«Ақылына көркі сай» деген әдемі сөз бар. Осы әдемі сөз кімге баланса, сол қыз әдемі сияқты көрінеді. Көрінбейді, шындығында солай. Өйткені біз бұл сөзді тек қана өзі әдемі, өзі ақылды қыздарға қолданамыз. Бұл сөз мың рет қолданса, мыңын да сол өзі әдемі, өзі ақылды қыздарға ғана қолданып келдік. Қызықпыз, иә?
Мен кеше пропкада тұрғанда осы сөздің айналасында ойландым. Жоқ, кешіріңіз, бұл сөз бәріне қолдануға келеді. Тек қана өзі ақылды, өзі сұлу қыздарға қолданылсын деген заң жоқ қой.
Мысалы бомждың да ақылына көркі сай. Ол ақылсыз ақылсыздығынан қаңғыбас болып, ішіп кеткен. Сол ақылына сай көркі де ыңғайланған... Көзі көгерген, беті іскен, шашы додаланған, үсті кірлеген.
Парақор тоғышардың да ақылына көркі сай. Беті табақтай, қарны қабақтай, ырс-ырс етіп отырады. Жан-дүниесінің бос екені мағынасыз көзінен көрініп тұрады.
Мысалды алыстан іздеп не қыламын, менің де ақылыма көркім сай. Аса бір данышпан да емеспін, соған лайық красавчик те емеспін. Тупой да, урод та емеспін. Аз-кем көркімді алып жүре алатын ақылым бар. Темекі тартқанда тұрған не бар деген ақылдағы кемдігім, бүтін бетімнің тегістігіне нұқсан келтіріп, бұжырлантып тастады. Беттегі кемшілігім, ақылдағы кемдігіме сай болды.
Онша емес түрін қайта-қайта селпилететін қыздың да ақылына көркі сай. Сол кемшілігін жасырудың орнына, жарнамалауы, бағамдай алмауы да сол ақылдың кемдігі емес пе?
Һәм Серік Абас-Шах ағамыздың да ақылына көркі сай. Необычный логика, необычный түр.
Бекжан Әшірбаев көкеме де осылай айтуға болады. Ол кісі аса сабырлы адам. Асықпау керек дейді, оның ақылы. Содан болса керек, бет-жүзінде тұнған бір тыныштық бар. Ол кісі кірпік қаққанша күн төбеге көтеріліп үлгереді. Ол кісі темекісін тұтатқанша, сіз жартысын шегіп үлгересіз. Ол кісі Банкке барып, электронды өшірет алмақ болып, өзіне қажет конпканы басқанша 452 нөмірлі тұтынушы ақшасын төлеп шығып бара жатады.
Ел алдына гриммен шығып жүрген «кейбір» әнші қыздардың да ақылдары көркіне сай. «Вроде» әдемі сияқты. Гримсіз онша емес. «Вроде» ақылды көрінеді...
Сахнада түрлі образдарды сомдап жүрген «кейбір» актерлердің де ақылдары көркінде сай. Төле бидің гримін салсаңыз Төле бише төрелік айта алатын данышпан. Гримін сүртіп тастағасын баяғы қалпы. Бекжан Тұрыс ағамыздың бетіне бомждың гримін жақсаңыз бомж. Гримін сүртіп тастағасын баяғы парасатты Бекжан болып шыға келеді.
Ақылына көркі сай шал мен кемпір болғанға не жетсін, иә?! Барлығыңыз сондай болуыңызды тілеймін. Бірақ болу-болмау өз қолдарыңызда...
Бейбіт Сарыбай