Батыр жасау бизнесі

Ит сатып көрдім. Ит дегенің он теңгеден «оптом» алып, бытырлатып он бес теңгеден сататын (шіркін!) шемішке емес екен. Шыр жұқпады. Иттеріме кінә жоқ, итше күшіктеуін күшіктеді. Бірақ шайдан қалған шайындым олардың қорегіне жетпеді. Ақыры, иттей болып жүріп ол шіркіндерден құтылып тындым. Ең соңғы қалған тұқымды төбетімді сүйек-саяқ сатып алып тұрған қасапшыға қарызымның өтеуіне төледім.

Бит сатсам деп ойланып көрдім. Бит деген жарықтық сары ауруға таптырмайтын дәру ғой. Осыны қанша айтсам да қаншырдай қатқан қатын құрығыр түсінбеді. Аяқ астынан пысықтығы ұстап, тотыдай таранып, әлеке тазыдай жаланып, бит дегенде ит көрген ешкі көзденіп ежірейіп шыға келді. Атасы астаудағы суға тұншығып өлгендей бес баламды бауырына қысып, ваннадан шықпай жатып алғаны. Күнде жуынған ол байғұсқа биті құрығыр қай бетімен тақасын. Өртенген қопадай бес тал шашы бар жарғақ басым бұл бизнесті өркендетіп жарытпады.

Ақыры ойласа келе елде жоқ бизнесті өмірге әкелдім. Бизнестің түпкі мақсаты – табыс табу. Ал мен ештеңе сатпай-ақ та көл-көсір пайда таба аламын. Және жұрт сияқты кәсіп айналдырғаным үшін не Үкіметке, не мемлекетке бір тиын салық төлемеймін. Өйткені, менің бизнесім елде жоқ бизнес, яғни, «батыр жасау бизнесі». Әрине, табысы шаш-етектен болғанымен, бұл ретте де біраз еңбектенуге тура келеді. Текке отырғанша бейімі барларға бизнесімнің қыр-сырын баяндай отырайын.

«Батыр жасау» бизнесін қолға алмас бұрын ең бірінші беделді бір руға «барлау» жасайсың. Ол рудың ішінде Кеңестің кезіндегі «комонес», егемендікпен бірге есін жиып, тегін түгендеп жүрген бір-екі «самопал» молда сосын бір-екі биліктің тізгінін ұстаған атқамінер әкім, бес-алты банкир, бизнесмен болса – Құдай тілеуіңді берді дей бер.

Мысалы, рудың аты Шауыпкел болсын делік. Бірінші аудандық газеттің бетіне «Шауыпкел атамыздың есімін шаң басып қалғаны ма?!» деген сықпыттағы көлдей мақаланы «ұрып» жібересің. «Есте жоқ ескі замандағы әлдебір хан-патшаның бас батыры болған Қырыпкел батырдың шөпшегі еді, ескерусіз қалғаны сүйекке таңба… кешегі «келмеске кеткір» Кеңес үкіметінің солақай саясаты бабамыздың атын әдейі айтқызбады… енді есімін ескеріп, ерлігін насихаттамасақ елдігімізге сын» деген «намысқа шабар» сөздерді тықпалауды ұмытпасаң, іс бітті!!! Келесі күні әлгі «көмөнес-молдаларың» табалдырығыңды тоздырмаса, маған кел! Олардын қолында төрт атасына барып тірелетін шалағай шежіре болады. Осы «шежірелердің» бәрін асықпай жинап, бесінші, алтыншы, жетінші бабасын өзің ойлап табуыңа тура келеді. Оларды апарып Шауыпкел-бабаның кіндігінен таратасың. Әлгі әкімдер мен бизнесмендер шыққан аталарды міндетті түрде текті жердің қызы, аталы тұқым бәйбішеден туғызасың. «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес», ру ішіндегі жарлы-жақыбайларды тоқалынан таратқаннан келіп-кетер қауіп жоқ. Осылай «шежірені» бір шегендеп алған соң, қалған жұмыс – «мақала» жазу. Аудан газетінің бас редакторына бір шиша құйып қой да, «ертегілер» циклін шұбырта бер. Әдетте «әпсаналардың» тақырыбы былай болып келеді: «Шауыпкел батырдың Бөгенбаймен белдесуі»… «Қабанбаймен қалжыңдасуы», «Шақшақ Жәнібектен шақша сұрауы»… «Райымбекті райынан қайтаруы», «Қарасаймен қарсыласуы», «Қалмақты қырғаны», «Жоңғарды жойғаны» т.с.с… Осымен сенің шаруаң бітеді де, қалғанын ру ақсақалдары өздері-ақ тындырады.

Нәтижесі – газетке шыққан көлдей мақалаларың шалдардың шалдыр-шатпағымен «толығып», республикалық баспадан түрлі-түсті болып жарық көреді. Сенің көрсетуіңмен баяғы көп совхоздың бірінің ең шеттегі нүктесінің қозы суаратын жасанды су қоймасы бұдан былай «Шауыпкел шоқысы» деп аталатын (революцияға дейін солай аталған деп қоясың) жерге барып ас беріледі («Тап осы жерде атамыз қалмақтың жеті батырын жер жастандырған екен» деп қойсаң, халықтың саған деген құрметі еселене түседі). Астың соңында «атамыздың аруағын тірілткен тарлан тарихшы, шынайы шежіреші» ретінде саған Шауыпкелдің банкир шөпшегі автокөліктің кілтін табыстап, бизнесмені қажылыққа жолдама беріп, ауылдағысы ат мінгізбесе, «тіпу» деп бетіме түкір. Ол, ол ма, қалыңдығынан сөре қайысатын сере кітаптарыңды тай болмағанмен тайыншаның құнына сатасың да отырасың. Кемі он жылдық азық. Ең ғажабы, осы «шаруалардың» бәрі біткенше әлгі рудан шыққан әкімдердің есігі айқара ашық. Теуіп кіріп, Үкіметтің жеңілдігі ретінде орталықтан ойып тұрып төрт бөлмелі пәтерді тегін аласың. Ал Шауыпкел батырға көше беру идеясына ауданның «құрметті азаматы» есебінде қол қойсаң жарап жатыр, ондай мазасыз жұмыспен бас ауыртып қажеті жоқ. Алда-жалда ескерткіші ашылып жатса «мұның бәрі еркіндіктің арқасы» деп екі сағат «есіріп» қайт, ештеңең кетпейді. «Шауыпкел батырдың 300 немесе 200 жылдығына (келтірген «деректеріңе» қарай мерейтой датасы өзгере беруі мүмкін) арналған ақындар айтысының» бас қазысы болатыныңды «бонус» деп түсін.

Обшем, бұл бір «құпиясын» ашатын дүние емес еді, бірақ, ит сатып, бит сатып жүрген байғұстарды көріп жаным ашыған соң жария еттім.

Құрметпен,

пайдасы белшеден, батпан құйрық

бизнесті өмірге

әкелген автор Абылай МАУДАНОВ.