Анатоли Тружин(Ресей)
Сол күні тастанды көліктің ішіне түнедім. Әлгі автокөліктің маторы, тізгіндегіші, дөңгелектері де жоқ болатын. Есіктері де құлыптанбайды. Жалпы ол жарамсыз қоқыс ретінде тастанды болған темір-терсек еді.
Бұларды неге тәптештеп айтып отыр дейсіз, өйткені дәл сол күні ауыр жол апаты болды. Түннің қою қараңғысы айналаны бүркеп тұрған. Таудай джип күре жолда зымырап келе жатты. Менің «көлігім» жолдан жүз метрдей қашықтықта, су ығыстыру шұқырының ішінде жатқан. Ал, әлгі джип көлігі жолда кетіп бара жатыр, жолдың екі шетінде темір тор да бар еді. Ол маған соғылмауға тиіс еді. Бірақ, жүргізуші удай мас екен. Сөйтіп әлгі көлік ұшқан күйі келіп менің «көлігімді» соқты.
Міне, бұл сол түнгі жол апатының барысы. Олардың әлгі таудай көліктеріне ештеңе де болған жоқ, ал менің уақыттық баспанамның күл-талқаны шықты.
Көліктегілердің бәрі сыртқа шықты. Олар төрт адам екен. Бәрінің бойлары биік, әлпеттері сұсты екен. Көліктерінен түсе сала маған айғай салып, дүрсе қоя берді: «Сенің мұның не, иттің күшігі?!»
Мен олардан кешірім сұрадым, бірақ олар менің сөзімді елеп те тұрған жоқ: «Қарашы... қарашы сенің не істегеніңді? Сенің басқа көлік тоқтататын жерің жоқ па? Бізге 4000 доллар төлейсің!» деп бұйрық соқты.
Мен: «Менде жоқ» дедім.
«Бұл... Онда біздің шаруамыз жоқ, сен... сен дачаңды сат» деді.
Мен: «Менде жоқ» дедім.
«Ондай үкімет салып берген үйіңді сат!»
«Ол да жоқ!»
«Онда біз... сенің балаңды аламыз!»
«Менде бала жоқ».
«Біз сенің... сенің әйеліңді аламыз!»
«Әйел де жоқ».
Олар мұны естіп дереу бастарын қосып, бұл іске ақыл-айла ойластыра бастады-ау деймін. Олардың бірі: «Оны өлтіре салғанымызбен ештеңе түсіре алмаймыз, өйтсек абыройдан жұрдай боламыз, ондай істі жасауға болмайды».
Бұқа мойын тағы бірі: «Маған құлақ салыңдар, біз оған дача, үкімет үйін, автокөлік сатып алып берейік. Оған тағы біраз ақша да берейік. Онан соң ол көлігін айдап келіп бізді соқсын. Ол бізді соққан соң оның барлық дүние-мүлкін тартып аламыз. Сосын оны өлтіре салуға болады.»
Іле ішіндегі зиялы кісіге ұқсайтын бірі кеудесін қағып: «Ағайын, сенің басқа талғамың қалмады. Біз ақылдастық, 3 күннен соң біз ақшаны, көлікті, үш бөлмелі әлеуметтік үйді және дачаны саған тапсырамыз» деді.
Ол тағы: «Біздің соңғы шешіміміз мынау, төртінші күні түстен кейін сағат дәл үште мен осы арада боламыз, сен келіп маған соғыласың, бірақ, есіңде болсын, қатты соғылуға болмайды».
Мен жуынып, сақал-мұртымды алып, басымнан бақайыма дейін таза киімдер ауыстырып кидім. Өйткені, олар мені өлтірген соң жерлеп қоюға келіскен-ды. Оның үстіне анау-мынау емес, қаладағы қабірыстанға жерлейтін болған. Сағат дәл үш болды. Уәде бойынша келіскен жерге жетіп бардым. Бірақ, олар маған кездесуден бұрын тағы бір көлікті соғып тас-талқандары шығыпты. Ол маңды сақшылар мен жедел жәрдем қызметкерлері қоршап алыпты.
Қазір менде дача, кең тұрғын үй, көлік бар. Ақшам да әжептәуір. Тастай салайын десем қимаймын. Бірақ, кім мені өлтірмек болса оның бодау төлейтіні сөзсіз.
Қараңыз, мен осындай «бақытты жол апатына» ұшырадым.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: nipic.com