жинаған:
Ақселеу Сейдімбек. 
Т. Раушанұлы