- Негізгі бет
- Сатира
- Бейбіт Сарыбай. Сары...
Бейбіт Сарыбай. Сары аптобыз
Қайран сары аптобыз. Таңғы сағат 8:00-де кететін. Аудан орталығына. Түскі бірлер шамасында келетін. Аудан орталығынан. Екілерде қайтадан тартып отыратын. Тағы да сол аудан орталығына. Одан кейін бес пен алтының ортасында соңғы айналымын жасап тынатын.
О заманда әркімнің тақымында бір-бір машина болмайтын. Алматыға баратындар осы сары аптобызбен аудан орталығына баратын. Сол аудан орталығының автовокзалынан екорысқа (икарус) мініп әрі қарай кететін. Келерде де солай. Бірінші сол екіорыспен аудан орталығына жететін де, сол аудан орталығынан осы сары аптобыз арқылы ауылға келетін. Содан болар кімнің қашан, қайда, не үшін кеткенін елдің бәрі біліп отыратын. Қазір олай емес. Ауыл тұрғындары түннің бір уағында кете салады, таңда келе салады. Әркімнің астында жеке көлік. Кімнің не істеп жүргенін білмейсің. Ал ол кезде басқаша еді. Сары аптобыз келер уақытта орталық дүкеннің алдындағы аялдамада жүрсеңіз болғаны... Бәрінен хабардар болатынсыз. Бейшара сарғайып келе жатушы еді ғой.
Кейде қолың боста сол жерде отырсаң сары аптобыс келіп тоқтай қалады. Ішінен ауылдастар түсіп жатады. Ішінара ауыр сөмке көтерген тәтелер де түседі. Ауыр-ауыр сөмкелерін түсіреді. Демек қаладан келген. Қаладан келгендерді көбінесе ташкы сүйреген, есекке, атқа арба шеккен балалары күтіп алады. Егер күтіп алатын ешкімі болмай қалса үйіне дейін сөмкесін апарсып жібересің. Үйіне жеткесін рахмет ретінде қолыңа бір уыс тәттісін, екі-үш алмасын ұстатып жібереді. Сенің күткенің де сол. Рахаттанып жейсің. Бір күні Ерлік, Ербол, мен үшеуміз Пәрида тәтенің сөмкесін үйіне дейін көтерісіп бардық. Үшеуміздің қолымызға үш алма ұстатып жіберді. Үшеуі де көк алма екен. Алма дегеніңіз біздің ұғымымызда не сары, не қызыл болады. Апорт пен лимоннан басқа не көріп ек? Ал мынауыңыз көк алма.
Ербол бірден:
– Шикі екен,- деп кесіп айтты.
Ерлік екеуміз шикілігіне қарамастан періп алдық. Шикі дейтіндей емес, тәп-тәтті. Дәмі тіл үйіреді. Ербол жемеді. Ішім ауырып жүрер деп қауіптенді ме, әлде ақыр жылына бір жегесін піскен алма жейін деді ме екен:
– Пісіріп бірақ жеймін,- деді. Оны қайтіп пісірмек болды дейсіз ғой. Биік теректің басына өрмелеп шықты да қолындағы алманы кендір жіппен күн жақсы түсетін бір бұтағына байлап қойды. Алма піссе теректе тұрып піседі да енді. Піскенге дейін күтемін деді. Бізге қатаң ескертті.
– Сендерден басқа ешкім көрген жоқ, осыдан алма жоғалса екеуің жауап бересің,- деді. Біз келісім бердік. Оның үстіне ол құсап теректің ұшар басына шығатындай батырлығымыз да жоқ. Үш-төрт күнде, ұзаса он күнде пісіп қалар дедік. Бірақ оған дейін шыдау деген сұмдық қой. Ақыр соңы не болды деңіз. Он күн қайтіп шыдар екен деп Ерболдың төзіміне бола бас ауыртқанымыз бекер екен. Ертесі күні-ақ тағдыры шешілді. Жеуге қимай, пісіріп бірақ жеймін деп терекке іліп қойған алманы қарғасы бар, кептері бар, торғайы бар, қайсысы екенін кім білсін, сол қанаттылардың бірі шоқып жеп тауысып кетіпті. Ішің кепкірдің баласы бүйтіп қорланғанша, жей салсаң нең кетер еді. Ішің кебер ме еді? Іш кебеді демекші, ол ешқандай да шикі алма емес екен. Кәдімгі піскен алма екен. Өзінің сорты сондай болса керек, піссе де көкпеңбек болып тұрады екен. Сөйтіп Ерекем бұйырмағанды бұттан жіберген еді. Айтпақшы айтарымыз бұл емес еді ғой. Сары аптобызбен-ақ біраз жерге кетіп қалуға болады екен-ау. Негізгі әңгімеге оралайық.
Сол сары аптобыз біздің ауылдастар үшін ауыл мен әлемді байланыстыратын құдірет еді және әртүрлі тағдыр арқалап жүретін. Мысалға Мажақ ата үшін бұл сары аптобыз келместің кемесіндей еді. Өйткені Қапшағай көлінде аяғы тартылып суға кетіп, қайтыс болған баласын соңғы рет осы сары аптобызға отырғызып жіберген. Ал Күлиә апа үшін бұдан аяулы көлік жоқ. Әскерде жүрген жалғыз ұлы Германиядан келгенде осы сары аптобыздан түскен. Күлия апа сол жалғызын аудан орталығынан емес, Германиядан әкелгендей сары аптобызды айналып-толғанып күн кешті.
Талай ауылдас өзінің жақындарын осы сары аптобысқа қимастықпен отырғызып жіберген. Талайын сағынышпен осы сары аптобыздан күтіп алған. Алматыдан ауылын сағынып келе жатқандар ауыл мен Нарынқолдың ортасындағы 10 шақырымда осы аптобыздың ішінде отырып тағаттарын тауысатын. Тезірек жетсек екен деп. Е-е-е, бұл сары аптобызыңыз тағдырларды ғана емес, алуан-алуан сезімдерді де тасып жүруші еді ғой.
Қазір ойлап қарасам осы сары аптобызға отырып кеткендердің барлығы ауылымызға шетелдік көлік мініп оралыпты. Үйлі-баранды болыпты. Ал, сол кездің кереметі болған сары аптобыз бірте-бірте жоғалып тынды...
Бейбіт Сарыбай
@. @assel_assanova