Жұртшылығымыздың соңғы кезде маңызды мақалаларды оқымайтын боп кеткені біз үшін орны толмас өкініш екені өзінен-өзі түсінікті. Әйтсе де, біз өзіміздің басқа мақалаларымызбен еліміздегі күрделі мәселелерді шешу жолындағы ортақ іске лайықты үлес қосып келеміз. Біз ең әуелі еліміздің мәдени және экономикалық дамуын жүзеге асыру үшін не істеу керектігін анықтап аламыз.
Қазір бізге бірдеңелер жетіспейді. Ал бірдеңелер жетіспеген елде береке де, тәртіп те бомлайды.
Бізге бірдеңелердің жетіспейтінін бәрі де жақсы біледі. Бірақ біздегі алауыздық бірдеңелердің жетіспейтінін түсінгендіктен емес, ненің жетіспейтінін түсіне білуде ауызбірлікке қол жетіп отырған қазіргі кезеңде бізге ненің жетіспейтінін анықтап алу оңай болатыны бәрімізге де үлкен медеу. (Ұқтыңыздар ма?.. Өте жақсы!)
Бізге бірдеңелердің жетіспейтінін консерваторлар да, интеллигенция да, қарапайым көпшілік те түсініп отырғаны – ұлттық бірлігіміз бен ынтымағымыздың жарқын көрінісі емес пе!
Бізге ненің жетіспейтінін түсінгеннен кейінгі жерде не жетіспесе де – мейлі, еліміздің еңсесі бәрібір көтеріле бастайтынына шүбәміз жоқ.
Адам атаулыға әрқашан бірдеңе жетпей жүреді. Сол сияқты қоғамға да бірдеңелер жетіспей жатады. Бұл ақиқатты біз өзіміздің бүгінгі қоғамнан ғана емес, елімізде бізге дейін өмір сүрген қоғамдардан да көреміз. Яғни, бұдан бізге бірдеңелер баяғыда да жетіспеген, қазірде де жетіспейді, келешекте де жетіспейтін болады деген құрыштай қорытынды туады.
Сонда бізге нақты неменелер жетіспейді?
Міне, біз осы мәселені толық шешкен күні, яғни, осы сұраққа толық жауап тапқан күні еліміздің күрделі мәселелерінің бәрі де өз-өзінен реттеледі деп батыл болжам айта аламыз.
Біздің бәрімізге бірдеңелер жетіспей отырғандықтан, біз алауыздық атаулыны түгел ұмытуымыз керек те, бізге неменелердің жетіспейтінін жатпай-тұрмай ойласуымыз керек.
Құрметті оқырмандар, сіздер мұндай «бірдеңелерді» бұдан бұрын оқып көрдіңіздер ме, көрмедіңіздер ме?
Әзиз Несин