- Негізгі бет
- Сатира
- Әзиз Несин. "Алаңғасарлар...
Әзиз Несин. "Алаңғасарлар жасасын!"
Түрік стиригі Әзиз Несин үйдегі ұсақ мәселелермен ер адамның басын ауырта бермеу керек екенін және жұмыскерлердің жауапсыздығын сатира тілімен өте жақсы жеткізген. Оқыңыз, күліңіз, ой түйіңіз.
Таңертең қызметке жиылып-теріле бастағанымда, ол да бастады-ау:
– Саған қақсағанымызға, міне, үш күн болды, сонда да қаперіңе кіріп шықпайды... Үйде бір түйір ірімшік қалмады! – деді.
Үш күн болса қайтейін! Ақшасыз қақсағанынан не қайыр?
– Иә, ірімшік әкелдің бе? – дейді кешке. Мен трагик актерше маңдайымды алақаныммен сарт еткізіп, «Түһ! Ұмытып кетіппін!» деймін.
Жол табылды. Таңертең басымды изеп-изеп шығамын да, кешке баяғы әніме басып, «Түһ! Ұмытып кетіппін!» деймін.
Бірақ әкемнен де қулық қалмаған екен. Үшінші күні «Иә, ірімшік әкелдің бе?» деген дәстүрлі сұрақтарын ести сала алақанымды ыңғайлай беріп едім, әкем менше «Түһ» деп кейіді де, жанындағыларға жабырқай қарап, «Ол ұмытып кетіпті» деді.
Әдісім адыра қалды.
Келесі күні таңертең қырынуға кірістім.
– Ірімшік ала келуді ұмытпа!
– Жарайды.
Бәтеңкемді киіп отырмын.
– Қант сатып алуды ұмытпа!
– Жақсы, жақсы!
Сыртқы есікті аша бердім.
– Әй, шығып кеттің бе? Кофе, кофе!
– Кофеге не болды?
– Таусылып қалды.
– Әкелем!
Сыртқа шықтым. Сытылған-ақ шығармын деп қуандым. Терезені тырсылдатты.
– Е, немене?
– Оқыралап барасың ба? Бері кел, зәйтүн майы керек.
– Әкелем, әкеле-е-ем!
Қайырылмай кете бердім.
– Әй! Үйде бір түйір күріш те қалмады, ала кел!
Міне, олар мені күнде таңертең осылай шығарып салады. Менің қарам үзілгенше арт жағымнан әмірлі тапсырма қарша борай береді:
– Ә-ә-әй! Шалбарыңа бау алуды ұмытпа. Тәуірінен ал! Ұмытпа!
– Бесінші шамның шишасын ал!
– Кәрәсінге пілте керек!
Пәледен қашқан машайықтың кебін киіп, жүгіре басып бұрышты айналып кетемін. Сол сәтте соңымнан бір балақай қуып жетеді.
– Апам айтты...
– Не айтты?
– Сарымсақ та бітіп қалыпты.
– Оған сәлем де. Есіне түскендерінің тізімін жасай берсін. Басқасын кешке ала келем.
Осылай жұмысқа барамын. Барғанмен не тындырғанымды сезіп отырған шығарсыздар, ойымда да көз алдымда да тек: ірімшік, май, сарымсақ, шалбардың бауы, т.б. тұрады.
Бүгін де кеңсеме осы «жарықтықтарды жамыратып ала кірдім». Басымды бас емес, азық-түлік пен дүние-мүлік дүкені дерсің...
Кешке жіберіп үлгере алмаған бір шұғыл қатынас қағаздарды дереу реттеп, тиісті орындарға аттандырып, «уһ» деп дем алып отырған бір әредігімде бөлмеге директор кіріп келді. Беті безеуленіп, мұрны делиіп кеткен. Маған бір қағазды ұсынып:
– Мынау не? – деді.
– Қағаз...
– Оқы! Дауыстап оқы!
Бөлмедегі, машинистка, хатшы, қызметкерлер – бәрі елең ете қалды. Мен қағазды алып, оқи жөнелдім. Бас басқармаға. Пәленбай күнгі түгенбай нөмірлі бұйрығыңызға жауап. Шұғыл түрде шұқшия тексерілуге, нақты шара қолданылуға тиісті жайттардың бәрін жөнге келтіріп, алдыңызға жайып салып отырмыз. Осыған орай мына мәселелердің басын ашып берсеңіз екен:
– Шаруаларға арнап шығарған ірімшіктің бізге қажеті шамалы, себебі бағасы тым қымбат сияқты;
– шалбардың бауын Махмұт-паша ауданындағы кезбе саудагерлерден сатып алған жөн;
– котлетке деген 250 грамм сиыр етін тұтас бермей, екі бөліп беру керек.
– шамның шишасын сатып алғанда, өткен жолғыша сынығын ала салмай, бүтінін таңдап алу керек;
– сабынның қымбат екенін ескеріп, сабынды суды беталды төге салмай, тағы да кір жууға пайдалана білу керек;
– кофені үнемдеу үшін оның самасын екінші рет қайнатып ішу қажет.
Бұл документті сізге жолдағандағы мақсатымыз басшылыққа алынып, көпшілікке таратылып, орындалуы қадағаланса екен дейміз.
– Сонымен, бұл немене? – деп директор тағы ежірейді.
Ресми документті басымдағы барыммен толтырып, айдалаға лағып кеткенімді түсіндім.
– Саған не болған? – дейді директор.
– Білмеймін, – деймін.
– Сен сандырақтасаң сандырақтаған шығарсың, ал бастығыңның қол қойғаны несі?
– Жауапсыздығы! – деп бұрқ еттім.
– Мейлі, солай-ақ болсын... Ал хат бөліміндегілер ай қарап отыр ма?
– Олар да бетімен кеткен!
– Мейлі, олар бетімен кетсе кете берсін, ал директордың орынбасары не бітіріп отыр?
– Омалып қалсын!
Директор сәл-пәл ойланды да:
– Бәрі де байқамай қалған болды. Ал мен ше? Бұл былжырақты бас директорға қалай ғана жібердім екен?! – деді.
– Иә, бұл енді...
– Немене-е-е?!
– Қатып кетті!
– Ал егер бас директор сенің бұл шатпағыңды оқымастан министрге жолдап жіберсе қайттік?
– Онда құрыдық! – деп бөлмедегі бәріміз шу ете қалдық.
– Жоқ, біздің су ішеріміз бар екен, бас директор асығып-үсігіп жүріпті де, бұл документті министрге деген конвертке салмай, бір көңілдес әйеліме деген конвертке салып жіберіпті.
– Уһ!
– Ал почтадағы алаңғасарлар ол әйелге деген хатты маған жіберіпті. Министрге жолдаған пакет ұшты-күйлі жоқ боп кетті.
Бәріміз де көңілденіп, серпіліп қалдық.
Алаңғасарлар жасасын!... Рас, кейде олардың «арқасында» газеттерден «Пәленбай мекемеде жалақы үнемдеу мақсатымен жиырма екі қызметкер жұмыстан босатылды. Олардың орнына үш жүз адам алынады» – деген хабарландыруды оқимыз. Оқасы жоқ. Өмірде бәрі де болады!
@. @assel_assanova