Курстасымыз Біржан Үсенов өте тиянақты жігіт еді. Оқуға түскен алғашқы күндерде-ақ гитарамен ән айтып, қыздарды «қырып салған» оның тазалығы — бөлек әңгіме. Аптасына екі рет моншаға баратыны өз алдына, сенімен сөйлесіп отырып, қайта-қайта қолын сабынмен жуып келгенде өзіңнен-өзің қысыла бастайсың. Шалбарының қыры сынбайды. Бөлмесі айнадай жарқырап тұрады.
Сол заманда студент үшін үлкен байлық саналатын тоңазытқышы да бар. Арамызда дені дұрыс бөлме алған да жалғыз Біржан. Сондықтан кіл «бытовкада» тұратын «перваштар» әжетханаға барсақ та, душқа түсетін болсақ та Біржанның бөлмесіне барамыз. Шашып кететініміз өз алдына, шығып бара жатып, оның тоңазытқышына үңіле кетуді де өзімізге парыз санаймыз. Мұндайды кім жақсы көрсін, Біржан да бізден қашқақтап тұратынды шығарды. Күн сайын «ет бар ма?», «сабын бар ма?» деп кіріп баратын бізді оңай қайтаратын болды. Бір қызығы, біз секілді «Жоқ» деп дүрс ете қалмайды, орнынан тұрып келіп, «Жаным-ау, менде жоқ қой...» — дейді көзін жыпылық-жыпылық еткізіп. Түрінің аянышты болып кететіні сондай, іздеп жүрген нәрсеңді тапсаң, әуелі Біржанға әкеп бергің келіп кетеді.
— Жігіттер, мен түс көрдім, — деді бір күні өзіміз әңгімелесіп отырғанда Бақыт Әметаев. Селк ете қалдық. Өйткені Бақыт «түсті» ылғи біреуге «арнап көретін». «Бұл жолы кім нысанаға ілінді екен?».
— Түсімде Бекжан мен Бауыржан сүзісіп жатыр екен.., — Бақыт әңгімесін жалғады, — Бекжан Баукеңді сүзіп тастады. Содан соң Әлжанды шақырып, оны да қапы қалдырды. Одан кейін Ербол мен Әділжан да кетті. Бекжан құтырған бұқа секілді сүзісетін адам іздеп тұр. Бақыт сәл пауза жасап, жан-жағына қарап алды.
— Ай, енді кім? Біз шулап жатырмыз.
— Содан Бекең айнала шолып тұр, — Бақыт қулана күліп алды, — бір кезде анадайдан Біржан көрінді. «Ей, Біржан, кел, сүзісеміз», — деді Бекжан түйіле қарап. Бақыт тағы әңгімесін кілт үзіп, су ішті.
— Ары қарай не болды? Кім жеңді? Ай, айтсайшы тез...
— Не болсын? — Біржан Бекжанның алдына тақап келді де: «Жаным-ау, менде мүйіз жоқ қой...» — деді көзін жыпылық-жыпылық еткізіп.Бақыттың тура салғаны сондай, көз алдымызға Біржанның бет-әлпеті келе қалды. Ду ете қалдық. Біржан орнынан атып тұрды да: «Тотияйын...» — деді Бақытқа қарап. Сол күннен бастап Бақыт «Тотияйын» атанып жүре берді. Ал біз біреуге сұрағанын бергіміз келмегенде «Жаным-ау, менде мүйіз жоқ қой...» — деп «мөңіреп» шыға келеміз...